АҚСАҚАЛЫ АЙТТЫ, АУЫЛЫ МАҚҰЛДАДЫ
Бірде апам көшеде жүре алмай бара жатқан бір кісіні көрсетіп «Балам, араққа сылқия тойып алған анау адамды қарашы, теңселіп әрең жүріп барады. Ал адамдар оның зиянын көз алдына мысал етіп көрсетсе де көргісі жоқ. Ішімдікке қаншалықты әуес болсаң, тірлігің де анау кісінің жүрісіндей шатқаяқтай береді» деп еді. Ол кезде ойын баласымыз, қазір көшеде сыраға сылқыя тойып, теңселіп бара жатқан бір адам көрсем, санамызда сақталған анамның осы бірауыз ақылы есіме орала кетеді. Рас қой, тым артық пайдалансаң, ішімдіктің ішкі ағзаға қаншалықты зиян екенін медицина да дәлелдеп отыр. Ал оны тым артық пайдаланудың басы неден шығады, әрине, көрсеқызарлық пен мақсатсыз бағыттан. Болмаса өмірінде бірінші рет ішімдік ішіп көрейін деп тұрған адамның сол пәлені сүйсініп ішіп отырғанын көрдіңіз ба? Асыл дініміздің оған «Харам» деп түбегейлі тыйым салуының себебі сондықтан.
Айта берсек, арақтың зияны жайлы мағлұмат көп, тек соны түсінетіндердің де қатары қалыңдаса дейсің ғой. Мен Түркістан облысында орын алған бір жағдайды көппен бөлісіп, оқырманнан сүйінші сұрағым келіп отыр. Осы бір дәстүрді өз өңірлеріңізде қолға алсаңыздар, сол авторға берген сүйіншілеріңіз деп білемін.
Түркістан облысындағы ауылдардың бірінде арақ-шарап сатып алу мүмкін емес. Ішімдіктен бас тартуды Жетісай ауданына қарасты Алмалы ауылының ақсақалдары ұсынған екен. Үлкені айтқан сөзге құлақ түретін ауыл жастарынан айналдым. Аузы дуалы ақсақалдардың бірауыз сөзі бүтін бір ауылдың берекесін кіргізіп отыр. Мұндай шешімге бірауыздан тоқтағанына өкініп отырған алмалылықтар жоқ, керісінше «Бұдан тойымыз азайып, көңіліміз кеміп қалған жайымыз жоқ» дейді тұрғындар.
Қазіргі таңда аталған ауылдан алкогольді сусындарды табу – қиынның қиыны. Жергілікті дүкен иелері ішімдікті сатудан осыдан 10 жыл бұрын бас тартқан көрінеді. 160 үй түтінін түтетіп отырған ауылда осы уақыт ішінде тек той-томалақтарда ғана ішетіндердің де саны азайып, қылмыс пен құқық бұзушылықтар дерегі айтарлықтай кеміген. Елді мекен халқының спирттік ішімдіктердің зиянын жете түсінгенін осыдан-ақ аңғаруға болады. Ал ақсақал айтқан ұтымды ұсынысты бүтін бір ауылдың мақұлдауы алмалылықтардың ауызбіршілікпен, ынтымақпен күн кешіп жатқанын аңғартады. Ауыл тұрғыны Таңат Әмірхановтың айтуынша, алькогольді ішімдіктерді сатудан бас тартуды жерлесі Елеусін ата ұсыныпты.
– Барлығымыз бір ауыздан ол кісінің ұсынысын қолдай түстік. Енді біздің ауылда барлық жастар іспен айналысады. Қылмыс та азайды. Тұрғындардың көбі мүлдем ішпейді. Ақсақалдың айтқан сөзіне тоқтап, ақылын алғанымызға ешқашан өкінбейміз. Керісінше игі бастаманы жалпықазақ эстафета есебінде жалғастырып кетсе, біз қуанамыз. Сондай-ақ мұны жалғастырған елді мекен халықтарының ешқандай зиян көрмейтініне сенемін. Арақ-шараптың денсаулыққа да, тұрмыстық жағдайыңа да кері әсерін тигізетінін отбасында тыңдап өстік. Бір жағынан жаппай қолдауымызға ата-анадан алған тәрбиеміз себеп болды деп ойлаймын. Қай ата-ана отбасында баласына арақ-шарап пайдалы деп айтады дейсіз, сондықтан мұны кез келген ауылда ақсақалдар жүзеге асырамын десе, жастары жалғап әкетеді деген ойдамын, – дейді ол.
Рас қой, қай ата-ана өз баласының жаман жолмен жүргенін қалайды дейсіз. Қоғамдағы тәртіпсіздіктің басым бөлігі осы ішімдік ішудің салдарынан болып жатқанын көріп те жүрміз. Осы ретте мен алмалылық ағайынның сөзін жүз емес, жүз бір пайыз қолдаймын. Бұл ауылда көп жылдан бері Ақсақалдар алқасы жұмыс жасайды. Алмалылық қариялар тұрмыстық ұрыс-керістерді, тұрғындар арасындағы кикілжіңдерді шешіп, тіпті ажырасуға бел буған отбасыларын қайта табыстырып жатады екен. Мұны ауыл халқы да жоққа шығарып отырған жоқ.
– Жалпы біздің туған жерімізде тәрбие, тағылым жөнінде жеткен жетістігіміз бұл емес. Отбасылық кейбір кейкілжіңдердің алдын алуда да ақсақалдар алқасының рөлі басым. Көп мәселелерді ақсақалдар шешіп жатады. Біз үлкендерді сыйлаймыз, олардың айтқанына құлақ түреміз. Сондықтан барлық ұрыс-керістер бейбіт жолмен шешіледі. Үлкендердің шешімі талқыланбайды. Одан еш жамандық көріп отырған жоқпыз. «Көп жасағаннан емес, көпті көргеннен сұра» деген қазақта сөз бар. Ал біздің қазыналы қарияларымыздың жасы да бар, көргені де аз емес, – дейді ауыл тұрғыны Қайрат Қалдарбеков.
Жергілікті Ақсақалдар алқасы арагідік жиындар өткізіп, күн тәртібінде тұрған мәселелерді де ортаға салады екен. Оның мүшесі Елеусін Жастаевтың айтуынша, ауыл ұлтымыздың сау, мықты болғанын қалайды. «Пәленің көбі ішімдіктен болатыны белгілі. Біз бастама жасап едік, ауыл тұрғындары қолдады. Ауылда өмір тыныш, ұрлық-қылмыс жоқ, жастардың дәм-тұзы жарасып тұр» дейді ол. Ақсақалдар алқасы себепші болған ауыл бастамасына жергілікті билік те оң баға беруде. Мақталы ауылдық округі әкімінің қызметін атқарушы Мейрамбек Әбдімәжитов Алмалының бұл бастамамен көршілес ауылдарға да үлгі болып отырғанын тілге тиек етті. Қариялардың өзі жастарды зиянды әдеттерден тиып, салауатты өмір салтын ұстануға себепші болуды мақсат етіп отыр.
Бұл – тек көрші ауылдар ғана үлгі алатын өнеге емес, жалпы отандастар тағылым алатын дүние. Неге осыны біздің Сырдың бойындағы ауылдар да жасамасқа, бізде де аузы дуалы, сөзі жүйелі қазыналы қариялар жетерлік. Олардың сөзіне құлақ түріп мақұлдайтын жастар да жоқ емес. Ендеше автордың сүйіншісін тезірек беруге асығайық ағайын.
Кенжетай ҚАЙРАҚБАЕВ