ЕР ЖІГІТ ЕЛІ ҮШІН ТУАДЫ
Тәуелсіздік алғаннан кейін мемлекеттің Қарулы Күштерін қайта жасақтау оңайға соққан жоқ. Өзге мемлекеттердегідей әскери қызметшілердің басым бөлігін келісімшартпен және мерзімді әскери қызметке сапалы жасақтау міндеттері тұрды. ҚР Қарулы Күштерінде қызмет атқару әрбір Қазақстан азаматының қасиетті парызы және міндеті болып еліміздің Конституциясында нақты көрсетілген. Яғни әскер қатарында қызмет етіп, Отан алдындағы парызын өтеуді міндет санаған, дәрігерлік сараптамадан жарамды деп танылған азаматтар әскери борышын өтеуге жіберілуі тиіс. Себебі туған жерді, елді, атамекенді қорғау – қасиетті борыш.
«Ер жігіт елі үшін туады» деген. Өкініштісі, бүгінде туған жердің топырағында жүріп, оны қорғауды азаматтық парызым деудің орнына, намысты жиып қойып, жалтарып жүргендер көбеюде. Негізі әр ер азамат Отан алдындағы борышын өтеуі керек. Бұл орайда мен өз отбасымды мақтан ете аламын. Өйткені біздің үйдегі ер азаматтардың бәрі – әскери қызметін адал атқарып, абыройға бөленген жандар.
Менің атам қазіргі Мәскеу қаласында әскерде болған. Ол кісі бізге үнемі өзінің басынан өткен қызықты сәттерін айтып беретін. Атамның айтуынша, ол кезде соғыс аяқталған. Әскери қызмет атқару мерзімі екі жылдық болған екен. «Бізге ол кезде жас едік, қанымыз бен күшіміз бойымызға сыймай тұрушы еді, тамақ уақытылы берілетін, жылы жерде жататынбыз. Таңғы 6-да тұрып жүгіреміз, жаттығулар жасайтынбыз» дейтін. Ол әскерге барған азаматтарды «Нағыз жігіттер» деуші еді. Атам әскердегі кезімді сағындым, егер мүмкіндік болса, тағы да барар едім деп сағына еске алып отыратын.
Атамнан кейін әкем де әскерге барған. Әкем әскери борышын Волгоград қаласында өтеді. Біз әкемізден әскердегі қызықты кездерін айтып беруді жиі өтінетінбіз. Әкем шебер суретші еді. Өз қолынан шыққан әдемі безендірілген әскери альбомдарын парақтай отырып, әскери өмірінен сыр шертетін. Оның айтқан естеліктері біз үшін әрі қызық, әрі үлгі-өнеге деп ойлаймын. Әкемнің жолын жалғап, Нұр-Сұлтан қаласында Отан алдындағы азаматтық борышын ағам да өтеп келді. Мен ағамның ҚР ІІМ Ұлттық ұланы әскери бөлімінде әскери борышын өтегеніне қуаныштымын. Өйткені ол жерге үлгілі, өнегелі, тәрбиелі жастар қабылданады. Ол – мен үшін зор мәртебе, әрі мақтаныш.
Біздің отбасы – үлгілі, өнегелі отбасы. Әрбір ер азаматтың міндеті отбасын, елін, жерін қорғау болса, ол міндетті менің атам да, әкем де, ағам да абыроймен атқарды. Сол үшін де менің бойымды қуаныш лебі мен мақтаныш сезімі билеп тұрады.
Зарина ӘБДІРАЗАҚ,
Ш.Ермағанбетова атындағы
№246 орта мектептің 8 сынып оқушысы