Мемлекеттік сыйлық енді Абай атымен аталады
Бұл туралы мемлекет басшы Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін жариялаған "Абай және XXI ғасырдағы Қазақстан" атты мақаласында жазды.
Президент аталған мақаласында биыл Абайдың 175 жылдығын елімізде кең көлемде тойлау жоспарланып отырғанын және ақынның еңбектері бірнеше тілге аударылып, "Абай" телесериалы түсірілетінін айтты.
Сондай-ақ, Мемлекет басшысы бұдан былай әдебиет және өнер саласындағы үздік шығармаларға берілетін мемлекеттік сыйлық енді Абай атындағы мемлекеттік сыйлық деп аталатынын жеткізді.
Ақын тойынан өнер саласы да тыс қалмайды. Республикалық және халықаралық деңгейде театр және музыка фестивальдары өтеді. Биылғы бәйгелер Абай шығармашылығына арналады. Әдебиет және өнер саласындағы үздік шығармаларға берілетін мемлекеттік сыйлық енді Абай атындағы мемлекеттік сыйлық деп аталатын болады, - деді мемлекет басшысы.
Сондай-ақ, Абайдың тұлғасы мен мұрасын ұлықтау шетелдерде де жалғасады. Ресейдегі, Франциядағы, Ұлыбританиядағы және басқа да мемлекеттердегі Қазақстанның елшіліктері жанынан "Абай орталықтарын" құру жоспарланып отыр.
baq.kz