» » Ұлы Абай – ұлттық идеологиямыздың тірегі

Ұлы Абай – ұлттық идеологиямыздың тірегі

«Egemen Qazaqstan» газетінен еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және ХХ ғасырдағы Қазақстан» атты аса көлемді, терең мақаласын оқып шықтым. Оқыдым да Абай әлеміне тағы үңілдім. Себебі біз, кемеңгер Абайды оқып өскен ұрпақпыз. Біз Абайдың өлеңдерін жастайымыздан жаттап өстік. Оның табиғат, махаббат лирикалары, нақыл сөздері жүрегімізде әлі күнге дейін сақтаулы. Осыларды оқып көкірегімізде тоқып ойымыз өсті, өрісіміз кеңейді. Кемеңгер жазушы Мұхтар Әуезовтің: «Қазақ жазушыларынан әрине Абайды сүйемін. Менің бала күнімнен ішкен асым, алған нәрімнің барлығы да Абайдан. Таза әдебиет сарынына бой ұрғанда маған Абай деген сөз, қазақ деген сөзбен теңбе-тең түсетіндей кездері бар сияқты» деген сөзі еске түседі.
Мен ұстаз-ғалым ретінде бүгінгі ұрпаққа, өскелең жастарға – Отанымыздың келешегін кемел етем деген жастарға: “Абайды оқыңдар, күн сайын сабаққа, жұмысқа барарда Абайдың кітабынан бір дана сөзді оқып шығыңдаршы!» деймін. Мысалы, Абай айтқан бес асыл іс пен бес дұшпанның өзі ойланған адамға қоғамды тазартар сүзгі емес пе? Біз бүгін ең қымбат егемендікті иелендік. Осы егемендікті сақтау, нығайтуға да Абайдың нақыл сөздері көмектесетін болады. Абай бізге алдымен адамның жан-дүниесін оңалту үшін керек. Мына алмағайып жаһандану заманында жұтылып кетпес үшін Ұлы Абай рухымызды, тіліміз бен ділімізді сақтайтын иммунитет күш болары сөзсіз. Сондықтан Президенттің Абайға көңіл бөлгені педагог ретінде мені қатты қуантты. Ұлы даланың болашағы үшін Абайды оқу – өте керек іс! Меніңше, Абайды білмеген қазақ өзін сауатсызбын, ақылсызбын, мәдениетсізбін деп санауы тиіс.
Президенттің бұл мақаласында қоғамның көшін бастайтын жастарға да ерекше мән берілген. Соңғы уақытта билік басына жаңа буын жастар келе бастады. Мұны мен өз басым дұрыс процесс деп санаймын. Алайда солардың ішінен өз халқын сүйетіндер, мемлекеттің мүддесін көздейтіндер, ұлтының тілін, тарихын, әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін, мәдениетін, өнерін жетік білетіндер, бағалай алатындар көп болса екен деп тілейміз. Жасыратын несі бар, осы күні телеарналарда, сахналарда азан-қазан шулап жатқан шоулар, арзан күлкілер мен сайқымазақтар, есте қалмайтын әндер, оның түкке тұрмайтын сөздері етек ала бастады. Әлемдік классикалық туындылар, сүйіп тыңдайтын ұлттық әндер, халық композиторлардың шығармалары аз насихатталатын болды. Экранда «жалаңаш жұлдыздар» қаптады. Аспандағы жұлдыздар жерге түсті. Қайсысы жұлдыз екенін біле алмай қалдық. Халық мойындаған ғалымдар, жазушылар жайындағы салиқалы әңгімелер азайып барады.Ү лкені де кішісі де смартфон ұстап үндеместің қатарын толықтыруда. Бала тәрбиесі де, оқу-білімнің сапасы да төмендеп кетті. Баланы әлдилейтін, тәрбиелейтін ана­лар­дың жұмыстан қолы босамайтын болды. Қызылтанаулап күн шықпай жұмысқа кетеді, күн бата келеді. Бала тәрбиесі кенжелеп барады. Бұл келешекте біздің қоға¬мымызда үлкен дертке айналуы мүмкін деп те ойлаймын.Сондықтан күйбең тіршіліктің күйімен кетпей «бесігімізді түзегеніміз» абзал. Абай салған сара жолмен жүретін болсақ, Абай көрсеткен биіктерге жетеріміз анық. Ұлы Абай шығармаларынан қазақ баласының салауатты тәрбие алып, ұлттық өсіп-өнуіне қажетті көптеген өсиет сөздерді табуға болады. Оның шығармалары мен қара сөздері қазақ халқын ғана емес, жалпы адамзат баласын екі ғасырдан бері рухани құндылықтарға жетелеуде. Осы жолда ұстаздар қауымы осыған назар аударуы тиіс деп санаймын. Рухани дем берген мақала менің де осы үдерісте жауапкершілік жүгімді еселендіре түседі.
Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы мақаласында Абайды әлемдік деңгейдегі ұлы ойшылы, ұлттық болмысымыздың үлгісі, жаңа қоғамның жанашыры, әлемдік мәдениеттің тау тұлғасы ретінде бағалап, Абай сөзінің бүгінгі заманымыз үшін де көкейкестілігі, Абай шығармаларынан алатын тағылым жөнінде де терең ой қозғайды. Қалың елді, ұлтты Абайша сүюге шақырады. Өз тіліңді де, өзге тілді де терең білу керектігіне тоқталады. Егемендігімізді нығайтуға, мемлекеттігімізді сыйлауға, елдің бірлігін сақтауға, заңның үстемдігін қамтамасыз етуге, әділетті қоғам орнатуға, халықтың үніне құлақ түріп отыруға, адамды мәртебесіне қарап емес, еңбегіне қарап бағалауға, татулық пен бірлікті берік сақтауға ерекше мән береді. Мақаланың ерекшелігі де міне осында деп білемін. Президент Абайды өз заманындағы іскерліктің ұйытқысы, еңбекқорлықтың мотиваторы ре­тінде, қазақ топырағынан шыққан әлемдік деңгей­­дегі кемеңгер ретінде таниды. Абай­дың молшылдық болмысына, терең филосо­фия­сына, қазақ мәдениетіндегі орнына айрықша тоқ­талып өтеді.
Мемлекет басшысы халқымыздың ұлы перзентінің мерейтойын лайықты атап өту үшін атқарылатын маңызды жұмыстарды да атап көрсетті. Биылғы жылы Абайдың 175 жылдығына орай халықаралық, республикалық және аймақтық деңгейде 500-ден астам іс-шара ұйымдастырылады. Оны қазір БАҚ жарыса айтып та, жазып та жатыр. Адамзаттың Абайының 175 жылдық мерейтойы – ортақ мереке, ұлы дүбірлі той. Бірақ біз Абайдың ойынан да, тойынан да тағылым алуға тиіспіз. Біздің басты назарымыз той тойлауға емес, ой ойлауға, ысырапшылыққа, даңғазалыққа бой алдырмауымыз керек.
Қорыта айтқанда, уақыт өтер, заман да адам да өзгерер, бәрібір түбінде қазақ халқы хәкім Абайға жүгінеді. Оның өсиетіне, аталы сөзіне келіп тоқтайды. Біз Абайдың тағылымына қарап, өз идеологиямыз бен рухани дара жолымызды және құндылығымызды өркендетуге қазірден ұмтылуымыз керек. Себебі Ұлы Абай – ғасырлар алмасса да бағасы артып, өлшеусіз қазынамызға айнала беретін қасиетіміз. Абай­дың гуманистік идеялары – адамзат өрке­ниетін байытудың негізі. Президентіміздің мақа­ласын оқығаннан кейін осындай ойға кел­дім. Сондықтан бұл мақаланың тарихи да, тәрбиелік маңызы да өте зор. Мақа­ланы әрбір азамат қайта-қайта зейін қойып оқып, ой өрбітіп, санаға тоқуы тиіс деп ойлаймын.

Бауыржан Иманғалиев,
филология ғылымдарының
кандидаты, доцент,
ҚР Мәдениет қайраткері,
Жалағаш ауданының
“Құрметті азаматы”

19 қаңтар 2020 ж. 641 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 767

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930