АБАЙДЫ ТАНУДА МӘНІ ЗОР
Биыл қазақ халқының бас ақыны, ұлтымыздың ұстыны Абай Құнанбайұлының өмірге келгеніне 175 жыл толып отыр. Халқына өзінің жыры мен қара сөздері арқылы жол көрсетіп, жөн сілтеген хәкім Абайды білмейтін қазақ жоқ. Тіпті Абай мұрасы елімізде ғана емес, өзге мемлекеттерде де зерттеліп жатыр. Демек, Абай тек қазаққа ғана емес, бүкіл әлемге жарығын түсіріп тұр. Бала күнімізден қазақтың болмысын «Абай жолынан» оқып, білдік, ұлтымызды таныдық. Бағыт түзедік, елдікке, ымыраға ұмтылдық, әлемнің өркениетті елдері бет бұрған көшке ілестік.
Данышпан Абайдың 175 жылдық мерейтойын биыл бүкіл ел болып атап өткелі отырмыз. Бұл құр дабыралы даңғаза емес, халқымызға, кейінгі ұрпаққа, тіпті адамзатқа берері мол рухани мәні зор шара, тағылым алар той болатынына сенемін.
Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұл жөнінде мақаласын жариялады. Мақалада қазақтың бас ақыны Абай Құнанбайұлының өмір сүрген қоғамын, айналасын, рухани қазынасын зерделеген сәулелі ойлар, келелі пікірлер айтылыпты. Иә, расында Абай әлі де зерттеуді қажет ететін тұңғиық теңіз, өлеңдері тереңнен сүзіп алатын інжу-маржан. Президент мақаласының соңын: «Біз Абайдың 175 жылдық мерейтойына қоғамдық сананы жаңғыртатын, бір ел, тұтас ұлт болып дамуымызға серпін беретін іс-шара ретінде зор мән беріп отырмыз. Бұл тойдың тұсындағы басты мақсатымыз бүкіл халықтың ұлт ұстазы алдындағы өзіндік бір есеп беруі іспеттес болуы тиіс деп білемін. Абай сыны – ауыр сын, сындарлы сын. Елбасы бастап, ел қостап, биік белестерді бағындырдық. Озық елулікке кіреміз деп мақсат қойдық, ол мақсатқа мерзімінен бұрын жеттік. Озық отыздыққа қосылуды межеледік. Ол межеге де жетеміз. Сол межеге жетуге де бізге Абай мұрасы көмек бере алады. Ендігі мәселе – біз Абайдың көмегін түсіне алдық па, зерделей аламыз ба? Ұлылықтың тойы ұлт алдындағы ұлы міндеттің үдесінен шығудың жолын іздеуге ұмтылдыруы тиіс. Әр азамат осы тойдың алдында еліміз, елдігіміз жөнінде терең ойланса дейміз. Абай бізге нені аманаттады? Абай бізден нені талап етті? Абай бізден нені күтіп еді? Абай елдің қай ісіне сүйініп еді? Сол сүйінген ісінен үйрене алдық па? Абай қазақтың қай ісіне күйініп еді? Сол күйінген ісінен жирене алдық па? Басқасын былай қойғанда, ақын айтқан бес асыл істі жүзеге асырып, бес дұшпанды бойдан қашырып жатырмыз ба деген ойдың төңірегінде толғансақ та талай жайға қаныға аламыз», – деп түйін жасайды.
Иә, расында, біз Абайды әлі толық зерттеп болған жоқпыз, толық таныған жоқпыз. Абай әлемі тылсымға толы. Сол тылсымға, тұңғиыққа терең бойлаған кезде санамыз рухани жаңғырып, елдігіміз нығая түсері анық.
Дархан ИЛЬЯСОВ,
Т.Жүргенов атындағы №123 мектеп-лицейдің тарих пәнінің мұғалімі