» » ЖАБЫҒА БӘЙГЕ БАЙЛАНҒАН, ЖІГІТ ҚЫЗҒА АЙНАЛҒАН...

ЖАБЫҒА БӘЙГЕ БАЙЛАНҒАН, ЖІГІТ ҚЫЗҒА АЙНАЛҒАН...


Биыл екінші рет өткізіліп отырған «Miss Virtual Kazakhstan» сұлулар байқауының шарты бойынша бойжеткендер фотосуреттерін әлеуметтік желілерге салу арқылы қатыса алатын. Міне, осы мүмкіндікті пайдаланған алматылық Илай Дягилев есімді ер бала өзін Шымкенттен шыққан қатысушы Арина Әлиевамын деп таныстырып, айтулы байқаудың  финал­дық кезеңіне дейін жеткен. Енді сәл болмағанда еркекті ару атандырып, күллі елге масқара бола жаздадық.
Бұл оқиғаға байланысты не айтуға болады? Қызтекелер насихаты қызды дейміз бе, жоқ әлде, әсіре сұлулыққа көзі байланған «әділ қазыларды» кінәлаймыз ба?
Адам баласының жалған өмірдегі жинайтын қазынасы зейнет нұры деп аталады. Алла нұрынан құр қалу ең зор қасірет. Пайғамбарымыз Аллатағаланың үш түрлі жанға нұрын түсірмейтіндігін айтқан. Соның бірі әйелге ұқсаған еркек немесе еркекке ұқсаған әйел.
Бүгінгі заманда тырыстырып шалбар киіп алған әйел баласын жастар ғана емес, жасы келген кісілердің де арасынан көптеп кездестіреміз. «Бөрі тартқан бөксем бар, иттен несін аяйын» дегендей, ашық-шашық, бұл­тың-бұлтың, қылтың-сылтың ­жү­ре­тін жасанды қыз-келіншектерді көр­­ген­де жарықтық әзиз әжелерімізді сағы­­нып кетеміз. Осындайда Алмас Темір­байдың:
«Силиконмен жөнделген,
Кеудең қандай жасанды,
Фотошоппен өңделген.
Бейнең қандай жасанды.
...Мінезіңе жасанды,
Шыдай берем қашанғы» – деген өлеңі еске түседі.
Бұл – Илайдың имансыз қылығы туралы айтылған бірінші әңгіме. Екінші жағынан, көкейге мынандай бір ой кептеле қалады.
Осыдан біраз уақыт бұрын Қытай­дың бір қаласында, метро аялдамасында жасалған эксперименттік тәжі­рибе жайында естігенім бар. Оны ұйымдастырушылар аялдамаға жан-жақтан бейнебақылау камераларын қояды да, өздері өткен-кеткен адам­дардың іс-әрекеттерін тізбелеп отырады. Сонда мынадай қызық жайтқа куә болады. Бір жігіт метрода қалғып-мүлгіп отырған мас адамның қасына келіп, аса ептілікпен оның қойнындағы әмиянын суырып алады. Сол сәтте электр пойызының келетіні хабарланады. Әлгі байғұс алақ-жұлақ орнынан тұрып, төмендегі теміржолға құлап кетеді. Ешкім селт етпейді. Мына қаптаған жұрт үшін теміржолға адам емес, киім ұшып түскендей-ақ, тым селсоқ. Ал, пойыз болса, жақындап қалды. Осы кезде жаңа ғана әмиян ұрлаған жігіт теміржолға секіріп түсіп, шамасы жоқ мас адамды сыртқа шығарып үлгереді. Сөйтіп, ол ұяты болмаса да, иманы бар адам екенін көрсетеді.
Илай Диягилевтің қылығы да осыған ұқсас па деймін. Ол шынды­ғында мұндай іс-әрекетімен сұлулық байқауының сұрқын ашып көрсетті. Біздің сұлулық сайысы деп жүргеніміз боянғандар бәйгесі болып шықты. Ойпырмай, шынымен де хас сұлулық пен жасанды сұлулықты айыра алмайтын күйге түскеніміз бе?
Бет боямайтын Баяндар, қас жұл­майтын Қызжібектер, тырнақ өсір­мейтін Тоғжан сұлулар қайда жүр екен. Ел ішінде соларды жоқ деп айта алмайсыз. Бірақ, ауылдағы арулар мұндай бақталастыққа құштар емес. Өйткені олардың бұл бәйгеде оза шабуы неғайбыл.  Қазір бәйгеден не жабы озады, не алтын бақыраштың сабы озады...
 
Дүйсенбек АЯШҰЛЫ,
«Сыр бойы».
27 ақпан 2018 ж. 1 090 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 762

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930