» » ҚҰНДЫЛЫҒЫМЫЗДЫ ҚАСТЕРЛЕМЕСЕК...

ҚҰНДЫЛЫҒЫМЫЗДЫ ҚАСТЕРЛЕМЕСЕК...

Ұлы қаған – Жошының баласын аң аулап жүргенде құлан тістеп өлтіреді. Жамандықты жүрегі сезген хан жалғыз ұлының өлімін естірткен адамның көмейіне қорғасын құятынын айтады. Жас жігіттің қазасын қаһарлы ханға жеткізуге ешкімнің батылы бармайды. Сонда Ершедегей есімді күйші хан қаһарынан қаймықпай, домбырасынан зарлы да, қайғылы әуен төгіп, жаманат хабарды жеткізеді. Жошы хан амалы таусылып, домбыраның көмекейіне қорғасын құяды. Содан домбыра шанағында көздей тесік қалады. Ел аузындағы аңыз осылай дейді.

Иә, домбыра қазақ үшін жай ғана ұлттық аспап емес, оның қасиеті, киесі бар, тіпті жаны, тілі, рухы бар. Бұрын әр қазақтың үйінде домбыра болатын. Халқымыз қандай жағдайда да бұл аспапты жерге тастамаған, тіпті іргеге де сүйеп қоймай жоғары көтеріп, әспеттеп төрге іліп қойған. Осыдан-ақ домбыраның қадір-қасиетін білуге болады. Төрде тұрған сол қасиетті қара домбыра көптен тартылмаса, иесінің саусағын сағынып, шектері өздігінен шертіліп, дыбыс шығарып тұрады екен. Бұл да домбыраның материалдық дүние емес, халқымыз үшін баға жетпес рухани құндылық екенін аңғартады. Қысқасы, домбыра – қазақтың тілі, жаны, рухы, ар-намысы, тарихы, ұлтымыздың бір бөлшегі. Халқымыздың басынан өткізген қуанышы мен қасіреті, салт-дәстүрі, тұрмыс-тіршілігі, тіпті ұлтымыздың табиғаты, мінез-құлқы осы домбыра шанағынан әуен болып төгіледі. Тек тілін тауып, сөйлете білсең болғаны. Оның арғы жағында халқымыз жылаған сәбиді домбыраның сазымен уатып, оның құлағына жастайынан бабасының үнін сіңірген, халықты бірлікке шақырған, тіпті жорықтарда жауынгерлердің рухын оятқан.
Қазақ халқының мәдениетіне, руханиятына көп еңбек сіңірген этнограф Өзбекәлі Жәнібековтің домбыра туралы мынадай аңыз-әңгімесі бар. “Ертеде бір қатыгез хан өмір сүріпті. Жалғыз қызының кедей жігітпен көңіл жарастырғанын сезіп қалған хан жігітті дереу дарға асуға бұйырады. Аяғы ауыр болып қалған қыз мезгілі жетіп, дүниеге егіз бала әкеледі. Оны аңдыған мыстан кемпір екі шақалақты көз көрмес, құлақ естімес алысқа алып кетеді. Жапан даладағы зәулім де саялы бәйтеректің басына шығып, ұлды батысқа, қызды шығысқа қаратып кіндіктерінен іліп кетеді. Анасының құрсағынан шыққан бойда қасірет шегіп, шырылдап жылаған қос шақалақтың көз жасы тамған бәйтерек лезде сола бастайды, жүрегі тоқтаған нәрестелермен бірге ағаш та қуарады. Қаңқу әңгіме халық арасында жата ма, оны естіген анасы егізін іздеп жолға шығады. Жолдан шаршаған ол баяғы ағаш түбіне келіп, демалып отырғанда құлағына күмбірлеген зарлы да қасіретті сарын естіледі. Қайдан шыққан әуен екенін білгісі келіп ағаш үстіне шығып тыңдаса, жаңағы бәйтерек сынып кетеді. Сонда екі баласын іздеген шерлі ана ағаштың түбінен басына дейін іші қуыс екенін аңғарады. Екі басына бұтақтан-бұтаққа керіліп қалған ішектерді көреді. Қос ішек самал желмен тербеліп, одан әуен шығып тұр екен. «Егіз құлынымнан қалған жұрнақ осы болар» деп, зарланған ана сол ағаштан аспап жасап алады. Батысқа қараған ішегі бостау, шығысқа қараған ішегі қаттылау керілген екен. «Астыңғы ішек жіңішке дауысты қызым Зарлық, ал үстіңгі бос ішек қоңыр дауысты ұлым Мұңлық болсын» деп екі ішекке ат қойып, домбырасын тартып, күй шығарыпты”.
Домбыра жайында аңыз көп. Сол әпса­на­лар­дың барлығында да домбыраның ерігіп отырған біреудің ермек үшін жасай салған аспабы емес, адам баласының көз жасымен, тұрмыста тартқан қайғы-қасіретінен, қуаныш-мұңынан пайда болған қасиетті мүлік екені айтылады. Ендеше, біз қазақ халқын әлемге танытқан, сиқырлы үнімен тамсандырған, таңғалдырған, бабалардан қалған асыл мұрамыз, ұлттық құндылығымызды дәріптеп, қадір-қасиетін ұғынып, қастерлей білуге тиіс едік. Бірақ...
Кеше ғана әлеуметтік желілерде тарап кеткен бейнежазба желі қолданушылардың ашу-ызасын тудырды. Сан тараптан сын жазылды. Пікір қайшылықтары да болды. Бейнежазбаға оңаша үйдегі отырыста желігіп жалаңаштанған жастар домбыраны мазақ етіп, әбден қорлап, ақыр соңында жерге ұрып сындырғаны түсірілген. Бәрінен де жанымызға батып, жүрегімізді ауыртқаны сол ұлттық аспабымызды қорлағандар өзге ұлттың өкілдері болып шықты. Қорландық, ызаландық, қарғадық, тілдедік. Бірақ одан ештеңе өзгермейді. Бұдан бірнеше жыл бұрын ұлттық арнадан көрсетілген жарнамада бір жетесіздер «Жетігеннің» үстінде тайраңдап жүргені халықтың наразылығын тудырып, жарнаманы түсірген кәсіпорын мен оны жалпақ жұртқа жариялаған арна бас­шы­лығы заңмен жазаланған еді. Енді міне, сол келеңсіздік тағы да қайталанып отыр. Бұл жолғысы тіпті сорақы. Бұл – домбыраны ғана емес, ұлтты қорлау, ұлттың ар-намысын аяққа таптау, рухын сындыру. Өйткені жоғарыда айтқанымыздай, ұлтымыздың бар қадір-қасиеті мен бүтін болмысы осы қасиетті аспаптың шанағы мен перенесінде тұр...
Былтыр Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Твит­тердегі парақшасына қазақстандық таны­мал әртіс Тұрсынбек Қабатовтың мектеп бағдар­ламасына домбыра үйрену сабақтарын енгізуге қатысты ұсынысын қолдайтынын жазған болатын. Бұл ұсынысты мен де қос қолдап қуаттадым. Өйткені бала күнімізде әкеміз бізді, балаларын қалай мәпелеп, жақсы көрсе, ара-тұра өзі шертіп қоятын үйдегі ескі домбыраны да солай мәпелеп, жақсы көрді және қасиетті аспапты қастерлеп ұстауды бізге аманаттады. Бүгінде қала қазағын айтпағанда, кейбір дала қазағының үйінен домбыра таба алмайсың. Бұрын ауылдағы әр үйдің төрінде ілініп тұратын еді. Біздің ұлттығымызды, елдігімізді, тари­хымызды, мәдениетімізді, тілімізді, ділі­мізді сақтап келе жатқан домбыраны бүгінгі ұрпағымыз білмесе, танымаса, оның қадір-қасиетін жете түсінбесе, өткеннен шежіре жет­кізетін күмбір үніне құлақ түрмесе, қураған ағаш құрлы көрмей жерге ұрып сындырып, ойы­на келгенін жасап жүрген өзге ұлттың өкіл­­деріне өкпелеуіміздің жөні жоқ шығар?! Елі­­нің келешегіне, ұрпағының болашағына алаң­­дайтын әрбір ата-ана ұл-қызына ұлттық тәр­бие беріп, оның са­насына бабалардың қа­сиетін сіңіргісі келсе, шаңырағының төріне бір домбыра іліп қояр еді ғой. «Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра!».

Қуат Ахетов

08 ақпан 2020 ж. 708 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 778

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031