ОЗЫҚ ОЙЛЫ ОЗАТ ОҚУШЫ
Мұғалім барлық мамандық иелерін тәрбиелейтін, оқытып, өмірге бейімдейтін мамандық иесі. Ұстаздың алдынан өтпейтін жан жоқ. Мектепте білім нәрімен қалай сусындасаң, келешекке сол жиғаныңмен қадам басасың.
«Ұстазы жақсының ұстанымы мықты» демей ме? №33 орта мектептің 8 сынып оқушысы Арайлым Сапарбек жуырда тағы бір мәрте биік шыңды бағындырып, білім бәйгесінен жүлделі оралды. Ол бұл жолы психология секциясы бойынша «Жасөспірімдердің агрессия деңгейіне компьютер ойындарының әсері» тақырыбын таңдапты. Бұл тақырып қазіргі таңда өзекті болып отырғаны анық. Міне, соны ескерген ұстазы, педагог-психолог Әсел Өмірзақова балаларды компьютерлік атыс-шабыс ойындарынан аулақ болуға, бос уақытты тиімді пайдалануға шақыру бағытында ұйымдастырылған байқауға оқушыларды жан-жақты дайындаған.
Ұстаздың ұстанымын ұран еткен Арайлым Сапарбек компьютер, смартфон ойындарының кері әсерін егжей-тегжей баяндап, аудандық байқауда жүлделі орынға ие болды. Оның жазған эссесі жастарға ой салып, пайдасыз істен аулақ болуға үндеді.
– Мектепте психологиялық бағытта, оның ішінде жастардың санасын улайтын пайдасыз компьютерлік ойындардан аулақ болуға шақыратын түрлі семинар-сабақтар ұйымдастырылып келеді. Стресстен шығу жолдары, қиындыққа төтеп беру, сабақ барысында оқушылардың ештеңеге алаңдамай, мұғалім тапсырмасына назар аударуы және тағы басқа да мәселелерді қадағалап отырамыз. Оқушылармен жеке жұмыс жасау да жақсы жолға қойылған. Осы бағытта мектеп оқушылары түрлі байқау-конкурстарға қатысып, жеңімпаз атанып келеді. Алдағы уақытта да оқушыларды облыстық, республикалық жарыстарға шығаруды мақсат етіп отырмыз, – дейді бір топ оқушысы жеңіс тұғырынан көрінген жас маман Әсел Өмірзақова.
Айта кетейік, Арайлым бұған дейін де мектепаралық, аудандық, облыстық жарыстарда топ жарып, түрлі дәрежедегі дипломдармен марапатталған.
Нұрсұлтан Қазбеков