БИІК БЕЛЕСТЕРДІ БІЛІМ БАҒЫНДЫРАДЫ
"Дүниенің кілті – білімде". Рас, білім-ғылым дамыған кезде ғана адамзатқа дүниенің сыры ашылады. Ал, дүниенің сырын білетін адам ғана әлемнің барша игіліктеріне иелік жасайды. Біздің елдегі білім жүйесін жетілдірудің, дамытудың негізгі мақсаты да осы – әлем елдері әлдеқашан бет түзеген өркениет көшінен қалып қоймай, бағытымызды айқындап алу. Дүниені күшпен, қарумен емес, білім-ғылыммен, өнермен бағындыру әлдеқайда тиімді һәм сауапты болмақ. Бірақ ол үшін мемлекеттің аталған салаға деген оң назарынан бұрын, ынталы оқушы мен білікті мұғалім қажет. Әйтпесе, білім саласы мемлекеттің қаржылай қолдауынан кенде емес. Тек соны үйлестіретін басшы, мамандар керек. Бұл орайда аудандық білім беру саласындағы атқарылып келе жатқан көңіл тоғайтар толымды істерді айтуға болады. Бір ғана дәлел: жылда Жалағаштың жыл қортындысында аудандар ішінен топ жарып, үздік шығып жүргені. Соның ішінде Қаракеткен ауылындағы №114 мектепті ерекше атауға болады.
Білім беру жүйесімен бірге іші де заманға сай жаңартылған бұл білім ошағында бүгінде 210 оқушы сапалы білім алса, 48 мұғалім олардың жарқын келешегі үшін тынымсыз еңбек етуде. 2018-2019 оқу жылында 1-4 сыныпта – 97, 5-8 сыныпта – 97, 10-11 сыныпта – 16 оқушы болған. Ал мектеп алды даярлық тобында 12 тәрбиеленуші білім алды. 2018-2019 оқу жылының білім сапасы 67, 6 пайызбен қорытындылады. Осы жылы жалпы мектеп бойынша 77 оқу үздігі, 65 оқу екпіндісі шығыпты.
Бүгінде мұғалім мәртебесі туралы көп айтылып та, жазылып та келеді. Қоғамдағы түрлі пікірлер мен ақын, ағартушы Мағжан Жұмабаевтың "Алты алаштың баласы бас қосса, төр – мұғілімдікі" деген сөзін ескерген Білім және ғылым министрлігі жуырда педагогтардың мәртебесін заңмен бекітті. Алайда енді сол мәртебеге әрбір педагог лайық болуы тиіс. Мәселен, олардың көкірегіне жиған білім-білігінен бөлек, бойында ұстазға тән қасиеттер болғанда ғана ол жоғары мәртебеге ие болып, ата-ана мен оқушының алдында ғана емес, қоғамдағы өз орнын еншілейді. Мирамкүл Жүсіпова басшылық ететін №114 мектептің ұстаздары сол мәртебеге әбден лайық деп айтуға болады. Мектепте жоғары санатты – 9, І санатты – 19, ІІ санатты – 15 мұғалім бар. Сондай-ақ 15 мұғалім деңгейлік курстан өтсе, 30 мұғалім жаңартылған білім беру мазмұны бойынша сертификат алған. Қандай салада болмасын ұзақ жылдық тәжірибесі бар мамандар өзіне міндеттелген жұмысты сапалы да, тиянақты ұйымдастырып, атқаруға қабілетті болса, жас мамандар сол салаға жаңашылдық алып келеді. Бұл мектептегі мұғалімдер қатары да жыл сайын жас мамандармен толығуда. Иә расында, бұл ұжым «Қазақстан Республикасында білім беруді және ғылымды дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру барысы туралы» бағдарламасын басшылыққа алып, жоспарын жыл басында жасап бекітіпті. Енді жыл бойы мұғалімдердің үздіксіз кәсіби дамуына ықпал ету арқылы бәсекеге қабілетті дарынды тұлға қалыптастыру, оқушылардың білімі, дағдылары мен шығармашылық қабілеттерін дамыту, оқытудың заманауи технологияларын сабақ үдерісіне енгізу міндеттерін іске асыру барысында нысаналы жұмыстар атқарып келеді.
Өткен жылдарды айтпағанда, 2019 жылдан 10-11 сыныптар бойынша жаратылыстану ғылымының жекелеген пәндерін оқытуды ағылшын тіліне көшіру бағдарламасын іске асыру барысында қазіргі уақытта 4 мұғалім үш тілділікке байланысты біліктілік арттыру курсынан өз білімдерін жетілдіріп, сабақ барысында қолданып келеді. Әрине, бұл орайда мұғалімдердің негізгі ұстанымы: "өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте". Бірақ қазірде ауыл мектебінде білім алған балалар ана тілін құрметтеуді өзгеден үйренетіндей жағдайда емес, шүкір. Сондықтан бұл мектептің оқушылары заманға сай білім алу үшін бірнеше тіл үйренуді міндет деп санайды. Иә, қанша тіл білсең, сондай дәрежеде ақпарат аласың. Қазіргі ақпараттық технологиялардың дамыған кезеңінде көп тіл білгеннің пайдасы болмаса, зияны жоқ. Бұл тұрғыда әлемдік қатынас тіліне айналған ағылшын тілін меңгеруге ынталы оқушыларға бәрекелдіден өзге не айтасың?! Сол талап пен ынтаның нәтижесінде ағылшын тілінде өтетін түрлі білім бәсекелерінде осы мектептің де оқушылары өз деңгейін дәлелдеп келеді.
Жаңа оқу жүйесі болған соң ол жүйенің жаңа технологияға негізделетіні белгілі. Қазірде қандай сала болмасын жаңа технологиялық жүйеге тәуелді. Сондықтан мектепте оқытудың ақпараттық-коммуникациялық технологияларын енгізу мақсатында бір мультимедиялық кабинет, бір интерактивті кабинет және информатика кабинеттері компьютерлермен жабдықталған. Елбасының Жолдауында цифрлық білім беру ресурстарын дамыту, кең жолақты интернетке қосылу және мектептерді видеоқұрылғылармен жабдықтау барысы айтылды. Міне, соның нәтижесінде, аталған білім ошағында тарих, химия, физика, ағылшын, бастауыш кабинеттеріне проектор және компьютерлер орнатылып, оқушылардың сабақ барысында жаңа технологиялармен жұмыс жасауына мол мүмкіндік туды. Бұл өз кезегінде білім сапасының артуына да ықпалын тигізеді. Сондай-ақ 2018-2019 оқу жылында физика кабинеті модификациялық кабинет болып жабдықталыпты. Бұл жерде оқушылар заман талабына сай робототехниканы үйренеді және бұл кабинет жаңа үлгідегі 30 компьютермен қамтылған. Мектептегі интернет желісі жаңаланған. "Күнделік" жүйесі арқылы электронды журнал өз дәрежесінде жүргізілуі – ауылдық жерлердегі білім ошақтарының өркениеттен қалыс қалмай отырғанын білдіреді. Сонымен бірге мектеп кітапханасындағы кітап қорында анықтамалар, сөздіктер, пәндер бойынша әдістемелік қажетті кітаптарды табуға болады. Оқушылар оқулықпен 100 пайыз қамтылыпты.
«Оқушы жетістігі – мұғалім мерейі». Ұстаздың міндеті – шәкіртіне сапалы білім беру. Шәкірттің қол жеткізген жетістігіне ата-анасынан бұрын ұстазы шын қуанады. Өйткені ол оның еңбегінің жемісі, маңдай терінің өтемі, білім беру саласына қосқан үлесі. Бұл мектептің оқушылары да білім бәсекесінде, ғылыми жобаларда, шығармашылық, өнер байқауларында, спорттық жарыстарда оза шауып, аудан мерейін асқақатып жүр. Әрине, оқушылардың білім деңгейінің жоғарылауына оқу-тәрбие процесінің тиімді ұйымдастырылуы мен мектепішілік бақылаудың жүйелі жүруі және білікті мамандардың тұрақтануы оң әсерін тигізері сөзсіз. Сондықтан зерделі, зейінді оқушылардың қандай да бір жеңісті сәттері үшін еңбекққор, білікті мұғалімдерге мадақ айтсақ, артық болмас.
2018-2019 оқу жылында әр пән бойынша түрлі жарыстарға қатысып, жүлделі орындар иеленген Ахметжанов Бақберген, Орынтай Майра, Жұбатқан Бекжан, Өмірсерік Ербол, Жамбыл Наргиза, Ерік Айдана, Сақтағанұлы Рамазан, Бауыржанқызы Мерей, Тыныбек Айару, Қарсыбек Айзере, Әлібек Мадина, Нұғыман Нұрдәулет, Барақатқызы Қарақат, Сәрсенбай Іңкәр, Таңатар Бекарыс, Нұрлыбекқызы Аяжан, Нәрікбай Жансая, Қартбай Самұрат, Жамбыл Диас, Аманкелді Ерсұлтан, Абат Нұржігіт, Қарсыбек Кәусар, Жамбыл Ерұлан, Жахат Аяулым, Сардан Данияр, Мамырбайқызы Гүлназым, Ізбасар Інжу, Мамырбай Көркем, Қартбай Мейіржан, Серік Ұлжан, Сәндібек Нұрдос, Нәрікбай Нейлә, Сансызбайқызы Нарқыз, Марат Бостан, Жахат Шоқан, Марат Асхат, Әбубәкір Инабат, Бодан Нұртөре, Дәрменбай Диана, Тыныбек Аян, Дәрменбай Даниал, Ізбасар Ерсайын, Сәндібек Нұрдос, Хамит Асхат, Орыналы Ринат, Байдос Жанарбек, Тынымбекұлы Рамазан, Марат Алмара, Өмірсерік Ербол, Сақтаған Рамзан, Ахметжанов Бақберген, Қазыбек Әсима, Әубәкір Инабат, Ізбасар Бақдаулет, Акбар Мақсат, Жұмабек Жанерке, Байдос Жанарбек, Әбдіқаппар Нұртілеу секілді оқушылар келешегінен көп үміт күттіреді.
Әр жыл сайын 9 сыныпты ерекше үздік куәлікпен 11 сыныпты «Алтын белгіге» және үздік аттестатқа бітірушілердің болуы жоғары сынып оқушыларының оқуға зор көңіл бөлетіндігін көрсетеді. Атап айтар болсақ, 2016-2017 оқу жылында Абат Нұржігіт, 2017-2018 оқу жылында Марат Алмара, ал 2018-2019 оқу жылында Жамбыл Ерұлан, Жахат Шоқан, Марат Асхат, Марат Бостан сынды оқушылар 9 сыныпта үздік куәлік иеленді. Ал 2016-2017 оқу жылында Бердібек Кенжебек, 2017-2018 оқу жылында Асылбекқызы Ләззат, Байзақ Жайна, Отызбай Шынар "Алтын белгі" иегері атанса, Марат Мақсат үздік аттестат алды. Айта кетуіміз керек, осы жылы ұлттық бірыңғай тестілеу сынағында Марат Мақсат математика пәні бойынша өзіне берілген 40 есептің барлығын да дұрыс шығарып, аудан бойынша ең жоғары балл (131 балл) жинады. Бұл да ауыл мектебі үшін зор мәртебе. Бұл орайда Мақсаттың ұстазы Роза Нұрмаханованың да есімін құрметпен атауға тиіспіз. 2018-2019 оқу жылында Абат Нұржігіт "Алтын белгі" иеленді. Бұдан кейінгі жылдары да бұл жақсы үрдісті үзбеуге серт берген ұстаздар мен оқушылар білім беру мен білім алу жолында аянып қалмайтынын айтады. Осы 3 жылдағы ҰБТ қорытындысында жақсы көрсеткішті көруге болады. 2016-2017 оқу жылында жалпы орташа балл 94,8 пайыз, 2017-2018 оқу жылында 98,4 пайыз, ал 2018-2019 оқу жылында 86,6 пайыз. Былтыр мектеп бітірген түлектер 100 пайыз мемлекет грантын иеленіпті. Олардың барлығы еліміздің ірі қалаларындағы жоғары оқу орындарында таңдаған мамандықтарына сәйкес білім алуда.
Осындай оқушыларға білім беретін мұғалімдердің өзі осал болмауы тиіс. Мира Жүсіпова, Ғалия Жалғасбаева, Ерболат Наурызбаев, Майра Елеуова, Ақбота Қойбағарова, Гүлдәурен Ізенова, Нұрлан Оразалиев, Мереке Күзембаева, Ажар Үргенішбаева, Клара Базарбаева секілді ұстаздар аудандық, облыстық, республикалық түрлі байқаулардан жүлделі оралып жүргенін айтсақ болады.
Жас ұрпақты тәрбиелеуде білім мазмұнын жаңарту арқылы Қазақстанның болашағына қызмет ететін зерделі тұлғаны қалыптастыру мақсатында мектеп ұстаздары аянбай еңбек етіп, мол табысқа қол жеткізіп келеді. Мәселен, 2018-2019 оқу жылы бойынша аудан мектептері бойынша педагогтар мен мектеп оқушыларының әртүрлі деңгейдегі олимпиадалар, конкурстар мен жарыстарға қатысу бойынша жүргізілген мониторинг қорытындысы бойынша ауылдардағы білім беру нысандарының ішінде №114 мектеп 3 орын иеленіпті. Сөзіміз жалаң болмау үшін жоғарыда жазған мектептің жетістіктері жайындағы жалпылама мәліметімізді нақтылай кетейік. Әртүрлі деңгейдегі олимпиадалар, конкурстар мен жарыстарға 302 оқушы қатысқан. Аудандық кезеңде 11 оқушы – 1 орын, 9 оқушы – 2 орын, 17 оқушы – 3 орын иеленді. Облыстық сайысқа қатысқан 15 оқушыдан 1 оқушы – 1 орын, 5 оқушы – 2 орын, 3 оқушы – 3 орын иеленді. Республикалық байқауға қатысқан 2 оқушы – 3 орын иеленіпті. Егер салыстырмалы түрде ой жүгіртсек, бұл аз жетістік емес.
– Өркениеттегі жетістіктердің барлығы да адамзаттың ақыл-ойының жемісі. Ал адамзат ақыл-ойының қорегі – білім, ғылым. ХХІ ғасыр адамзат ақыл-ойының барынша кемелденіп, ғылым-білімнің өркен жайған кезеңі. Қазіргі қоғам да заманға ыңғай беріп дамып келе жатыр. Нарық қоғамының талабы өте жоғары. Бұл қоғамға тек ғалымдар мен шығармашылық адамдары ғана емес, сан-салалы мамандар қажет. Әсіресе, бүгінде ақпараттық технология, менеджмент, маркетинг мамандары қажет-ақ. Әрине, орта білім беретін мектептер ол саланың мамандарын дайындап шығара алмайды. Әйтсе де біз жас ұрпаққа жаңа жүйемен тек жаратылыстану және гумантиралық бағытта білім берумен шектелмей, заманға сай және олардың қызығушылығына қарай іскерлік қабілетін шыңдап, жаңа мамандыққа бейімдеуге тиіспіз. Өйткені кезкелген адамның келешектегі өз мамандығына деген таңдауы мен қызығушылығының іргетасы орта мектептен қаланады. Сондықтан мектеп ұжымы осы бағытта да жұмыла жұмыс ісиеп келеміз. Жоспарлы түрде жасалған істің нәтижесі болмауы мүмкін емес. Оқушылардың жетістіктері – мұғалімдердің тынымсыз еңбегінің нәтижесі. Олар өздерінің тұлғасын, мәртебесін келешек иелерін дайындау барысында осылайша дәлелдеп келе жатыр, – дейді мектеп директоры Мира Жүсіпова.
Әрине, бұл ең алдымен мектеп басшысының ұйымдастырушылық қабілетін, содан соң ұжымның ұйыған ауызбірлігін және ұстаздардың біліктілігін көрсетеді. Мектепте жоспарлы түрде жиі өтіп тұратын аудандық, мектепішілік семинарлар мен бірлестік апталықтары осының айғағы.
2016-2017 оқу жылында "Білім бәйтерегі", 2017-2018 оқу жылында "Жеңістің биік тұғыры", 2019-2020 оқу жылында "Табысты мектеп" номинациясын иеленіп, бағалы сыйлықпен (смарт плазмалық теледидар) марапатталды. Сонымен бірге мектеп директоры облыс әкімінің «Жаңа идеялар жаршысы» номинациясын алып, "Жыл қамқоршысы – 2019" деген абыройлы атаққа ие болды.
Бұл мектеп рухани жаңғыру бағдарламасын да назардан тыс қалған емес. Сөз жүзінде емес, іс жүзінде дәлелдеп келе жатыр. Мектепте шығармашыл оқушылар көп және олардың өнеріне аудан халқы ғана емес, облыс, республика жұртшылығы да жоғары баға берді. Мәселен, бір ғана Қартбай Мейіржанды жазба поэзияда және айтыс өнерінде жас болса да өз қолтаңбасын қалыптастырған ақын деп айтуға әбден болады
Мектептегі техникалық қызметкер Сафура Сейтенова республикалық бес тас ойынынан жүлделі орын алды және түрлі бұқаралық спорт түрлерінен Атырау, Шымкент, Нұр-Сұлтан, Ақтау, Павлодар қаларында өткен республикалық жарыстардан жүлделі орындармен оралып жүр. Ал техникалық қызметкер Роза Қалмаханова болса суға жүзуден, жүгіруден өткен аудандық, облыстық жарыстарда бірнеше мәрте жүлде салды.
Қай мекеменің де алға ілгерілеуі басшысына байланысты екенін жоғарыда айтып өттік. Бұл мектептің бір ерекшелігі, мектеп басшысының ынталандыру мақсатында өз қаражаты есебінен үздік оқушыларға шәкіртақы және білікті мұғалімдерге сыйақы дайындауы. Мектеп директоры айтуынша, айына бір-екі мәрте алынып тұратын аудандық сынама тесттің қорытындысында 100 балдан жоғары жинаған оқушыларға ай сайын бес мың теңге шәкіртақы төлеп тұрады екен. Ал оқу жылында оқушысы немесе өзі аудандық байқаулардан 10 жетістік көрсетсе сонымен бірге "Алтын белгі" иегерлерін шығарса өз қаражаты есебінен сыйақы тағайындайды. Мәселен, өткен жылы бір мұғалім "Меркі" шипажайына демалуға жолдама алған.
Қалай десек те ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие беруде бұл білім ордасында қызығып қарайтын жетістіктер де, жаңалықтар жетерлік. Білім бәсекесінде беделі биік, алда бағындырар белесі көп.
Қуат АХЕТОВ