» » АБАЙ МҰРАСЫ – САРҚЫЛМАС ҚАЗЫНА

АБАЙ МҰРАСЫ – САРҚЫЛМАС ҚАЗЫНА

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында ұлы ақынның және оның шығармаларының жалпықазақ үшін қандай маңызға ие екенін ашық айтты. Мерейтой иесінің 175 жылдығына арналған шаралардың бәрі той тойлау үшін емес, ой-өрісімізді кеңейтіп, рухани тұрғыдан дамуымыз үшін ұйымдастырылу керек екенін де тілге тиек етті.

Расында Абай атамыз ғұлама, ойшыл, ақын, ағартушы, ұлттың жаңа әде­биетінің негізін қалаушы, аудар­машы, композитор ретінде артына өшпес мол мұра қалдырғаны хақ. Ал сол қазынаның қадірін біліп, оны өскелең ұрпақтың санасында жаңғырту баршамызға міндет деп есептеймін. Абайдың қайбір шығармасын алып қара­саңыз да оқыған жанды толық адам ретінде өз-өзін жетілдіруге қосар үлесі мол екенін аңғарамыз. Сондықтан мерейтой иесінің шығармаларына, саналы ғұмырына арналған кез келген шараға біз бей-жай қарамауымыз керек. Себебі оның шығармаларының қазіргі қазақ қоғамына тиігзер пайдасын толық түсінгенде ғана шын бағасын білеміз.
«Қазір жастар кітап оқымайды» деген пікірге өз басым толыққанды ке­лісе қоймаймын. Кешегі Абай ата­мыз­дың кез келген бір шығармасын жат­­қа айтудан эстафетаны Мемлекет бас­­шысына жолдаған қай буынның өкілі еді?! Керісінше біз мерейтойға өз үлесін қосқан кішкентай қарындасымыздан үлгі алуымыз керек. Әрбір қазақ кемінде ол кісінің он өлеңін жатқа білуі керек. Ол үшін қайтпек керек? Әлбетте бірінші кезекте алдымен ниет керек. Абайдың үш шығармасын жатқа оқып, оның мән-мағынасын толық түсінсең, басқа да шығармаларына деген қызығушылық пайда болады, менің соған көзім жетті. Ал сол қызығушылықтан үлкен дүние шығару өз қолымызда.
Жалағашта да мерейтой иесінің шығар­малары мен өнегелі өмір жо­лына арналған түрлі шаралар ұйым­­дастырылып жатады. Соның әр­қайссынан кемінде 4-5 адам тәлім алса да біз одан ұтылмаймыз. Өткенде аудандық «Жалағаш жаршысы» газе­тінен «Қырық бес қара сөзде қазына бар» деген мақаланы оқыдым. Қандай тамаша, 10 сынып оқушысы осыдан 3 жыл бұрын Абай атамыздың барлық қара сөзін жаттап алыпты, әлі де жатқа біледі. Біз осындай ізденімпаз жас­тармен мақтануымыз керек. Елдің келешегі де осындай ой-өрісі кең жас­тармен тығыз байланысты екенін Ел­басы да айтты, мен де бұл пікірді құп­таймын. Қарындасымыз ұлы ақын шы­ғармаларын жатқа айтудан және оның мән-мағынасын толық түсіндіріп қатарластары мен ұстаздарына эстафета жолдапты. Бүгінде ол әлі де жалғасып жатқан көрінеді.
Қазір әлеуметтік желіде не көп, пайдасы жоқ дүниелерді қайталауды бір-біріне эстафета ретінде жолдап жатқандар көп. Бір өкініштісі олардың қатарында танымал азаматтардың да бой көрсетіп жатқанына кейде іштей қынжыламын. Керісінше мен ондай адамдарды ұлы ақынның шығармаларын оқуға талпынған жас­тардан үлгі алуға шақырамын. Абай және оның шығармалары несімен құн­ды? Жаңа жоғарыда да айтып өткен бола­тынмын, жалпықазақ болып оның руханиятқа, түзу қоғам құруға қосар үлесін толық танып-білмей, қадіріне жете алмаймыз. Елбасының «Абай өзінің туған халқымен мәңгі-бақи бірге жасайды, ғасырлар бойы қазақ елін, қазағын биіктерге, асқар асуларға шақыра береді» деуінің себебі де сондықтан.
Мерейтой иесінің шығармаларын оқып отырсаңыз, оның үнемі елдің ілгерілеуіне, өсіп-өркендеуіне тілеулес болғанын, осы идеяны барынша дәріптегенін бірден аңғарасыз. Ал оның негізі білім мен ғылымға келіп тіреледі десеңіз, «Жастайыңнан ілім-ғылымға талпын» деп кейінгі буынға ой салған кім, тағы да Абай. Ол қазақтың үздіксіз оқып-үйренгенін бар жан-тәнімен қалады. Ғылымды толық игермей мақтанудың түбі бос әурешілік екенін де назарға салды. Абай атамызды тек әдеби ортаның өкілі деп қарасақ, қателесеміз. Оның шығармаларына шындап зер салсаңыз қамтылмаған сала жоқ. Ұлы ақын «Ғылымға барыңша зер сал, оқы, ілімнің соңына түс» дегенде тек әдебиетті оқы, өлең жаз деген жоқ. Керісінше өзгелермен иық тіресу үшін ғылымның барлық саласын игеру аздық етпейтінін ұғындырды.
Ұлы ақын ұлтжанды ұрпақ тәр­бие­ле­ген елдің келешегі де кемел бол­мағын өз шығармаларында ашық айтты. Үлкендер «Ұлтты Абайша сүюіміз керек» деген сөзді неге жиі айтады. Абай қазақтың әр баласын ұлтжанды азамат етіп тәрбиелеуге шақырды. Мемлекет басшысы айтқандай оның мұрасы – парасатты патриотизмнің мектебі, елдікті қадірлеудің негізі. Жалпықазақтың көзі ашық болсын десек, Абайды оқудан, ақын өлеңін жаттаудан жалықпаған абзал.
Әдебиетшілер оның туындыларына қатысты талдамалық тұрғыда өз бағасын бере жатар. Ал мен жалпы ұлы ақын шығармаларының мағынасын, қазақ қоғамына тиігзер пайдасын, бізге берер тағылымына ғана тоқталдым. Болмаса тереңдей берсек, талай жанға рухани азық болар мол мұра Абай шығармаларында жатыр. Біздің аудандағы индустриалды-аграрлық колледжінде де Ұлы ақынның 175 жылдығына орай жыл басынан бері бірнеше шара ұйымдастырылды. Сонда мен жастардың оның шығармаларына деген қызығушылығына мән беремін. Кейбір жастар ақын шығармаларын мәнерлеп оқумен шектелмей талдап, мән-мағынасын түсіндіріп жатқанын көргенде іштей қуанып қаламын. Мерейтой иесінің туындыларына деген құрмет оның шығармаларын, мән-мағынасын терең түсінуімізде жатыр.

Ғани СЕРІКБАЕВ,
Жалағаш индустриалды-аграрлық колледжінің директоры


18 ақпан 2020 ж. 554 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 766

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930