ЖАҺАНДЫҚ ЖЫЛЫНУ АДАМЗАТҚА ТӨНГЕН ҚАУІП ПЕ?
Заман дамыған сайын түрлі өнеркәсіп орындары, жаңа технологиялар пайда болды. Өнеркәсіптің көбеюі адамзаттың, әлемнің өркендеуіне әсер еткенмен, атмосфераны ластауда. Осындай өзгерістің салдарынан климат күрт өзгерді. Жаһандық жылыну белгі берді. Басқасын айтпағанда, мұның ең басты белгісі Антарктиданың жылына бастауы болып отыр.
Антарктида – жер шарындағы жалғыз мұзды материк. Ол басқаларынан ерекше, қызықты және бізді таңғалдыратын құпияларға толы құрлық. Жалпы көлемі 14 млн шаршы метрді құрайды. Бұл материктің тоқсан тоғыз пайызын мұз басып жатыр. Антарктида – жер шарындағы ең биік құрлық боп саналады. Бұлай аталуының да өзіндік ерекшелігі бар. Дерек бойынша «Антарктида» сөзі «аюға қарама-қарсы» деп аударылады екен. Ежелгі гректер мұзды аймақты солтүстік полюсте орналасқан жеті қарақшының құрметіне «Арктикос» деп атаған. Антарктида құрлығын ресми түрде 1820 жылы Фаддея Беллинсгаузен мен Михаила Лазарев басшылық ететін орыс теңіз әскери экспедициясы ашқан. Содан бері жер бетіндегі ең суық әрі ең құрғақ құрлықты қызықтаушылардың қатары сиреген емес. Жыл сайын ғалымдар, зерттеушілердің қарасы үзілмейді. Антарктида – сырлы әрі ғажайып мекен. Жеті құрлықтың ішінде адамдардың мекендеуіне ең қолайсызы болғандықтан ең аз зерттелген құрлық. Дегенмен тәуекел етіп, мұзды құрлықты зерттеген ғалымдар мұндағы бірнеше ерекшелікті тапқан. Бұл деректер бізді де бейжай қалдырмады. Мәселен әлем картасында Антарктиданың көлемі жиі өзгеріп отырады екен. Ғалдымдар мұның басты себебі үздіксіз соғып тұрған желдің әсері екенін айтады. Жел солтүстіктен соқса, құрлық оңтүстікке қарай кеңейеді. Мұндай жыл сайынғы ауытқулар әр маусымда болып тұрады. Антарктидаға жолы түскен адам ондағы метеориттердің қалдықтарына көз сүріндіреді. Ғарыштан түскен қалдықтар жер бетінде көрінбей қалғанымен, бұл құрлықта мұз бен қардың арасынан анық байқалады. Сонымен қатар мұзды орта метеориттерді жақсы сақтайды – көптеген табылған заттардың жасы миллион жылға жетеді. Бір қызығы, құрлық ең суық бөлік болғанымен, жыл сайын марафон ұйымдастырылады. Ерекше марафондар сонау 2004 жылдан бері өткізіліп келеді. Қатысушылар Оңтүстік Америкадан жеке ұшақпен ауа температурасы -17°С -12°С аралығында болатын жерге ұшып келеді. Бұл жарыс Росса теңізіндегі мұзды қайраңында өтеді. Бұл марафонға ғылыми зерттеу орталықтарының жұмысшылары қатысады. Зерттелмеген жері көп, адамзатқа таңсық құрлыққа туристер көп келеді. Олардың негізгі мақсаты Поляр шеңберін кесіп өту, пингвиндер отарын қиып өту, құрлықты зерттегендердің жолымен жүру, су астына түсу, ғылыми-зерттеу бекеттерін аралау. Жаз айларында 35-40 мыңға дейін туристер аттанады. Антарктидадағы әлемді таңғалдырған тағы бір ерекшелік – қанды сарқырама. Құрғақ алқап аймағындағы Тейлор антарктикалық мұздығынан ағатын, қып-қызыл түсті судың ағынын зерттеушілер осылай атаған. Сарқыраманың мұндай түске боялуы су құрамында темір тотығының көп болуынан болуы керек. Мұның қайнар көзі 400 метрлік мұз қабатының астындағы өзен екені анықталған. Сарқыраманың өзінен ол бірнеше шақырымға алыста жатыр. Бір қызығы, бұл қайнар көздегі судың ащылығы мұхит суының ащылығынан 4 есе артық. Сол себепті ол –10°C-та да қатып қалмайды. Су ағынын зерттеген ғалымдар, тереңде орналасқан өзенде көптеген микроағзалар мекендейтінін дәлелдеген. Олар оттегісіз, сыртқы ортадан алынатын нәрлі заттарсыз және фотосинтезге қажетті күн сәулесінсіз өмір сүре алады.
Жыл он екі ай мұз құрсауында жатқан құрлықта өмір сүру жануарларға да оңай емес. Дегенмен тіршілік көздері өмір сүрудің, өліп қалмаудың амалын тапқан. Жұмырт құрт, кене сияқты омыртқасыздар мұнда өмір сүре алады. Кейбір тірі ағзалар қаһарлы суыққа төзуге машықтанған. Температура ең төменге түскен кезде – жасушалар «қатып қалған» сияқты болып, жыбырлауды тоқтатады. Ал жылыған соң олар қайта тіріледі. Пингвиндер, итбалықтар, теңіз арыстаны, алпамсадай киттер, кальмарлар мен крильдер – антарктикалық қаһарлы ауа райына шыдап бағатын жануарлар. Сонымен қатар онда дауылпаз, альбатрос, қаратұмсық сияқты құстар да мекендейді. Қаратұмсықтар экспедиция өкілдеріне көп кедергі келтіреді. Жыртқыш қаратұмсықтар жануарлар мен адамдарға тап береді, қараусыз қалған азық-түліктерді ұрлап әкететін көрінеді. Дегенмен бұл туристер мен ғалымдардың қызығушылығын жоя қоймас.
Құрлық туралы деректерді ақтарып отырып, Антарктида бұрын тропикалық болғанын білдік. Ғалымдар бұрынғы заманда антарктикалық жағалауда пальмалар мен гүлдер өскенін, ал мұхиттағы су жылы болғанын анықтаған. Яғни шамамен 50 миллион жыл бұрын Антарктида тропикалық аймақ болған. Қазіргі кезде Жаңа Зеландияда өсетін ағаштар мен өсімдіктердің тасқа айналған қалдықтары табылған. Дәл осыдан кейін дүниежүзілік ғалымдардың аталған құрлыққа сапарлап барып, зеттеуі жиілеуде. Олар мұзды құрлықтың әлі де ашылмаған сыры көп екенін, адамзатқа таңсық дүниелердің табылатынына сенеді.
Біз шолу жасаған құрлықтың бірнеше ерекшелігі. Дегенмен мұз құрсауында жатқан алып құрлықтың ғаламды алаңдатып отырғаны белгілі. Антарктидадағы мұз осы қалпымен ери беретін болса, 15-20 жылда он шақты мемлекет судың астына кетуі ғажап емес деген болжам әлемдік сарапшыларды, экологтарды бірнеше жылдан бері әбігерге салуда. Осылай ғаламшар климатының өзгеріске ұшырап отырғанын мамандар негізінен булы газдардың ауаға көп бөлінуінен және мұнайдың теңіздерге құйылуынан дейді. Адамзат баласы алдында тұрған экологиялық проблемалар жылдан-жылға барынша күрделене түсуде. Антарктида мұзының еру жылдамдығы артқаны және 1992 жылдан бері 3 триллион тоннадан астам мұз еріп кеткені белгілі болған. 1992-2011 жылдары аралығында Антарктидада жылына 84 млн тонна мұз еріген. Бұл көрсеткіш бүгінгі күнге дейін шамамен 76 миллиард тоннаға жетіп отыр. Ал 2012-2017 жылдары аралығында мұздың еру жылдамдығы жылына 241 млрд тоннадан артқан екен. Антарктиданың еруіне мұнай, көмір, табиғи газды жағудан пайда болған жаһандық жылынуға байланысты жылы желдің әсері де болып отыр. Еріген мұздардың 70 пайызы Батыс Антарктидаға тиесілі. Ал Шығыс Антарктидада 2012 жылдан бері жылына 31 тонна мұз еріген. Жыл сайын әлемдік ғалымдар шоғыры мұз еруінің жылдамдығын зерттеп, бақылап келеді. Жаһандық жылынудың бірінші кезекте мұз құрсауындағы құрлықты ерітіп жатқаны бізді де алаңдатпай қоймайды.
Қазақстанға климаттың жылынуынан келетін негізгі қауіп – қуаңшылық. Егер жағдай осылай жалғаса берсе, алдағы аз жылда біздің ел шөлге айналуы мүмкін. Осы уақытқа дейін Қазақстандағы ауа температурасы 1,3 градусқа дейін жылыныпты. Бұл дегеніміз – еліміздің 60 пайызы құрғақшылықтың қамытын киюі мүмкін деген сөз. Жаһандық жылыну тек біздегі ғана емес, әлемнің әр еліндегі тұщы су мөлшерінің басым бөлігін жойып жіберуге қабілетті.
Антарктида жайлы мәліметтер ашылған сайын жұмбағы да соғұрлым көп. Бұл таңғажайып құрлық осы күнге дейін аз зерттелген болып саналады. Қолайсыз ауа райы ғылыми зерттеулер мен экспедициялар жүргізуге қиындық тудырады. Бірақ бұл қиындықтар адамзатты тоқтата қоймас.
Дайындаған Нұр НАУАН