» » Ұстаз – қоғамның ұстыны

Ұстаз – қоғамның ұстыны

Ақыл мен білімді зерделеріне тоқып, қасиетті білім ордаларынан үлкен өмірге қанат қаққан әрбір жастың сол белеске жетуінде ұстаздың сіңірген еңбегі зор. Еліміздің ертеңі мен келешегі, тәуелсіз елдің тұтқасын ұстар жас ұрпақты қаршадай кезінен қабылдап алып, таудай талаппен алтын ұясынан ұшқанша тәрбие мен білім беретін асыл мамандық иелері қашанда құрметке лайық.
Аудандағы, тіпті облыстағы маңдайалды білім ошақтарының бірі Т.Жүргенов атындағы №123 мектеп-лицейі осындай білікті мамандардың арқасында алдыңғы сапта келеді. Айгерім Жарқынбекқызы – осы мектептегі жоғары санаттағы ұлағатты ұстаздардың бірі, Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің магистранты. 1986 жылы Жалағаш ауданы, М.Шәменов ауылында дүниеге келген ол орта білімді А.Бердәулетов атындағы №34 орта мектепте алған. Мектеп қабырғасынан түлеп ұшқан соң Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде ағылшын тілі пәні бойынша жоғары білім алып шыққан. Алғашқы еңбек жолын осы мектепте бастаған ол бүгінде білім жетілдіру курстарынан өтіп, тәжірибелі маман ре­тінде қалыптасқан. Мәселен, ҚР педагог кадрларының біліктілігін арттырудың деңгейлі бағдарламалары аясында бірінші (ілгері) деңгей бағдарламасы бойынша «Тәжірибедегі рефлексия» мектеп тренерлері курсы, орта білім мазмұнын жаңарту шеңберінде «Ағылшын тілі» пәні бойынша педагогика кадрларының біліктілігін арттыру білім беру бағдарламасы бойынша «Тәжірибедегі рефлексия» мектеп тренерлерін оқыту, орта білім мазмұнын жаңарту шеңберінде «Ағылшын тілі» пәні бойынша педагогика кадрларының біліктілігін арттыру білім беру бағдарламасы бойынша «Бағалауға арналған тапсырмаларды әзірлеу және сараптау» курсынан өтіп, біліктілігін арттырды. Халықаралық CEPT, TKT курстарынан да тәжірибе жинақтап, CEPT ем­ти­ханынан В2, TKT, «Ағылшын тілі» пәні бойын­ша коммуникативті оқыту әдісін үйрету TKT CLIL емти­ханынан 3 band сертификаттарын алды. Жас та болса өзінің біліктілігін көрсетіп, мектептің алдыңғы қатарлы білім ордасына айналуына үлес қосып жүрген маманға деген басшының да ықыласы ерекше екенін байқадық.
– Айгерім Жарқынбекқызы – жоғары санатты ағылшын тілі пәнінің мұғалімі. Оқушыларға сапалы білім, саналы тәрбие беру жолында тынымсыз еңбек етіп келе жатқан шығармашыл, тәлімгер ұстаз. Ол осы уақыт ішінде өзінің еңбекқорлығымен, адамгершілігімен, жан-жақты қабілетімен көпке үлгі боларлықтай және ұжымда абыройға ие. Әр оқушыны жеке тұлға ретінде қалыптастырып, болашаққа бағдар беруде ата-аналармен де тілдесіп, жақсы қарым-қатынас жасайды. Әр мектепте осындай талапшыл, қызметіне ынта-ықыласы жоғары мамандар болса, ол мектептен білімнің талай шыңын бағындыратын тұлғалардың шығатынына сенемін, – деді мектеп директоры Л.Шөменова.
Он бес жылдан бері білім саласында талмай еңбек етіп келе жатқан ұстаздың бірнеше мәрте еңбегі еленіп, жұмысының жемісін көріп те үлгерді. Ұстаздық жолында ау­данда, облыста жеткен жетіс­тік­терімен қоса республикалық «Болашақты бірге жасаймыз!» семинарында екі мәрте «Алғыс хат», «Мен ойлап тапқан әдіс» республикалық байқауында диплом, «Ұлағатты ұстаз» байқауында ІІ орын, «Ұлағатты ұстаз» байқауында «Қатысушы дипломын», Ұлттық интернет олимпиадасында І орын, «Жаңашыл мұ­ғалім – 2017» байқауында «Алғыс хат», ҚР Білім және ғы­лым министрінен «Алғыс хат» алған. Бұдан бөлек халық­аралық «Атабаев тағылымы» педагогикалық оқуында, бір­неше ғы­лыми, педагогикалық біліктілікті анық­тай­тын бай­қау­ларда баяндамалары үздік деп танылып, жинақтарға енген.
Айгерім Ысқақова мектепте кәсіподақ комитетінің тө­райымы қызметін қоса атқарып жүріп, мұғалімдердің спорт, өнер, білім, ғылым саласындағы жарыстар, байқауларға қатысуына ықпал жасап қана қоймай, олардың әлеуметтік қырларына да мән береді. Ардагерлермен тығыз байланыста болып, олармен түрлі шаралар өткізеді. Мектеп тренері ретінде «Назарбаев Зияткерлік мектептері әзірлеген» ДББҰ Педагогикалық шеберлік орталығы әзірлеген «Тәжірибедегі рефлексия» жалпы білім беретін мектептердегі педагогика кадрларының кәсіби даму бағдарламасы бойынша 100 академиялық сағат көлемінде 25 мұғалімді курстан өткізіп, әдістемелік көмек берген.
Білім саласында айтарлықтай жетістікке жетуіне ең алдымен мамандыққа деген сүйіспеншілігі, адалдығы, жауапкершілігі себепші болса керек. Бүгінде ұжымда өзіндік орны бар, ұлағатты ұстаз үш бала тәрбиелеп отыр.

Нұржамила АЛМАСҚЫЗЫ
07 наурыз 2020 ж. 352 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 768

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930