Жұмақтың жұпар иісі
Қай ұлт үшін де "Әйел" деген сөздің формуласы әлі күнге дейін шешілген жоқ. Нәзік жаратылыс иесінің ішкі әлемі секілді тылсым, жұмбақ күйінде қалып келеді. Еркектің қабырға сүйегінен пайда болған әйел затының жан-жүрегі қаншалықты жұмсақ болса, қиыншылыққа сыналған төзімі де соншалықты берік болады екен. Бұл, сірә, адамзаттың ұрпағын көбейтемін деп аманат арқалап келген әйелдің өмірге құштарлығынан болса керек. Аталарымыздың "Әйел – қырық шырақты" дегені де осы сөзімізді растай түседі.
Ал енді "Қазақ әйелі" деген кім? Қазақ әйелінің сипатына мына әлемнен теңеу табыла қояр ма екен? Жоқ, табылмайды. Өйткені қазақ әйелі – Ана, ал, Ана – әлемнің бүлкілдеп соғып тұрған жүрегі, тіршіліктің тамырына қан таратушы. Яки Ана – Өмір. Әлемдегі аналардың тілегі бір, жүрегі бір, адамзатқа мейірімі ортақ. Бірақ бәрібір қазақ әйелінің қалпы бөлек. Қазақ әйелін өзгеден ерекшелейтін иман-ұятына жасырынып тұрған бойындағы әдеп-ибасы мен ақыл, парасаты, сабыр, төзімі және күннің шуағынан да әсерлі жүрегіндегі мейірімнің өзі неге тұрады?! Жар құшып, бала сүйіп, ұрпақ тарату барлық әйел атаулының аңсары, тіпті ол әйел табиғатының талабы. Бірақ жарық дүниеге бір немесе екі бала емес, он-он бес балаға дейін әкеліп, оны асырап, бағу, тәрбиелеп, өсіру тек қазақ әйелінің ғана жасай алатын ерлігі. Шынында, мұндай ерлікке тек қазақ әйелі ғана тәуекел ете алады. Артына ұрпақ қалдыру үшін өз өмірін қиып, басын құрбандыққа байлайтын да осы – қазақ әйелі.
Осыдан үш жыл бұрын бір досымның келіншегі бала үстінде қайтыс болды. Үйленіп, отау құрғандарына он жылдан асса да бала сүймей, сәби иісін аңсап жүрген екеуінің балалы үйге барғанда жүздерін мұң торлайтын. Әсіресе, әлгі әйелдің қонақ болып барған үйдегі кішкентай балаларға еміренгенін көргенде айналасында отырған біздің жүрегіміз езіліп, солар үшін іштей Алладан дұға тілейтін едік. Бір күні досым қуанышты жаңалық жеткізді. Үлкен қалаларда ұзақ уақыт емделгенінің нәтижесінде келіншегінің бала көтергенін және өзінің әке болатынын айтты. Дауысынан қуанышты толқыныспен бірге бір үргедек сенімсіздікті байқадым. Себебін сұрағанда: дәрігерлер әйелге денсаулығында үлкен кінәрат бар екенін және ондай жағдайда бала көтергенімен, оны өмірге алып келу өте қиын болатынын, тіпті бала үстінде өліп кету қаупі бар екенін бірнеше рет ескертіпті. Расымен, ол әйелдің мен білетінде қан қысымы өте жоғары оның үстіне жүрегіне екі-үш мәрте ота жасатқан болатын. Алайда досым әйелінің балаға деген аналық махаббатынан туралап келген ажалды да қасқайып қарсы алуға дайын екенін білген соң іштей дұға тілеумен ғана жүргенін айтатын. Талай мәрте бала асырап алу жөнінде ұсыныс айтып, ақылдасыпты. Бірақ әйелі тек өз құрсағынан шыққан баланы иіскеп, аналық махаббатты сезінгісі келетінін айтып, көнбепті. Не керек, айы, күні жетіп перзентханаға түскен келіншектің табан астынан шарықтап кеткен қан қысымын түсіргенімен, дәрігерлер босанған әйелді ажалдан арашалап қала алмайды. Баланы аман алып қалғанымен, анасының әлсіз жүрегі жоғары қысымды көтере алмай, соғуын тоқтатады. Толғақ қысып, жаны қиналғанда күйеуін шақыртыпты, босанған кезде қасында болуын өтініпті. Досым сол кезде өзі куә болған бір жайды айтқанда қатты таңғалдым. Әйелінің қайтыс болғанына көзі жетсе де, дәрігерлердің рұқсатымен шарылдап жатқан шақалақты анасының омырауына жатқызғанда бала бірден жылауын қойыпты және әлі суи қоймаған анасының төсіне ерні тигенде келіншектің емшегінен сүт ағып, көз жанарына шүпілдеп тұнып қалған мөлдір тамшы сыртқа ыршып кетіпті...
Осы оқиғаны естігенде ақын Мұхтар Шахановтың "Кета балықтың ерлігі" деген өлеңі ойыма түсті. Ақжайық өзенінде болатын Кета деген балық уылдырық шашатын мезігілі келгенде ұрпағының өсіп-өнуіне жайлы һәм қауіпсіз жер тапқанша мыңдаған шақырым жер өр ағысқа қарсы жүзеді екен. Осыншама ұзақ жолда ол көптеген қиыншылықтар мен судағы жыртқыштардан төнетін қауіп-қатерді басынан өткеретін көрінеді. Бірақ соған қарамастан алған бағытынан кейін қайтпай, ағысқа қарсы өрлей береді. Діттеген жеріне жетіп, уылдырық шашқан соң, өзі өліп қалады. Ол балық болса да уылдырығын салған соң өзінің өліп қалатынын тірі жаратылысқа тән түйсігімен сезінеді. Бірақ сөйте тұра ол сол қадамға барады. Өйткені табиғатта аналық клеткалардың жадына тек ұрпақ тарату міндеті жазылған. Ананың бақыты да сол, соры да сол. Осыдан соң Құдайдың құдіретіне қалай иланбассың?!
Иә, қазақ әйелі ұрпағы үшін өмірдің қандай да қиыншылықтарына төтеп беріп, сол нәзік жаратылысымен-ақ тауды да қопарады, дүниені де түлетеді, жаңартады. Қажет кезінде ұрпағы үшін жанын да қия салады. Бұл сөзімізге жоғарыдағы жігіттің әңгімесі дәлел. Ұрпағы үшін дүниеден өтсе де, көре алмай кеткен шақалағының амандығын өлі денесімен сезіп, аузына омырауынан бір тамшы сүт тамызған ана – нағыз қазақ әйелінің бейнесі.
Қуат Ахетов