ӘЙЕЛДІҢ БАҚЫТЫ БОСАҒАДА БАЙЛАУЛЫ
Аналарымызға, қыз-келіншектерге көңіл түкпіріндегі жылы сөзімізді арнап, шын ниетімізбен сыйлық жасау үшін атаулы күннің немесе арнайы мерекенің аса қажеті жоқ. Өйткені жан-жүрегінен дүниеге шуақ таратып, тіршіліктің тамырына нәр беріп отырған әйел-аналарға гүлтәжіне ораған кәделі сыйлық та, жылы жүректен шыққан әдемі сөз де әбден лайық.
Көгілдір көктемнің шуақты мерекесі қарсаңында ардақты ана, «Жалағаш аудандық әйелдер кеңесі» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Әсия Мәдиевамен сұқбаттасқан едік.
– Әсия Сауранбайқызы, алдымен сізді ерте көктемде құс қанатымен келетін мерейлі мерекемен құттықтаймыз. Жалпы сіз осы мерекені қандай көңіл-күймен қарсы аласыз және бұл күннің сіз үшін маңызы қандай?
– Адам баласының аман-есен қарсы алған әрбір таңы – мереке. Аман жүргеніңнен асқан бақыт, қуаныш жоқ. Біздің бірі-бірімізге жылы сөз арнап, сыйлық жасауымыз үшін мерекелі күнге дүрбі салып отыру шарт емес. Әйел заты өзінің жақындарынан үнемі жылы сөз күтеді. Әсіресе дәл осы мерекеде қыздарымыз ер азаматтардан, келіншектер жарынан шоқ-шоқ гүл мен түрлі сыйлықтар дәметеді. Бұл атаулы күннің қуанышы да, қызығы да сол. Жаратылыс өз заңдылығын сақтайды, нәзікжандылардың табиғаты өзіне көңіл бөлгенді қалап тұрады. Мен де әйелмін, анамын. Ендеше, мен де бұл мерекені көтеріңкі көңіл-күймен қарсы аламын. Балаларымнан, немерелерімнен, замандастарымнан құттықтау күтетінімді де жасырмаймын. Құттықтау мен сыйлықты айтпағанда, алғаусыз айтылған бір ауыз жылы сөздің өзі жаныңды жадыратады ғой. Сондықтан әйел адам тек мереке күні ғана емес, айналасынан күн сайын жылы сөз естіп тұрса да артық емес.
Қандай да бір атаулы күннің астарынан маңыз іздемеймін. Әрине мемлекеттік мерекелердің әрбірінің шығу тарихы бар, оған құрметпен қарап, өз дәрежесінде атап өтуге тиіспіз. Десе де, маған мерекенің барлығы да ерекше әсер сыйлайды. Тек әр адам сол әсерді сезіне алса, сонда ғана мерекенің маңызын түсінеді.
– Бұрынғы қазақ әйелінің отбасындағы орны баршамызға белгілі. Ал қазіргі қазақ қоғамындағы әйел-аналардың рөлі қандай?
– Заман жаңарады, қоғам ауысады, адам өзгереді. Бірақ адамның табиғи қалпы өзгермейді. Құранның ақиқи сөзімен айтсақ, ер мен әйелдің жыныстық жаратылысы ақырзаманға дейін сақталады. Бұрынғы қазақ әйелінің болмысы да, отбасындағы рөлі де өзгерген жоқ. Кез келген қазақ аруының бойында әдеп-иба, жүзінде иман-ұят бар. Әйелдің бірінші міндеті – тұрмыс құрып, бала сүйіп, ана атану, ұрпақ тәрбиелеу және сол саналы ұрпағы арқылы ұлтты қалыптастыру. Демек, бұл әйелдің мойнында мемлекет ісі ғана емес, тұтас ұлттың тәрбиесі тұр дегенді білдіреді. Осыны ескерсек, нәзікжандылар қоғам қанша өзгергенімен өзінің табиғи қалпын бұзып шығып кете алмайтынына көз жеткіземіз. Мен өзім зейнет жасына шыққанша ұзақ жыл мемлекеттік қызмет істедім. Бірақ мен отбасы жауапкершілігін бір сәт болса да есімнен шығарғаным жоқ, қызметтік лауазымды екінші орынға қойдым. Күйеуімнің де жағдайын жасадым, балаларымның тәрбиесін де назардан тыс қалдырмадым. Қазірде ауданымызда мемлекеттік қызметте жүрген немесе мекемелерге басшылық жасап отырған қыз-келіншектер бар және олар ер-азаматтармен қатар жүріп, қажымай-талмай өз жауапкершілігіндегі жұмысты үлкен абыроймен атқарып келеді. Жаңа жүйеге бейімделген, заманауи технологияларды да меңгерген. Сонымен бірге бойларынан қазақ әйеліне тән қасиеттің барлығы табылатын сол сіңлілерім қызмет барысында басшы болғанымен, отбасының ортасында аялуы жарға, ардақты анаға айналады.
– Ана ретінде өзіңізден кейінгі қыз-келіншектерге қандай ақыл-кеңес айтасыз?
– Жоғарыда айттым, қазақ қыздарын өзгелерден ерекшелеп тұратын әдемілігі және бойындағы әдеп-ибасы. Қазақ отбасында қыз баланың тәрбиесіне аса мән берген. Өйткені бабаларымыз ұл бір рулы елді тәрбиелесе, қыз бір ұлтты тәрбиелейтінін айтып кетіпті. Демек, бұл кейінгі ұрпақтың тектілігі, тазалығы қыз баланың тәрбиесіне тікелей байланысты деген сөз. Сондықтан қай кезде де ұрпағын ойлаған, олардың келешегіне алаңдаған халқымыз қыз баласының арына қылау түсірмей қорыған. Ата-әжесінің тәлімін, ата-анасының тәрбиесін алып, мейіріміне жарып өскен бүгінгі ұрпақтың білім-ғылымға құштарлығы, өнерге жақындығы қуантады. Десе де аға буын өкілі ретінде өзімізден кейінгі қыз-келіншектерге ақыл-кеңесімізді беріп отыруға тиіспіз. Мен ауданымыздағы әйел-аналармен өзім басқарып отырған кеңестің жиындарында жиі кездесіп тұрамын. Сол кездесулерде әйел адамның қай салада болсын қоғамға қызмет етуін құптайтынымды айтып отырамын. Расында оған бүгінгі қыз-келіншектердің сауаты да, кәсіби біліктілігі де, қабілет-қарымы да жетеді. Алайда әйел-аналардың негізгі міндеті – еліміздің демографиялық ахуалының түзелуіне үлес қосу. Өйткені әйелдің бақыты босағасында байлаулы болады.
– Шынайы әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан Қуат АДИС