ӘЛЕМНІҢ ЖАРЫҒЫН СЫЙЛАДЫҢ СЕН МАҒАН
Анаңды Меккеге үш рет арқалап апарсаң да перзенттік парызыңды өтей алмайсың. Бұл сөздің астарында «ана» деген асыл аттың құдіреті жатқандай. Тоғыз ай құрсағында көтеріп, жарық дүниеге әкелген, түн ұйқысын төрт бөліп ақ сүтін берген, қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай өсірген ардақты аналарға жылдың бір күнінде ғана емес, әр күн сайын құрмет көрсетсек те артықтық етпейді.
Мынау тынымсыз тіршілік пен кең дүниенің өзі де тек аналармен ажарлы емес пе!? 8 наурыз – халықаралық әйелдер күні мерекесі қарсаңында аудан аналары ерекше құрметке бөленді. «Ақжол» мейрамханасында гүл көктемнің ең жүрекке жылы мейірімді мерекесіне орай салтанатты шара өтті.
Шараға аудан басшылығы бастаған бірқатар азаматтар, жастық жігерін, қажыр-қайратын еліміздің өсіп-өркендеуіне арнаған, бүгінде сол бейнеттің зейнетін көріп отырған ардақты ардагер, «Батыр аналар» қатысты. Іс-шарада аудан əкімі Қайратбек Сәрсенбаев айтулы мерекенің маңыздылығына тоқталып, алтын құрсақты батыр аналарға ыстық лебізін білдірді. Жер бетінде тіршіліктің өзегін келешекке жалғаған, өсер ұрпағына құндақталған шағынан ізгіліктің дəнін сепкен аналарды мерейлі мерекесімен құттықтады. Сондай-ақ, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы С.Әлиев, бірқатар «Батыр аналар» шараға қатысушы әзиз әжелерді, ардақты аналарды, ару қыз-келіншектерді мерейлі мерекемен құттықтап, ізгі тілектерін жеткізді.
Өз кезегінде аудан дамуына ерекше үлес қосқан, ғазиз ғұмырында сүбелі еңбек еткен аналар кешті ұйымдастырушыларға жүрекжарды тілектерін айтып, ризашылықтарын білдірді. Кеш соңында аудандық мәдениет үйі өнерпаздары алтын құрсақты аналарға арнаған əн-жырдан шашу шашып, көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Жиын соңында биыл 80 жасқа келіп отырған мерейтой иелеріне, көпбалалы аналарға, кәсіпкер ханымдарға аудан әкімінің «Алғыс хаты», гүл шоқтары мен сый-сияпаттары табыс етілді.
Н.АЛМАС,
М.АХМЕТОВ (сурет).