» » » ҚАБЫРҒАДАҒЫ ЖАРАТЫЛЫС НЕМЕСЕ ҚАЗАҚ ӘЙЕЛІ

ҚАБЫРҒАДАҒЫ ЖАРАТЫЛЫС НЕМЕСЕ ҚАЗАҚ ӘЙЕЛІ

Он сегіз мың ғаламды Жаратушы Құдірет жер бетіндегі ең саналы тіршілік иесі – Адам Атаны топыраққа салғанда жалғызсырамасын деп оған Хауа Ананы серік етіпті. Алла Тағала Әзірейл періштесіне жерден топырақ алдырып, алдымен оны бірнеше жыл қайғы жаңбырымен және шаттық жаңбырымен балшыққа айналдырып Хазіреті Адам Әлейһиссаламның денесінің үлгісін жасапты. Содан соң Жебірейл періштеге бұйрық етіп өзінің асыл жаратылған махаббаты – мейірімділік пен қайырымдылық желінен самал алдырып, адам денесіне рух салыпты. Одан соң Исрафил періштеге бұйрық етіп өзінің пәк рахметінің суынан алдырып, адам денесіне тап-таза мөлдір судай көңіл салыпты және Микайл періштеге пәле мен апат көрігінен от алдырып, адам денесіне нәпсі салыпты. Ақырында сол денеге топырақтан ақыл салыпты. Бірақ, Адамды осындай төрт түрлі заттан пайда еткен Алла Тағала Хауаны сол түп атамыздың оң жақ қабырғасынан жаратыпты. Міне, сол екеуінен жер бетіне адамзаттың ұрпағы жайылыпты. Қасиетті Құран Кәрім осылай дейді.

...Қабырға адамның барлық ішкі ағзаларын сыртқы соққылардан қорғап тұратын құрсау-қорғанышы. Ең әрісі, адам денесінің патшасы, барлық жақсылық атаулының тұрақ тапқан мекені – жүрек те сол қабырғаның астын паналайды. Сондықтан жүрек жабықса, қабырға қайысады...
Қыз баланы аялап, әйел затын құрметтеп, ана атаулыны ардақтауды қазақ ешкімнен үйренген жоқ, керісінше, бұл тұрғыда өзгеге үлгі болды. Бұған халқымыздың ықылымнан келе жатқан салт-дәстүр, әдет-ғұрпы куә, бабалардың жүріп өткен санғасырлық жолы куә. Ұлтымыздағы қан тазалығының бүгінге дейін сақталып келуінің себебі де қыз баланың болашағын құрсақта жатқанда ойлауында болса керек. Қыздың арын әке-шешесі ғана емес, бүкіл ауыл болып, бүкіл ел болып қорғауының астарында қазақ халқының әйел затына деген құрметі жатыр. Әр шаңырақтың табалдырығына құт қонақтатып, босағасына ырыс айналдырған қырық шырақты әйелдің қадірін қазақтай білген ұлт жоқ шығар, сірә?! Бір қолымен бесігін, екінші қолымен әлемді тербетіп, жүрегінің шуағымен қарау көңілдердің қырауын жібіткен анаға деген құрмет те біздің халықта алабөтен. Жұмақтың қақпасын да сол асылдарымыздың табанының астынан іздейтініміз – оларды құдіреттің өзімен шендестіргеніміз. Қазақтың басынан өткен алмағайып, аласапыран замандарда жорыққа аттанып кетіп, оралмаған ерінің шаңырағын күзетіп, өмір бойы ошағының отын сөндірмеген қазақ әйелінің бейнесі ешқандай да жасанды әдеби образ емес еді. Әрісін айтпағанда, кешегі екінші дүниежүзілік соғыста қаншама әйел отау құрған күні-ақ жесір атанып, ғұмыр бойы қу тізесін құшақтап өтті. Күндіз ер азаматтармен бірге ауыр еңбекке жегіліп, төменетекті екенін түнде төсекке қисағанда ғана сезінген аналарымыздың нәзік жүрегі мен болаттай болмысы оларды құдіретке теңеуге лажсыз көндіреді. «...Табынатын болса өмірде құдірет, табынар ем «Ана» деген Тәңірге». Иә, табынбайсың, табындырады. Бұл қазақ әйеліне ғана тән болмыс. Сондықтан жаратылысынан жаны таза, пейілі риясыз, жүрегі жылы, тілегі түзу, көңілі көлеңкесіз, табиғатынан табанды, инабатты, ибалы, арлы, еңбекқор, жауынгер, ақын, әнші, жыршы, күйші, ісмер, аспаз қысқасы, қолынан барлығы келетін, болмысына жақсы қасиеттің бәрі байланған қазақ әйелінің шынайы бейнесін көргенде Хауа ананы қазақ болған десе еріксіз иланасың.
Ендеше, бізге қабырғадан жаралған сол жаратылыс иесін қадірлеп, құрмет көрсетуге белгілі бір атаулы күннің керегі де шамалы екен. Қарындастың, әйел-аналардың қамқорлығына қарыз бір ұлт болса, ол – қазақ халқы. Сондықтан біз, ер-азаматтар шыбын жанымыз мекендеген жүрекке қорғаныш-қамал болған қасиетті қабырғамызға жарақат түсірмей, оны аялауға тиіс екенбіз. Өйтпеген күнде жүрегіміз қорғансыз қалады екен. Ал, жүрек қорғансыз қалса, сол қабырғаның иесі де болмайды екен...


Қуат АХЕТОВ.

07 наурыз 2018 ж. 1 050 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 707

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031