» » » Амандасу әдебі: Қазақ қалай амандасқан?

Амандасу әдебі: Қазақ қалай амандасқан?


Амандасу инабаттылық пен әдепке қатысты қатынас нормасы. Байырғы қазақ дәстүрі амандасулардың әлеуметтік тегінен, байлығынан және жалпы өмірдегі алатын орнынан белгі беретін болған.

Ертеде хан немесе ірі сұлтандарға төменгі таптағы адам екі қолын кеудесіне қойып және төмен қарай иілмесе, оларға жақындай алмаған. Ал егер ол қайырым ретінде оған қолын созса, онда ол бір тізерлеп жерге отырып, оның қолын екі қолымен қысады. Әлеуметтік дәрежесі орташа адам өзінің әміршісіне қолын кеудесіне қыспай, бірақ, басын иіп келген. Хан немесе күшті әмірші, өзінің қарауындағылардың сәлеміне жауап ретінде оның иығына қолын қойып, сыйластығы болса қолын қысып амандасатын болған. Егер ханды жолай кезіктірсе, онда жолда тоқтап тұрып, оның өтіп кетуін күтуі керек, әрі басын иіп, қолын кеудесіне қойып дауыстап сәлем беруі шарт. Қараша халық өкілі сұлтандарға сәлемдескенде тізесін бүгіп көбіне «Алдияр тақсыр!» деп сәлем берген. Билігі жоқ төрелер мен сұлтандардың сыртынан болса да ізеттілік көрсету өз дәрежесінде болмағанымен, әмірі күштілер алдында ізеттілік шаралары қатаң сақталды.
Дәрежесі тең, бірақ, жақын таныс емес адамдар бір-бірінің бір қолын алып қана амандасқан; ал таныстар (ер адамдар) бір-біріне екі қолдарын береді және сонан соң, екі жаққа алма кезек иық тірестіріп құшақтасады немесе керісінше бір-бірін кеуделеріне қысып құшақтайды. Мұндай қимылдар кездесу кезінде жасалады. Әйелдер де кездескенде жалпы қабылданған әдетті сақтаулары тиіс. Әлеуметтік жағдайлары тең әйелдер кезіккенде қол алыспайды (еш уақытта сүйіспейді), тек бірі екіншісіне жәй ғана иіледі. Егер аға сұлтанның әйелдерімен қарапайым әйелдер кезігіп қалса, қарапайым әйелдер жанарларын төмен түсіріп, ізет көрсетіп иіледі. Бірақ, ханша немесе белгілі сұлтан әйелін кездестіргенде қараша өкілі жанарын төмен түсіріп, иіліп, бетін сипап сәлемдесуі керек. Жас әйел жасы үлкен туыстарының алдында бір тізесін бүгіп, иіліп сәлем салады.
Қазақтар бір-бірімен жолыққанда бір-бірімен мал-жан аман ба? – деп сұрасқан. Мал аман ба? – деп сұрауы олардың тұрмыс-тіршілігі күнкөріс өзегі, шаруашылық қатынастарының негізгі құралы саналған төрт түлікпен тікелей қатысты болуына байланысты малды және отбасы туралы жөн сұрасу қалыптасқан нормаға айналған. Осылай сәлемдескенінен кейін ризашылықпен кішіден: «Мал-жаның аман ба?», – деп сәлем береді. Оған қалыптасқан дағдылы жауап: «Құдайға шүкір, өзіңіздің мал-жаныңыз аман ба?» — деп жауап береді. Қазақ «Жақсы сөз, жарым ырыс», деп ырымдап, әрқашанда «жақсы» деген. Ерлер арасында мұндай амандасу сөздер әйелдерге қатысты қолданылмайды, оларға тек «Сәлеметсіз бе?», — деп амандасады. Далада бір топ қазақтар екіншісімен ат үстінде кездесіп қалса, «Ассалаумағалейкүм» деп, оң қолын созып амандасып, сол қолын амандасушының оң иығына қояды. «Уағалейкүмсалам» деп аманын қабыл алып, қол алысады. Қазақтар қонаққа барғанда, киіз үйдің жанына жақындағанда аттан түседі, ал үй иесі қолғанат ересек балалары қарсы алып, аман-саулық сұрайды. Осы кезде әйел адамдар үй-ішін реттеп, кілем-сырмақтарын төр көрпешелерін төсейді. Келген мейманның өзі киіз үйге енгенде «Ассалаумағалейкүм» деп жалпыға сәлем беріп кіреді. Тіпті, баспанада адамдар жоқ болса да немесе әйелдер отырған жағдайда да «Ассалаумағалейкүм» деп шаңырққа сәлем беру әдет қалыптасқан. Сырдарияның төменгі бойы қазақтарында амандасудың да өзіндік дәстүрге бағынған рәсімі бар. Арал, Қазалы өңірінде ер бала, қыз бала да өзінен үлкендерге дауыстап сәлем бердік дейді. Келіннің беті ашылып, босаға аттаған күннен бастап, келін күйеуінің ағайындарына көрген кезде екі қолын алдына бір-біріне айқастырып қойып «Сәлем бердік», – деп дауыстап, өзі иіледі. Күйеуінің ағайындары жол-жөнекей кездескен күнде де осылай сәлем салады. Үлкендер келіннің сәлеміне «Көп жаса! Бақытты бол!» -деп жауап қайтарады. Бұл дәстүр келіндердің күйеуінің ағайындарына деген ізеттілігін білдіреді.
Жаман ырым болып саналғандықтан, ауылға алыстан атпен шауып келуге болмайды. Ауылға қонақ келгенде міндетті түрде аяңдап келіп, үй сыртына жақындағанда «сөйлес» деп дауыстайды. Үш қайталаудан кейін жауап болмауы қонақты қабыл алмағандығын білдіреді. Үй иесі немесе үй иесінің әйеліне қонақ «құдайы қонақ» деп жауап береді. Бұдан кейін үй иесінің шақыруымен үйге кіреді және келген қонақ әйел болса үйдің сол жағына, еркек болса оң жағына отырады. Егер, үй иесі өз қонағынан жасы үлкен болса, онда бірінші болып: «Амансыз ба?» деп сәлемдеседі, қонақ сұрағына жауап беріп, үй иесінен «Мал-жаныңыз аман ба?» деп сұрайды. Содан соң қонақ үйде отырғандардың барлығын аралап шығады. Ал әйел адамдарға жұмсағырақ: «Есенсіз бе?» – дейді, бұл «Деніңіз сау ма?» – дегенді білдіреді. Ал қыздарға айтқанда; «Қарағым», «шырағым» – деген сөздерді қосады.
Ұзақ уақыт көріспеген жандар немесе ұзақ сапардан келген адамның амандығымен қоса, жөншілігін сұрап, егжей-тегжейлі сұрасады. Алыстан келген адамға «алыстан алты жасар бала келсе, алпыстағы адам барып сәлем береді» деген ереже бар. Дегенмен, жасы мен жолы үлкен адамдарға сапардан келген адам өзі әдейілеп барып, сәлем беруі тиіс. Мұндай ізеттіліктің бірі сол әулеттің ертеден келе жатқан қара шаңырағына соғу міндет
Қазақтың қанға сіңген дәстүрі бойынша екі кісі жолыға қалғанда алдымен жасы кішісі «Ассалаумағалейкүм!» деп бірінші болып сәлем береді. Жасы үлкені «Уағалайкүмассалам!» деп жауап қатады. Содан соң мал-жан амандығы сұралады.
Мұсылманша сәлемдесу бір-бірін танымайтын бейтаныс адамдар үшін де міндетті саналған. Кейіннен атеизмді ту еткен коммунистер қоғамы сәлемдесудің бұл түрін ұлт жадынан өшіріп, архаизмге айналдыруға тырысты. Алайда дегендері болмай, өздері құрдымға кетт, деп жазады
Қазірде бізде сәлемдесуге аса мән бермейтін ұрпақ қалыптасты. Қоғамда қалыптасып бара жатқан сәлемдесу үлгілері бір-біріне тілек тілеуден гөрі, бір-біріне жауапсыз сұрақ қойғандай әсерде қалдырады. Мысалы, «сәлеметсіз бе?» жауабы «сәлеметсіз бе?» немесе «қалайсың?» жауабы «қалайсың?»
Қазақ халқындағы амандасу үлгісі нағыз мұсылманша болатын. Кездескен кезде оң қолын жүрек тұсына қойып, «Ассалаумағалейкум!» деп дауыстап сәлем берген. Оң қолын беріп, қос қолдап амандасқан. Жас үлкенге, жалқы адам жалпы көпшілікке бірінші болып сәлем берген. Ал, әйел кісілермен «Есенсіз бе?» деп хал сұрасқан. Осылай сәлемдесу әдебін балаларына да үйреткен. Сол тәрбие арқылы шынайы мұсылманшылық болмысын сақтай алған. Бұхар жыраудың мынадай үлгілі нақыл сөзі бар:
Өзек қуа ағады,
Өзен судың сағасы.
Алыстан сәлем береді,
Әдепті елдің баласы.
«Ассалаумағалейкум» арабша «Ассаламу алейкум» – «сізге Құдайдың тыныштығы болсын» деген мағынаны білдіреді. Демек, мұсылманшылықта сәлем берудің негізі – тілек, екі мүмін кездескен жерден бір-біріне Тәңірінің тыныштығын тілеп, дұға етеді. Мұсылмандардың сәлемдесу формуласы Құран аяттарымен және Пайғамбар (с.а.у.) хадистерімен бекітілген.
Жаратқан Ие мұсылмандарға бір-бірінің үйлеріне барғанда жақсылап амандасуларын бұйырады. Есендеспей кірмеуді ескертеді.
Алла Тағала былай дейді: «Уа, иман келтіргендер! Өздеріңнен үйлеріңнен басқа үйлерге қашан үйренісіп, иелеріне сәлем бермейінше кірмеңдер. Солай еткендерің өздеріңе жақсы, бәлкім, үгіт аларсыңдар».
Сондай-ақ, ардақты аяттарда сәлем берген адамға сәлем қайтарудың маңыздылығы айтылады.
Алла Тағала былай дейді: «Және егер сендерге сәлем берілсе, одан да жақсы сәлем беріңдер не солай қайтарыңдар. Шындығында, Алла әрбір нәрсені есептеуші».
Мұсылманша амандасудың түп-төркіні атамыз Адамнан басталған. Хақ Тағала әу баста оған осылай сәлемдесуді үйреткен.
Алланың Елшісі (с.а.у.) былай дейді: «Даңқты да ұлық Алла Адам атаны алпыс шынтақ бейнесінде жаратты. Жаратып болған соң оған: «Ана отырған топқа бар да, сәлем бер. Олардың өзіңе не деп жауап қайтаратынын тыңдап көр. Бұл сенің және ұрпақтарыңның сәлемдесуі», − дейді. Ол жерде бір топ періштелер отырған болатын. Адам ата оларға барып: «Ассаламу алейкум!» − деп амандасады. Олар: «Ассаламу алайка уа рахматуллаһ!» − деп, «рахматуллаһ» сөзін қосып жауап қайтарады».
Пайғамбар (с.а.у.) саналы ғұмырында ізгі сахабаларына мұсылманшылық әдептің қыр-сырын баяндап түсіндірген. Бір-біріне Тәңірдің тыныштығы мен бейбітшілігін тілеудің түбі құт-береке әкелетіндігін айтып өткен.
Әнес (р.а.) былай дейді: «Алланың Елшісі (с.а.у.) маған: «Уа, балам! Отбасыңа кірген кезде оларға сәлем бер. Ол өзіңе де, отбасыңа да береке әкеледі», − деді».
Пайғамбардың (с.а.у.) осы тәлімі кейінгі үмбетіне керемет үлгі. «Жасында көргені жоқтың өскенде айтары жоқ» дегендей, баланы жасынан мұсылманша сәлем беруге үйрету – оның болмысына имани құндылықтарды сіңірудің бір жолы. Сондықтан бүлдіршін кезінен «атаңа сәлем бер», «әжеңмен амандас», «оң қолыңды беріп амандас» деп үйретіп, балауса шақтан ізеттілікке баулыған жөн.
Сондай-ақ, екі адам емен-жарқын амандасса, іштегі көңіл кірі, бір-біріне деген өкпе-реніші кетеді. Сонымен бірге оларға Жаратқан Ие де разы болып, күнә-қателіктерін кешіреді. Шариғатта шынайы сәлемдесудің осындай қырлары бар.
Барадан (р.а.) жеткен риуаятта Алланың Елшісі (с.а.у.): «Қандай да бір екі мұсылман бір-бірімен кездескенде қол берісіп амандасса, олардың күнә-қателіктері кешіріледі», – деген.
Араздасып қалған мұсылмандардың арасын жарастыруға сеп болатын да осы сәлемдесу.
Әбу Аййуб әл-Ансариден (р.а.) жеткен риуаятта Алла Елшісі (с.а.у.) былай дейді: «Ешбір мұсылманға бауырымен үш күннен артық араздасуына, екеуі кездескенде бір-бірінен бет бұруларына болмайды. Олардың ең ізгісі − алғаш сәлем бергені».
Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткен риуаятта бірде Пайғамбар (с.а.у.): «Жаным қолында болғанмен ант етейін, жәннатқа қашан иман келтіргендеріңше кірмейсіңдер, ал қашан бір-бірлеріңді жақсы көрмегендеріңше толық иман келтірмейсіңдер. Сендерге соны нығайтатын нәрсені айтайын ба? Өз араларыңда сәлемді таратыңдар (яғни, бір-бірлеріңе сәлем беріңдер)», – деген.
Әбу Һурайрадан (р.а.) бірде сахабаларымен бірге мәжіліс құрып отырған Алланың Елшісінің (с.а.у.) жанынан бір кісі өтіп бара жатып: «Ассаламу алейкум!» – деп сәлем береді. Пайғамбар (с.а.у.): «Он жақсылық», – дейді. Сосын басқа бір кісі өтіп бара жатып: «Ассаламу алейкум уа рахматуллаһ!» – дейді. Пайғамбар (с.а.у.): «Жиырма жақсылық», – дейді. Сосын тағы бір кісі өтіп бара жатып: «Ассаламу алейкум уа рахматуллаһ уа бәрәкәтуһ!» – дейді. Сонда Пайғамбар (с.а.с.): «Отыз жақсылық», – дейді.
Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткен риуаятта Алланың Елшісі (с.а.у.): «Аттылы жаяуға, жаяу отырғанға, азшылық көпшілікке сәлем береді», – деген..
Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткен риуаятта Пайғамбар (с.а.у.): «Кіші үлкенге, жүргінші отырған адамға, азшылық көпшілікке сәлем береді», – деген.

“Дін мен дәстүр”
http://stan.kz

07 ақпан 2018 ж. 1 452 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 697

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031