Нұр-Сұлтанда түнгі клубтар мен моншалар жұмысын тоқтатты
Қазақстанда коронавирусқа байланысты төтенше жағдай енгізілуіне байланысты Нұр-Сұлтанда кейбір орындар жабылып, кей нысандардың жұмыс уақыты өзгерді
ERNUR.KZ. Қазақстан астанасында караоке, түнгі клуб, монша, компьютерлік клубтар мен фитнес орталықтары уақытша жабылды, деп жазады sputniknews.kz.
Төтенше жағдай режимі аяқталғанға дейін астанада кинотеатрлар, театрлар, көрмелер мен көңіл көтеру орындары жұмыс істемейді. Атап айтсақ, түнгі клубтар, караоке, бар, монша, компьютерлік клубтар, фитнес орталықтар, жаттығу залдары, бассейндер уақытша жабылады.
Сонымен қатар, мейрамханалардың, дәмханалардың және өзге де қоғамдық тамақтану орындарының жұмыс уақыты 22.00 сағатқа дейін шектелді. Тамақтану орындарында бір мезетте адамдар саны елуден аспауы керек.
Дәмхана мен мейрамханаларда және тағы басқа орындарда кальян пайдалануға тыйым салынып отыр. Киім-кешек базарлары сағат 11.00-ден 17.00-ге дейін ашық болады. Санитарлық және дезинфекциялық шаралар күшейтіледі. Қоғамдық тамақтану орындарында, сауда ойын-сауық орталықтарындағы фуд-корттар дезинфекциядан өтіп тұрады.