ЖАСТАР БІЛІКТІ МАМАН БОЛУҒА ТАЛПЫНДЫ

«Worldskills» біріншілігінің аудандағы сайысы жуырда Жалағаш индустриалды-аграрлық колледжінде бастау алды. 15-ке жуық ізденуші бақ сынаған доданың ашылу салтанатында колледж директоры Ғани Серікбаев қатысушыларға сәттілік тілеп, жобаның мақсатын кеңінен тарқатты.
– Бұл байқаудың арғы тарихына үңілсек, сонау 1946 жылдан бастау алады. Еуропада жүзеге асқан жарқын жобаны кейін әлемнің басқа да мемлекеттері пайдалана бастады. Бұл конкурстың бір ерекшелігі, жас мамандардың өзі игеріп жатқан саласына деген қызығушылығын арттыра отырып, бір жағынан жұмысқа орналасуына мүмкіндік береді. Біздің оқу орнымызда да осындай талапты әрі тәжірибелі ізденушілер жетерлік. Былтырғы, алдыңғы жылғы кезеңдерінде де оқушыларымыз жақсы нәтижеге қол жеткізді. Биыл да байқауға белсенді қатысады деп ойлаймын. Баршаңызға сәтілік тілеймін. Додада тек мықтылар оза шапсын, – деді Ғ.Серікбаев.
Колледж қабырғасында өткен байқауда қатысушылар «Кондитер» құзіреттілігі, «Электромонтер», «Пісіру ісі», «Фермер шаруашылығы» және «Үйлер мен құрылымдарды салу және пайдалану» деген бес сайыс бойынша бақ сынады. Кәсіптік білімді өзіне серік еткен жастардың өнеріне облыстық білім басқармасының «Кәсіптік білім» бөлімінің бас маманы Ұлан Жетібайұлы, Жалағаш индустриялды аграрлық колледжі директорының оқу-өндірістік жұмыстары жөніндегі орынбасары Балхаш Шәменова, «Айнабаева» кәсіпорнының басшысы Салтанат Айнабаева сынды бірқатар маман иелері мен кәсіпкерлер қазылық етті.
Айта кетейік, аталған байқаудың бұған дейінгі сайыстарында колледж студенттерінің жеткен жетістіктері көп. Мәселен, 2016 жылғы «Worldskills» біріншілігінің облыстық кезеңінде «Аспаз» құзіреттілігі бойынша Жеңіскүл Шапағат, «Тас қалаушы» кезеңі бойынша Бағдат Ерболат арнайы алғыс хатқа ие болған еді. Сондай-ақ дәл осы жылы колледж шәкірті А.Қопанов «Слесарь ісі» кезеңінде үздік үштікті түйіндеді. Ал 2017 жылғы облыстық кезеңде «Аспаз» құзіреттілігі бойынша Бекжан Байсақал екінші орынға жайғасты. Араға бір жыл салып облыстық байқаудың дәл осы кезеңінде колледж шәкірті Фариза Әбішова үшінші орынға жайғасса, былтыр «Кондитер» құзіреттілігінде Әсем Кәрібаева екінші орынды, «Аспаз» құзіреттілігі бойынша Ақниет Беркімбай үшінші орынды жеңіп алды.
Талапкерлердің биылғы байқаудағы көрсеткіші де жаман емес. Сайыс барысында қазылар алқасы қатысушылардың өз ісіне деген қабілеті мен ептілігіне назар аударды. Сондай-ақ жұмыс жасау кезінде қауіпсіздік ережесін сақтау шараларын қадағалауды талапкерлер назардан шығармау қажет. Шара соңында жеңімпаздар марапат төрінен көрініп, арнайы жүлделерге қол жеткізді.
Кенжетай Қайрақбаев