Инновациялық жобалар нәтижесін беруде
Қазір мемлекет тарапынан кәсіпкерлік саласын дамытуға жан-жақты қолдау көрсетілуде. Мақсат – елдің экономикасын нығайтып, түрлі жұмыс көзін ашу. Жалпы аталған саланы ілгерілетудің тиімділігін кәсіпорындар көптеп шоғырланған өңірлерге қарап аңғаруға болады. Жалағаштың өзінде мемлекет қолдауының нәтижесінде іскер азаматтардың қатары қалыңдап, жұмыссыздық мәселесі өз шешімін тауып жатыр. Бір жағынан жергілікті салық базасында тұрақты өсім қалыптасты. Қазір бұрынғыдай емес, жергілікті халық кәсіпке келмес бұрын арнайы жобасын дайындап, тәжірибеде бар тәсілдерге сүйеніп, нақты жоспармен іс бастайды. Ал тұтынушы талабына сай өнім өндіруде кәсіпорындарға майталман мамандар ауадай қажет. Себебі тыңғылықты дайындықпен һәм нақты жоспармен іс бастағаныңмен кәнігі мамандарсыз кәсібіңді алға оздыру мүмкін емес. Бұл ретте аудандағы Жалағаш индустриалды-аграрлық колледжі кәсіптік білімді жастарға игертуге күш салуда.
Жалпы аталған оқу орнының оқытушылары дайындаған кадрлардың тәжірибелі екеніне еш шүбә жоқ. Қарапайым ғана мысал келтіре кетсек, колледж түлектерінің жыл сайын 80 пайызы өз мамандығы бойынша түрлі кәсіпорындарға жұмысқа орналасуда. Ал біліктілікті арттырамын деп келген шәкірттерге берілген білімде нәтиже болмаса, мұндай көрсеткіш қалыптаспас еді. Оның үстіне соңғы жылдары Жалағаш индустриалды-аграрлық колледжінде жастардың тәжірибесін шыңдауда теорияға басымдық берілуде. Тағы да қарапайым ғана мысал, оқу орны жанынан жылыжайдың жұмыс жасап тұрғанына бірнеше жыл болды. Әсіресе, «Ферма шаруашылығы» мамандығын игеріп жатқан ізденушілер үшін бұл тәжірибе шыңдауда таптырмас мүмкіндік. Қазірдің өзінде аталған мамандықты игеріп жатқандар әлден кәнігі бағбанға айналған ба дерсің. Мәселен, көп жерлерде жылыжай ішінде қос қапталда қызанақ пен қияр қатар орналасады. Ал негізінен бұл көкөністерді бір жылыжайдың ішіне орналастыруға болмайды екен. Колледж директоры Ғани Серікбаевтың сөзінше, қызанақ пен қиярды бір жылыжайға орналастыру шыққан өнімнің сапасына кері әсерін тигізетін көрінеді. Мұнда егінге ептілігі басым тек кәнігі мамандар жұмылдырылған. Былтыр мол өнімге қол жеткізген колледж ұжымы биыл да бұл бастаманы аяқсыз қалдырмапты. Былтыр мұнан бөлек түрлі гүлдерді өсіру жұмыстары да осында қарқынды жүрген, биыл да жалғасы бар. Білім ошағының басшысы бұл бір жағынан іштегі оқушылардың да ширауына үлкен көмек болғанын айтады.
– Жарты ғасырдан астам тарихы бар білім ошағында жылыжай ісін қолға алғалы мұнда ізденушілер де тәжірибе шыңдауда. Былтырғы жұмыс жемісін берді. Қызанақ пен қиярдан мол өнім алдық. Биыл да шығысы жаман емес. Бұл жылыжай тек табыс көзі ғана емес, мұндағы жастардың тәжірибе шыңдауына да қолғабыс болып отыр. Жылыжайда жұмыс жасайтын уақытта шәкірттер келіп, қай көкөністің күтімі қалай болатынын үйренеді. Олардың да бұл салаға қызығушылығы басым. Алдағы уақытта жастардың ішінен кәсіпке бет бұрып жатқандары болса, бұл үлкен дәріс болады, – дейді колледж директоры.
Аграрлы өңір үшін бұл арнаулы оқу орнының маңызы зор. Қазынадағы өсім тұрақтылығын қамтамасыз ету жұмыстары ауыл шаруашылығымен тығыз байланысты болғандықтан салаға майталман мамандар дайындауда колледж ұжымы талмай еңбек етуде. Мұнда ферма шаруашылығынан бөлек аспаз ісі, құрылысшы, электромонтер, тамақтандыруды ұйымдастыру мамандығы бойынша сапалы кадрлар дайындау бір жолға қойылған. Колледж қабырғасында тәжірибе шыңдап жатқан 350-ден астам талапкердің барлығы болашағын өз мамандығымен байланыстырады.
Былтыр «Жастар жылы» аясында елімізде білікті әрі тапшы мамандар дайындайтын колледждер арасында «Жас маман» бағдарламасы жүзеге асқан болатын. Аталған бағдарламаға ел қазынасынан 60 млрд теңге қаражат қаралды. Аймақтан үміткерлер қатарынан табылған 30 оқу орнының ішінен алтауы жеңімпаз атанса, соның бірі – Жалағаш индустриалды-аграрлық колледжі. Бұйыртса, келер жылы базадағы құрал-жабдықтар мен техникалар қатарын толықтыруға және жаңартуға ел қазынасынан 400 млн теңгеге жуық қаржы бөлінеді. Оқу орнының басшысы Ғани Серікбаев тиісті қаражатқа түрлі техникалар алынатынын айтады.
– Қазір бізде жастардың мамандығы бойынша қабілетін арттыруда теорияға басымдық беріледі. Бұл өз кезегінде кейін талапкерлердің жұмысқа тұруына және сапалы еңбек етуіне оң әсерін тигізері сөзсіз. Бұл ретте өткен жылы қолға алынған бағдарламаның қолдауы үлкен көмек болып отыр. Бұйыртса, қаржысы келер жылы қаралады. Тиісті қаражатқа 1 дана «Claas» комбайн, 1 дана «Iveco» жүк көлігі, 1 дана экскаватор, 1 дана тұқым себетін, пресс басатын техника сатып алсақ дейміз. Бұл құрылғыларды осы бастан тізгіндеген бала кейін жұмысында кедергілерге тап болмайды. Біз бұл техникаларға қол жеткізсек, барынша сапалы маман дайындауға күш саламыз, – дейді Ғ.Серікбаев.
Оқу орнында білім сапасының артқаны болар, қазіргі таңда мұнда Қазалы, Қармақшы, Арал, Шиелі, Жаңақорған аудандарынан келіп тәжірибе шыңдап жатқандар бар. Тіпті Алматы, Шымкент сияқты ірі қалалардан да келіп білім алып жатқандар жетерлік. Бастысы, көбісі мамандығы бойынша жұмысқа орналасуда. Жергілікті шаруашылықтарда техника тізгіндеген майталман механизаторлардың басым бөлігі – осы оқу орнының түлегі. Қазір Жалағаш жыл қорытындысымен астық жинаудағы рекордтық көрсеткішімен облыста көш бастап тұр. Еселі еңбектің жемісін жұрт болып көріп жатырмыз. Демек ауыл шаруашылығы саласының қарыштап алға басуында Жалағаш индустриалды-аграрлық колледжінің де қолтаңбасы бар деген сөз.
Кенжетай Қайрақбаев