» » ҚОЛДАУ ҚАРҚЫН АЛҒАН, НӘТИЖЕ ДЕ ЖОҚ ЕМЕС

ҚОЛДАУ ҚАРҚЫН АЛҒАН, НӘТИЖЕ ДЕ ЖОҚ ЕМЕС

Мемлекеттік бағдарламалармен іс бастап, ауданда кәсіпкерлік саласының дамуына үлес қосамын деген жандардан облыстық кәсіпкерлер палатасының жергілікті филиалы қызметкерлері қаржылай да, бағыт-бағдар беруде де көмегін аяған емес. Мәселен, былтырдың өзінде аталған палатаның Жалағаштағы филиалы 538 адамға кеңес берген. 12 айда 3 кәсіпкерлік субектісінен өтініштер келіп түссе, бүгінде іскер азаматтар тарапынан көтерілген мәселелер оң шешімін тауып отыр. Жергілікті шаруашылық төрағалары алдындағы есепті кездесуінде облыстық кәсіпкерлер палатасы аудандық филиалының басшысы Самат Карипов осылай деді.

Қазіргі таңда ауданда мемлекеттік бағдарламалардың көмегімен іс бастап, кәсібін дөңгелетіп отырған азаматтар санында айтарлықтай өсім бар. Бұған мемлекеттің аталған салаға деген ерекше қамқорлығы басты себеп болып отыр. Ал сол Үкімет бөлген қыруар қаржыны қарапайым халықтың игі іске жұмсауына кәсіпкерлік палатасының әрбір өңірдегі жерлігілікті филиалы қызметкерлері бастамашы болып отырғаны анық. Қазір арнайы бір оқытудан өтпесеңіз, қаражатқа да қол жеткізу мүмкін емес. Себебі белгілі бір жобаны қолға алмас бұрын оның тиімді-тиімсіз тұстарын толық түсінбесең, үстемақысы шағын несиемен бастаған ісіңнің де шатқаяқтайтыны белгілі. Осы ретте маман кеңесіне жүгінудің пайдасы мол. Мұның тиімділігін соңғы жылдары Жалағашта жұмысын тоқтатқан кәсіпкерлік нысандары санының төмендеуінен аңғаруға болады. Яғни палата жанындағы мамандар жұмысында айтарлықтай сапа бар деген сөз. Оның үстіне қазіргі таңда палатаның жергілікті филиалында «Прокурор» кабинеті жұмыс істейді. Аудандық кірістер басқармасының басшысы да апта сайын қабылдау өткізіп, іскер азаматтар үніне құлақ түреді.
Бүгінде халықты кәсіп ашуға және оны әрі қарай алып кетуге меңгертуде Жалағашта тиісті жұмыстар жүруде. Бұл ретте «Бизнестің жол картасы – 2020», «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту 2017-2021» бағдарламасы мен «Бастау», «Жас кәсіпкер» жобаларының тиімділігі түсіндіріледі. Былтыр «Бизнес кеңесші» жобасы аясында 126 адам оқытылса, «Бастау» жобасы негізінде 270 адам тәжірибе шыңдап, оның 168-і қаржылай қолдау тапты. Мұнан бөлек жаңа бизнес-идеяларды жүзеге асыру үшін мемлекеттік грант та қарастырылды. Оған ел тайқазанынан 68,2 млн теңге және Ұлттық қордан 60,6 млн теңге қаралып, 315 адам қайтарымсыз қаржыға ие болды.
Ауданда соңғы жылдары жас кәсіп­кер­лерді де қолдау қарқын алды. Бұл ретте «Жастар – ел тірегі» жалпыұлттық жобасы аясында 100-ден астам жас оқытылса, оның 81-і мемлекеттік грантқа қол жеткізді. Осынша қолдаудың нәтижесі де жоқ емес. Мәселен, ауданда былтыр шағын және орта кәсіпкерлік нысандарының саны 2398 бірлікті құрады. Бұл көрсеткішті алдыңғы жылмен салыстырсақ, айтар­лықтай өсім барын аңғаруға болады. Кәсіпкерлікті қол­дауға бағытталған бағдар­ла­малардың жалағаштықтар игілігін көруде. Былтырдың өзінде 534 кәсіпкердің жарқын жобасы 3 млрд 390 млн теңгемен қаржыландырылды. Оның ішінде 300-ден астам азамат қай­тарымсыз грантқа қол жеткізді.
Жиында облыстан келген мамандар, жер­гілікті шаруашылық төрағаларына мем­ле­кеттік бағдарламалармен іс бас­тау­дың тиімділігін түсіндірді. Сондай-ақ ша­руа­шылық иелері өз сауалдарын жолдап, бірқатар мәселелерді де тілге тиек етті. Бұрын мал азығын алуға шаруашылықтарға субсидия бар болатын. Қазір бұл көмектің алынып тасталғанына да бірнеше жылдың жүзі болды. Бұл біріншіден, мал басында өсім болмауына сеп болып отыр. Неге десеңіз, төрағалар мал азығын сатып алу үшін бірінші кезекте оның төлін сатуға мәжбүр. Оның үстіне соңғы жылдары жем-шөптің бағасы шарықтап барады. Осы мәселені облыстан келген меймандарға жолдаған жергілікті шаруашылық иелерінің көңілі су сепкендей басылды. Себебі мал азығына берілетін субсидияның тоқтағанын растаған меймандар алдағы уақытта да оған арнайы қаржы қаралмайтынын жеткізді. Мұнан кейін жергілікті кәсіпкерлермен дәл осындай жүздесу аудандық мәдениет және өнерді дамыту орталығында өтті. Мұнда да Самат Карипов баяндама жасап, мамандар іскер азаматтардың бірқатар сауалына құ­лақ түрді.

Кенжетай ҚАЙРАҚБАЕВ


15 ақпан 2020 ж. 329 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 766

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930