КӘСІПКЕРЛІК ҚАНАТ ЖАЙҒАН ӨҢІР
Өңір экономикасын нығайту үшін алдымен кәсіпкерлік саласы қарқынды дамуы тиіс. Себебі, бұл сала серпін алған аймақтың әлеуеті айтарлықтай алда жүреді. Кәсіп ашып, табысқа кенелуді көздеген жандар үшін мемлекет тарапынан қолдау да баршылық. Бұл салаға бет бұрушыларға әртүрлі бағдарламамен іс бастауда мүмкіндік мол. Үлкен қолдаудың жемісін бір ғана Жалағаш ауданынан көруге болады.
Аймақ басшысы жыл басында облыс бойынша 2018-2020 жылдарды жаппай кәсіпкерлікті дамыту жылы деп жариялаған болатын.Осы орайда Сыр елінде кәсіпкерліктің дамуы алдыңғы қатарға қойылып, іс бастауға ниетті азаматтарды қолдау жұмыстары ширай бастады. Нәтиже де жаман емес. Жалағаштың өзінде қыркүйек айына дейін тіркелген шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 2335-ке жетті. Бұл көрсеткішті өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 3,5 пайызға артып отыр. Кәсіпорындар қатары қалыңдаған аймақта жұмыссыздық мәселесі де өз шешімін табады. Мәселен, ауданда жоғарыда атап өткен кәсіпорындарда бүгінде 8747 адам жұмыс жасайды. Биыл осы салаға келген іскер азаматтардың арқасында жұмыспен қамтылғандар қатары 474 адамға көбейіп отыр.
Жыл басынан бері Жалағашта 266 кәсіпкерлік субъектісі аудандық кірістер басқармасына тіркеліп, 293 жаңа жұмыс орны ашылған еді. Оның 13-і заңды тұлға болса, 10-ы жеке, қалғандары кәсіпкерлер қатарында. Қазіргі таңда ауданда 1800-ден астам кәсіпорын жұмыс жасап тұр. Бұлардың қатары да өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 215-ке артқан.
Ауданда жыл басынан бері мемлекеттік және өңірлік бағдарламалар аясында шағын және орта кәсіпкерлікті бастау немесе дамыту бағытында 228 кәсіпкер 2 млрд 579,9 млн теңгемен қаржыландырылды. Мәселен, «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында екінші деңгейлі банктердің облыстық филиалдары арқылы 6 жобаға 423,8 млн теңге қаржы бөлінді. Тиісті қаражаттың пайыздық мөлшерлемесі 50 пайызға субсидияланды. Оның ішінде 3 жоба 84,4 млн теңгеге ішінара кепілдендірілді. Жарқын жобалар арқылы несиеге қол жеткізіп, кәсібін өрістетуде аудан халқы белсенділік танытуда. Біз әрине, бұған қуанамыз. Қазірдің өзінде екінші деңгейлі банктер арқылы несие алуға 2 кәсіпкер құны 150 млн теңге тұратын жоба дайындауда.
«Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында кент пен Таң ауылдық округінде несиелендіру және кепілдендіру жұмыстары жүргізілген. Аталған бағдарламаның мемлекеттік гранттар беру бағыты бойынша 26 жоба 21,5 млн теңгенің грантына ие болды. Былтыр 10 жоба 6,4 млн теңгемен қаржыландырылған болатын. Қол жеткізілген гранттарға «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорымен бірлесіп мониторинг жүргізілуде. «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы бойынша да іс бастаған азаматтар жоқ емес. Аудан бойынша жыл аяғына дейін осы бағдарлама арқылы 78 жобаны қаржыландыру міндеттелген еді. Қазірдің өзінде 115 жобаның авторы 360,9 млн теңгеге қол жеткізіп үлгерді.
Оның ішінде «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ арқылы 79 жоба авторы 263,5 млн теңгеге қол жеткізсе, Өңірлік инвестициялық орталықпен 22 жоба 43,6 млн теңгемен қаржыландырылды. Ал, «Ауыл» несие серіктестігімен 14 жоба иесі 53,8 млн теңге алып, өз ісін өрістетуде. «Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығының «Микробизнес – Қызылорда» бағдарламасы аясында жыл басынан бері 31 жоба 112,3 млн теңгеге қаржыландырылды. Былтыр бұл бағдарламамен 14,8 млн теңгемен 3 жоба мақұлданған еді. Мұнан бөлек, қыркүйекке дейін «Каз Агро Қаржы» АҚ-ның облыстық филиалы арқылы ауданнан 10 шаруашылық 1 млрд 326,2 млн теңгенің техникаларына лизинг арқылы қол жеткізді. «Ауыл» және «Сырдария-1» несие серіктестіктері арқылы да мал және егін шаруашылығы бағытында 34 жоба 264,7 млн теңгеге қаржыландырылды.«Байқоңыр» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы арқылы «АгроЛидерТаң» ЖШС мал сою пункті мен ет өндіру цехын ашу мақсатында 48 млн теңгеге қол жеткізді. Елімізде кәсіпкерлік саласын дамытуға жасалған мол мүмкіндіктің арқасында ауданда осындай жарқын жобалар жүзеге асуда. Игі бастама алдағы уақытта өз жалғасын табады.
Қазірдің өзінде кентте жалпы құны 273 млн теңгені құрайтын 7 жобаның құрылыс жұмыстары басталып кетті. Оның ішінде 1 жоба толықтай іске қосылды. Ал, 2 жоба жыл аяғына дейін өз жұмысын бастаса, қалғаны келер жылдың алғашқы алты айлығында аудан әлеуетінің артуына үлес қосатын болады.
К.БАЛҒАБАЙ.
Пікір 7