ҚОЛДАУ БАРДА ҚАРҚЫН БӘСЕҢДЕМЕЙДІ
Аймақ экономикасында тұрақты өсім қалыптастыру үшін кәсіпкерліктің ілгерілеуін ұдайы назарда ұстап, саланың серпін алуына барлық жағдай жасау қажет. Осы ретте мемлекет кәсіп ашамын деген жандарға түрлі бағдарламалар арқылы барынша қолдау көрсетуде. Бүгінде жобасын жүзеге асырамын деген адамға мемлекет пайыздық үстемақысы төмен несие ұсыну арқылы қаржы мәселесін шешуге жағдай жасап қойған. Тіпті, олардың ішінде қайтарымсыз грант та бар. Үлкен қолдауды тиімді пайдаланған аудан азаматтары да жоқ емес. Жыл сайын несиеге қол жеткізіп, жарқын жобаларды жүзеге асырып жатқан жандар Жалағашта жетіп артылады. Нәтижесінде, өңірде кәсіпкерлік нысандары да көптеп бой көтеруде. Экономиканың күретамырына қан жүгіртетін бұл саланың бір жолға түсуі өз кезегінде өңір әлеуетін арттыруға қолғабыс болып отыр. Жергілікті тұрғындардың жаппай кәсіпкерлікке ден қоюы бір жағынан тұрақты салық базасын қалыптастыруға жол ашатыны сөзсіз.
Өткен жылдың өзінде «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы» арқылы 70 млн теңгеге аудан азаматтары қол жеткізді. Бұл – қараша айына дейінгі олжа. Мұнан кейін де іс бастаймын деген жандар қыруар қаржыға кенелді. Жалпы, жалағаштықтар жаппай кәсіпкерлікті дамытуда белсенділік танытып отыр. Мұнан бөлек, былтыр қыркүйек айының ортасына дейін 228 жоба қолдау тапты. Бұл жобалар 2 млрд 579,9 млн теңге қаржылай қолдауға ие болды. Нәтиже жаман емес. Қазір бұлардың барлығы өз жұмысын бастап кетті. Бір ғана аудандағы осыншама жобаның қолдау табуынан біз бұл салаға мемлекет тарапынан үлкен қолдаудың барын айқын аңғарамыз. Бір жағынан өңірдің әлеуеті артса, келесі кезекте жұмыссыздық мәселесін де ауыздықтауға жол ашылып отыр. Жергілікті тұрғындардың да жаппай кәсіпкерлікпен айналысуға деген құлшынысы жоғары. Қолдауды құр жібергісі келмейтін олардың ынтасы бізді де қуантады.
Бұрын мемлекет тарапынан берілетін несие бойынша жұрт шағын несиеге көптеп ұмтылатын. Қазір ауданда тым үлкен болмаса да ауқымдылығы орташа жобаны жүзеге асыруға талаптанып жатқандардың қатары қалыңдады. Аудандағы жоба жеңімпаздарының ішінде үлкен көлемде қаржылай қолдауға ие болған азаматтар да жоқ емес. Оның бәрі ұсынылған жобаға байланысты. Мәселен, «Микробизнес Қызылорда» бағдарламасы бойынша 10 млн теңгеге дейін несиеге қол жеткізуге мүмкіндік қарастырылған еді. Бірақ, облыста Қармақшы мен Жалағаш ауданында аталған бағдарламамен қаржылай қолдаудың үлкен мөлшерін облыс әкімі 15 млн теңгеге дейін беруге рұқсат еткен болатын. Осының өзінен аймақ басшысының бұл салаға ерекше қолдауын айқын аңғаруға болады. Былтыр 10 млн теңгеге дейін несиеге қол жеткізген бірқатар жоба қазір аудан халқына қызмет етіп жатыр. Бір жағынан салық базамыздың тұраты өсімін қамтамасыз етуде өз үллесін қосуда. Үлкен қаржыға қол жеткізген бір азамат ауданнан «Ақсұңқар» деген жеке клиника ашты. Бүгінде кәсіпкер Алматы облысынан қажетті заманауи аппараттар әкеліп, жұмысын бастап кетті. Мұндағы мамандар аталған құралмен 4 бағыт бойынша халыққа сапалы қызмет көрсетеді. 10 млн теңгеге қол жеткізген тағы бір жоба жеңімпазы «Серпін» индустриялды аймағынан токарлық цех ашуды қолға алған еді. Ол да өз ісін өрістетуде. Қомақты қаржылай қолдауға ие болған мұнан басқа да жобалар бар. Барлығы да өңір әлеуетін арттыруға жұмыс жасайтыны сөзсіз.
Жалпы өткен жылы кәсіпкерлік саласын дамыту бойынша бірқатар жұмыс атқарылды. Биыл да бұл бастама қарқын алмаса, бәсеңдеген емес. Нәтижесінде, кәсіппен айналысып жатқандардың саны артып, сапалы іс жасағысы келетіндер қолдауды тиімді пайдалануда. Кешегі «Zhas project» жастар корпусын дамыту жобасының жеңімпаздары да жүйелі жұмыс атқарды. Аудан әкімі тарапынан оларға алдағы уақытта қолдау да болады. Себебі, өңір басшысы 6 айлық мерзімі аяқталған жобаны әрі қарай жұмыс жасау үшін көмек қолын аямайтынын жеткізген еді. Тіпті, бастаған істі әрі қарай алып кету үшін несие аламын деген жастарға толық кеңес беріп, оларға қаржылай да қолдау көрсету қажеттігін айтты. Былтырғы «Zhas project» жастар корпусын дамыту жобасында ауданда 22 жобаның авторы жеңімпаз атанып, 21,1 млн теңге қайтарымсыз грантқа қол жеткізді.
Биыл тағы кәсіп ашу үшін арнайы оқудан өтіп жатқандар бар. Бұйыртса, олар да мемлекеттен үлкен қолдау тауып, аудан әлеуетінің артуына, кәсіпкерлік саласының дамуына жол бастары айқын. Бастысы, іс бастауға халықта ынта бар.
Ерлан СОЗАҚБАЕВ.