ЖАРҚЫН ЖОБАЛАР АУДАН ӘЛЕУЕТІН АРТТЫРады
Аймақ экономикасын дамытудың ұтымды жолы кәсіпкерліктің ілгерілеуін ұдайы назарда ұстап, саланың серпін алуына барлық жағдай жасау болып табылады. Бұл тұста мемлекет кәсіп ашамын деген жандарға түрлі бағдарламалар арқылы барынша қолдау көрсетуде. Осыдан 10-15 жыл бұрын бұл салаға бет бұрған кез келген жеке тұлғаны алып қарасақ, барлығы да өз қаражатымен іс бастап, еңбегінің игілігін көргендер. Ал, қазір ше? Бүгінде жобасын жүзеге асырамын деген жандарға мемлекет пайыздық үстемақысы төмен несие ұсыну арқылы қаржы мәселесін шешуге де жағдай жасап қойған. Үлкен қолдаудың шарапатын көрген аудан азаматтары да жоқ емес. Жыл сайын несиеге қол жеткізіп, жарқын жобаларды жүзеге асырып жатқан жандар Жалағашта жетіп артылады. Нәтижесінде, өңірде кәсіпкерлік нысандары да көптеп бой көтеруде. Экономиканың күретамырына қан жүгіртетін бұл саланың бір жолға түсуі бізді де қуантады. Жергілікті тұрғындардың жаппай кәсіпкерлікке ден қоюы тұрақты салық базасын қалыптастыруға жол ашып отыр. Осы орайда, кәсіп ашамын деген кез келген жеке тұлға жобасының қолдау табуы үшін облыстық кәсіпкерлік палатасының аудандық филиалы ауқымды істер атқаруда. Палатаның бүгінге дейінгі жұмысы және алдағы жоспарымен танысу үшін, сондай-ақ, өңірде кәсіпкерлер қатарын әлі де арттыру мен оларға қандай жағдай жасалып жатқанын білу үшін облыстық кәсіпкерлік палатасының аудандық филиалы директоры Самат Кариповпен сұхбаттасқан едік.
– Самат Серікұлы ауданда кәсіпкерлікті ілгерілетуде ілкімді істердің жүзеге асып жатқанынан хабардармыз. Осы орайда сіздердің саланың серпін алуына қосқан үлестеріңіз қандай және алдымен әңгімемізді палатаның негізгі қызметімен танысудан бастасақ...
– Кәсіпкерлікке бет бұрған кез келген азамат алдымен біздің көмегімізге жүгінеді. Біз оларға бұл саланың қыр-сыры жайында кеңінен кеңес беруге тырысамыз. Сондай-ақ, түрлі бағдарламалар арқылы несиеге қол жеткізу үшін оларды арнайы оқытудан өткіземіз. Мәселен, бізде «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасында 2 күндік оқу курсы бар. Сол арқылы үміткерлерді оқытамыз да олардың жобасын қаржы институттарына жолдаймыз. Жалпы, келген азаматтардың қаржысын алып, кәсібін жүргізгенге дейін сүйемелдейміз. Жоғарыда атап өткен курстан өткен жеке тұлғаға арнайы сертификат беріледі. Біз оның бизнес жоспарын әзірлеп, қаржы институттарына ұсынумен шектелмейміз. Одан әрі оның қолдау табуы жолында барынша жобаны қорғауға тырысамыз. Биылдың өзінде «Қызылорда өңірлік инвестициялық орталығында» мемлекеттік бағдарламалармен 1 млрд теңгеге жуық қаржы таратылды. Біз ол қаржыдан өз үлесімізді алып жатырмыз. Мәселен, «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы» арқылы 70 млн теңгеге қол жеткіздік. Нәтижесінде ауданда 30-ға жуық жоба жүзеге асады. Бүгінде олардың бірқатары өз жұмысын бастап кетті. Жалпы, жалағаштықтар жаппай кәсіпкерлікті дамытуда белсенділік танытып отыр.
– Осылардың ішінде бұрын ауданда қолға алынбаған тың жобалар бар ма?
– Мұның ішінде бұрын-соңды Жалағаш жерінде жүзеге аспаған тың жоба жоқ. Бірақ, барлығының да табысқа кенелуге мүмкіндік беретін жарқын жобалар екеніне күмәнім жоқ. Себебі, кәсіпкерлікке бет бұрған азаматтың бірінші мақсаты табыс табу екенін ескерсек, жеңімпаздардың алға қойған мақсатының айқын екенін аңғаруға болады. Бұл жобалардың ішінде қазір «Серпін» индустриялдық аймағында жүзеге асып жатқан бір кәсіпорын бар. Мұнда кәсіпкер кілем, төсеніштерді жуып-тазарту жұмыстары арқылы табысқа кенелуді көздейді. Қазіргі таңда аудандағы балабақшалар мен жеке тұрғындар кілем, төсеніштерін сонда жуғызып жатыр. Тұтынушылардың бағасы да жаман емес, кәсіпкер де дән риза. Ол бұл жобаны жүзеге асыруға мемлекеттен 4 млн теңге несие алды. Тиісті қаражатқа ОҚО-дан арнайы кілем жуу аппараттарын алып келді. Қазіргі таңда оның жұмысы жаман емес. Ал, қалған жобаларға келетін болсақ, олардың 90 пайызы мал шаруашылығы бағытына жатады. Біз бұл жерде бір бағыттағы кәсіпорындардың аяққа тұруы қиын деген көзқарастан арылуымыз керек. Жоба жеңімпазы осы салада үлкен табысқа жетуді мақсат етсе, ол сол өз-өзіне артқан сенім үдесінен шығуға қайтсе де жұмыс жасайды. Біздің өңір аграрлық аймақ болғандықтан мал шаруашылығын дамытуға қолайлы. Сондықтан, бұл жобалардың да алдағы уақытта аудан әлеуетін арттыруға барынша жұмыс жасайтынына сенім артамыз.
– Жалпы, Жалағашта осы күнге дейін қанша жоба қаржы орталықтары тарапынан қолдау тапты?
– Ауданда қыркүйек айының ортасына дейін 228 жоба қолдау тапты. Бұл жобалар 2 млрд 579,9 млн теңге қаржылай қолдауға ие болды. Нәтиже жаман емес. Қазір бұлардың көбісі өз жұмысын бастап кетті. Бір ғана аудандағы осыншама жобаның қолдау табуынан біз бұл салаға мемлекет тарапынан үлкен қолдаудың барын айқын аңғарамыз. Бір жағынан өңірдің әлеуеті артса, келесі кезекте жұмыссыздық мәселесін де ауыздықтауға жол ашылып отыр. Жергілікті тұрғындардың да жаппай кәсіпкерлікпен айналысуға деген құлшынысы жоғары. Қолдауды құр жібергісі келмейтін олардың ынтасы бізді де қуантады.
– Кәсіпкерлікке бет бұрып, енді жоба ұсынушы азаматтарға сіздердің тараптарыңыздан қандай талап қойылады?
– Иә, оларға қойылатын бірқатар талап та жоқ емес. Біз алдымен көмегімізге жүгінуге келген жандардың несие тарихын қараймыз. Мәселен, үміткердің соңғы екі жылдағы несие тарихында олқылық орын алмауы міндетті. Яғни, осыған дейін соңғы екі жылда оның несие тарихында кешіктіріліп төленген немесе мүлде несиесі төленбегені жөнінде мәлімет болмауы шарт. Ал, бұрын алған несиесін уақытылы әлі де төлеп жатқан азаматтарға жоба ұсынып, мемлекеттің қаржылай қолдауын алуға мүмкіндігі бар. Келесі кезекте олардан кепілдік мүлік талап етіледі. Бұл ретте кепілдік мүліктің 60 пайызы жылжымайтын мүлік болуы шарт. Қатысушының кепілдік мүлікті мемлекеттің кез келген түкпірінен қоюына мүмкіндігі бар. Мәселен, үміткер өз жобасын Жалағашта жүзеге асыратын болса, ол кепілдік затын еліміздің басқа өңірлерінен де қоя алады. Бұл тұста оларға кездесетін аса қиын мәселе жоқ. Себебі, қоятын кепілдік мүлік жоба иесінің атында болуы міндетті емес. Кез келген мүліктің иесімен арада жасалған келісім шарты болса болды. Мұндай жобалардың иесі біздің ауданда да жоқ емес. Мәселен, Жалағашта кәсіп ашқан кей азаматтар кепілдік мүлкін еліміздің өзге аймақтарынан да қойып жатыр. Ал, арнайы оқудан өту қажеттігі, сертификатының болуы міндетті екенін бағана жоғарыда айтып өттім. Оған дейінгі қойылатын талаптар – осылар. Мұнан кейін қаржылай қолдау тапқан жоба иелері өз несиесін 3 немесе 5 жылда төлеп болуы тиіс.
– Жоба жеңімпаздарының ішінде қомақты қаржылай қолдауға ие болған кәсіпорын иелері бар ма?
– Аудандағы жоба жеңімпаздарының ішінде үлкен көлемде қаржылай қолдауға ие болған азаматтар да жоқ емес. Оның бәрі ұсынылған жобаға байланысты. Бізде «Микробизнес Қызылорда» бағдарламасы бойынша 10 млн теңгеге дейін несиеге қол жеткізуге мүмкіндік бар. Бірақ, облыста Қармақшы мен Жалағаш ауданында аталған бағдарламамен қаржылай қолдаудың үлкен мөлшерін облыс әкімі 15 млн теңгеге дейін беруге рұқсат еткен болатын. Осының өзінен аймақ басшысының бұл салаға ерекше қолдауын айқын аңғаруға болады. Қазір біздің ауданда 4-5 жоба жеңімпазы 10 млн теңгеге дейін несиеге қол жеткізді. Солардың ішінде бір азамат ауданнан «Ақсұңқар» деген жеке клиника ашты. Бүгінде кәсіпкер Алматы облысынан қажетті заманауи аппараттар әкеліп, жұмысын бастап кетті. Мұндағы мамандар аталған құралмен 4 бағыт бойынша халыққа сапалы қызмет көрсетеді. 10 млн теңгеге қол жеткізген тағы бір жоба жеңімпазы «Серпін» индустриялды аймағынан токарлық цех ашуды қолға алуда. Жоба иесі бүгінде барлық құралдарын орнатып болды. Енді жұмысын бастауға кіріскелі отыр. Қомақты қаржылай қолдауға ие болған мұнан басқа да жобалар бар. Барлығы да өңір әлеуетін арттыруға жұмыс жасайтыны сөзсіз. Қазіргі таңда «Қызылорда өңірлік инвестициялық орталығына» 800 млн теңге қаржы келіп жатыр. Тиісті қаражаттан әр ауданға 100 млн теңгеден үлестіру жоспарда бар. Біз осыған орай басқа да жобалар қорғаудамыз. «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы» бойынша қаржылай қолдау қорының үлкен мөлшері 3 млн теңге болса, аталған орталыққа келіп жатқан ақшадан өз үлесімізді алу үшін қазір мұны 6 млн теңгеге дейін көтеруді қолға алудамыз.
– Қазір кәсіпкерлерді және бұл салаға енді аяқ басып жатқан азаматтарды оқыту жұмыстары қалай жүріп жатыр?
– Бағдарлама арқылы несиеге қол жеткізудің баспалдағы оқытудан өту болғандықтан, біз оларға бұл жағынан барлық жағдай жасап жатырмыз. Биылға дейін бізде екі күндік «Бизнес кеңесші» курсы болған еді. Ал, жыл басынан бері Жалағаш ауданы «Бастау бизнес» жобасына еніп отыр. Оған былтыр тек үлкен аудандар ғана енген болатын. Биылдан бастап бұл мүмкіндік бізге үлкен көмек болды. Қазір оқытудың бұл түрінен ауданнан 61 адам өтті. Бір ай жоба бойынша оқыған азаматқа мемлекет тарапынан 15-17 мың аралығында шәкіртақы төленеді. Оқуын тәмамдаған азаматтар аудандық комиссия алдында жобасын қорғайды. Мұнан өткендері облыстық комиссия құрамының алдында тағы да қорғайды. Бұл бағдарламаның тиімді тұсы ісін жаңадан бастайтын азаматтардың кепілдік мүлкі жетпей тұрса, 85 пайызға дейін «ҚазАгроГрант» мекемесі кепілдік береді. Жаңағы оқытудан өткен 61 азаматтың жартысынан көбісі қаржылай қолдауға ие болды. Мәселен, бір өңірден оқытудан өткен азаматтардың 20-25 пайызының жобасы қаржылай қолдау табуы міндеттелсе, біз бұл межеден шығып отырмыз. Жалағаштан оқыған азаматтардың 60 пайызы қаржылай қолдау тапты. Бірақ, меже осы екен деп тоқмейілсімейміз. Ауданда кәсіпкерлік саласының серпін алуы жолында барынша қолдан келген көмегімізді аямаймыз.
– Кәсіпкерлік саласын әлі де жетілдіру жолында қандай жұмыстар қолға алынуда?
– Бұдан басқа да қолға алған жобаларымыз жоқ емес. Барлығы да өз жемісін беруде. Мұнан бөлек бізде әр ауданда биыл ашылып, жұмысын жақсы жүргізіп жатқан жоба иесін анықтау жұмыстары жүреді. Мұндағы мақсат – оларды кәсібін әлі де ширатуға ынталандыру. Жаңадан іс бастап, жұмысын жақсы жүргізіп жатқан кәсіпкерге 1 млн теңге сыйақы беріледі. Сондай-ақ, ауданда қорғалған жобалардың басым көпшілігі қаржылай қолдау тапса, палатаның аудандық филиалы басшысына да 1 млн теңге сыйақы беріледі. Мұнан кейін осындай мөлшердегі сыйақы ауылдық округ әкіміне де тағайындалып отыр. Кәсіпкерлердің ынтасын арттыруға бағытталған бұл қолдаулардың барлығы облыс әкімінің бастамасымен жүзеге асуда.
– Бізде жұмыс жасап жатқан әртүрлі кәсіпорындағы мамандардың тәжірибесін шыңдауға қандай мүмкіндік қарастырылған?
– Бізде кәсіпкерлердің тәжірибесін шыңдауға бағытталған «Аға сеньорлар» деген жоба бар. Осы жоба аясында біз ауданға түркиялық маманды алдырдық. «Тәтті» деген наубайханадағы аспазшыларды оқытуға келген бұл маманның кондитерлік цехтарда жұмыс жасаған 20 жылдық тәжірибесі бар. Түркиялық шебердің бұл салада өзіндік тәжірибесін қалыптастырған маман екенін наубайхана иесі де мойындап отыр. Іштегі қыздардан уақыт үнемдеу жағынан да, түрлі өнім әзірлеуде шеберлігі басым екенін айтты. Бас-аяғы 10 күннің ішінде наубайханадағы мамандар да біраз тәжірибе жинапты. Мәселен, аталған наубайханада әзірленетін торттардың бетіне салынатын гүлді мұндағы аспазшылар арнайы аппартпен орнатса, әлгі маман оның бәрін қолмен жасайды екен. Біздегі кәсіпкерлерге өз саласы бойынша осындай мамандарды шақыруға болады. Сырттан немесе республиканың өзге аймақтарынан келетін тәжірибелі маманның облысқа келу және қайту жол ақысын мемлекет өтейді. Ал, кәсіпкер тек жатар орны мен ас-ауқатын қамтамасыз етсе болды. Бұл жоба облыстың өзге де аймақтарында жүзеге асуда. Мәселен, кеше Арал ауданында балық шаруашылығы саласы бойынша сондағы мамандардың тәжірибесін шыңдау жұмыстары қолға алынып жатыр. Жаңақорған ауданына да тәжірибелі аспазшылар келіп, білгенін біздегі мамандарға үйретуде. Бұл бір жағынан алдағы уақытта тұтынушы талғамынан шығуға мүмкіндік береді.
– Елбасы Жолдауында да кәсіпкерлікті дамытуға басымдық берілді. Бұл сала бойынша, саяси құжатта жүктелген міндеттерді жүзеге асыруда қандай жұмыстарды қолға аласыздар?
– Жалпы, Елбасымыз өз Жолдауларында кәсіпкерлікті дамытуға ден қойып келеді. Экономиканы нығайтуға жұмыс жасайтын негізгі сала болғандықтан бұл дұрыс шешім деп есептеймін. Қазан айындағы Жолдауда Президент 2010 жылдың өзінде «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасының іске асқанын жеткізді. Сондай-ақ, бұл жұмыстарға өзінің өңірлерге сапары барысында да көз жеткізіп жүр. Бір қуантарлығы, Президент бағдарламаның қолданылу мерзімін 2025 жылға дейін ұзартуды ұсынды. Сондай-ақ, бұл бағдарламаны жүзеге асыру үшін жыл сайын кемінде 30 млрд теңге қаражат бөлу қажеттігін айтты. Осының өзінен мемлекеттің бұл салаға үлкен қолдау көрсетіп жатқанын аңғарамыз. Бұл – дұрыс шешім. Себебі, бағдарламаға осындай үлкен қолдау көрсету арқылы 3 жылда 22 мың жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік туады. Сондай-ақ, экономикаға 224 млрд теңге салық түсіруге де жол ашылып отыр. Мұны Елбасы да өз Жолдауында толық айтып өткен болатын. Жалпы, мемлекет тарапынан кәсіпкерлікке үлкен қолдау барын біз жақсы білеміз. Кәсіпкерлер мен іс бастауға ынталы азаматтардың алдында тұрған жалғыз міндет – сол мүмкіндікті құр жібермей, өз жобасын жүзеге асыру. Мұны іске асыру үшін тек ынта болса болғаны. Себебі, кәсіпкерлікке жай ғана талаптанып келген жандардың ішінде үлкен бизнес өкіліне айналған азаматтарды да көріп жүрміз. Сондықтан, бастысы талап болса, мемлекеттен барлық жағынан қолдау бар.
– Бүкпесіз әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Кенжетай БАЛҒАБАЙ.