СҰЛУЛЫҚТЫҢ СЫРЫН БІЛГЕН «СЕЗІМ»

Кент орталығынан ашылған «Сезім» сән салоны қыз-келіншектерге қызмет көрсете бастады. Жаңадан ашылған сұлулық салонында кәсіби білікті мамандар жұмыс жасайды. Олар бет әрлеу, шаш сәндеу, қас-кірпікті әсемдеу және тағы басқа да көптеген қызмет түрін көрсетеді.
Сән салонының иесі Мереке Қалымбетова бұған дейін «Нәтижелі жұмыспен қамту және кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы бойынша «Шаштараз-модельер» мамандығында оқып, біраз уақыт тәжірибелі мамандардан дәріс алды, біліктілігін шыңдады. Есесіне, қазір ойға алған ісін бастап, алға қойған мақсатына жетті.
– Бұл кәсіпке келмес бұрын арнайы курстарда оқыдым. Басқа салондардың жұмысымен таныстым. Негізі, үнемі ыждағаттылық пен ұқыптылықты қажет ететін саланың қыр-сыры баршамызға мәлім ғой. Сол себепті де мұндағы мамандар өз тұтынушыларына бар өнерін салып, қызмет етеді. Ең бастысы, тұтынушы талғамынан шыға білу, – дейді сән салонының иесі Мереке Әділбайқызы.
Кәсіпкер қазір өзінен басқа 2 адамды жұмыспен қамтып отыр. Олар қыз-келіншектердің талғамына сай қызмет көрсетіп келеді. Мұндағы заманауи құрылғылар да арнайы тапсырыспен алыныпты. Мереке алдағы уақытта кәсіп көзін кеңейтіп, тұрғындардың сұранысын жан-жақты қанағаттандыратын тың жобаларды жүзеге асыруды көздеп отыр. Әрине, бұл әзірге уақыт еншісінде...
Жалпы, Мемлекет тарапынан кәсіпкерлерге жыл сайын қолдау көрсетіліп, соның нәтижесінде жергілікті халық кәсіптің сан-саласын игеруде. Бизнестің тетігін тауып, меңгерген әрбір жан өз мүмкіндігін толық пайдалануда. Демек, бұл сән салоны да сол қолдаудың жемісі.
Н.ҚАЗБЕКОВ,
М.АХМЕТОВ (сурет).
Пікір 1