ТАҒАМ ӘЗІРЛЕУГЕ ДЕ ҮЛКЕН ТАЛАП КЕРЕК
Қазір өңірде қарапайым бір мамандықты игеріп, оны кәсіппен байланыстырған жандар көп. Әсіресе, «Аспазшы» мамандығы бойынша білім алған нәзікжандылардың ішінде кондитерлік өнім өндіруді қолға алғандардың қатары қалыңдап келеді. Жалағаш индустриалды-аграрлық колледжінің оқытушысы Ақкенже Шідербаеваның да шәкірттері бүгінде өз өнімімен тұтынушы талабынан шығып, кәсіп бастауды қолға алуда.
30 жылдан астам тәжірибесі бар білікті маман асхана төңірегінде жиған тәжірибесін өз шәкірттерімен бөлісуден жалыққан емес. Түрлі ас әзірлеудің қыр-сырын жетік меңгерген ол бастысы адамда ісіне деген ынта болса, қабілет өздігінен пайда болатынын айтады.
– Осынша уақытта қаншама шәкірт тәрбиеледім. Қазір бұрынғыдай емес, жастардың кәсіптік білімге деген қызығушылығы артқан. Тіпті аспазшы мамандығына қызығушылық танытып жатқан жігіттеріміз де табылып жатады. Олардың ішінде ас әзірлеуге машықтанған мамандар да болды. Осынша уақытта мен бастысы адамда өз мамандығына деген ынта болса, қабілет, тәжірибе жүре келе қалыптасарына көз жеткіздім. Бір шәкіртім бар, өзінің мамандығына деген адалдығын ынтасымен аңғартады. Оны жасап жатқан жұмысына қарап-ақ байқауға болады. Бүгінде ол аудандағы маңдайалды кондитерлік өнім өндіретін цехтардың бірінде жұмыс жасайтын тәжірибелі маманға айналды. Талапкер кезінен-ақ өзінің әзірлеген тағамдарымен түрлі сайыстарда жүлдегер атанды. Ал мұндай ынталы жастарды қандай кәсіпорын болса да жұмысқа алуға тырысады. Сондықтан біз барынша сапалы маман дайындауға күш саламыз. Біреулерге тағам әзірлей білсе болды, аспазшы болу оңай көрінуі мүмкін. Алайда мүлде олай емес, мамандықтың бұл түріне де адалдық керек. Оны осы салада жұмыс жасағандар жақсы түсінеді, – дейді А.Шідербаева.
Кәнігі маман тек дәмді тағам әзірлеумен шектелмей, оның жасалу жолына арналған ғылыми еңбектерге де қалам тербеді. Мәселен, осыған дейін А.Зәкірқызының «Балықты механикалық жолмен аспаздық өңдеу», Беларусь республикасының білікті жұмысшылар мен мамандар даярлауын ұйымдастыру және ғылыми-методикалық қамтылу тәжірибесі», сондай-ақ «Білім кілті» атты ғылыми еңбектері жарық көрген.
Кәсіптік білімді шәкірт санасына сіңіруді басты мақсат еткен білікті педагогтың осынша уақыттағы еңбек жолында жеткен жетістігі де жоқ емес. Алайда ұлағатты ұстаз тек өзі баулыған талапкерлердің бойына жиған қабілетімен мақтанады. Осыған дейін облыстық білім басқармасының, «Nur Otan» партиясының алғыс хатымен, қалалық білім бөлімінің «Құрмет» грамотасымен, аудан әкімінің алғыс хатымен, облыстық білім басқармасының «Құрмет» грамотасымен және ҚР Білім және ғылым министрлігінің алғыс хаттарымен марапатталған. Сондай-ақ білікті педагогтан білім алған жастар да түрлі сайыстарда жеңіс тұғырынан көрініп келеді. Мәселен, А.Зәкірқызының жетекшілігімен сайысқа қатысқан колледж студенті Жеңіскүл Шапағат, Бекжан Байсақал, Ақниет Базарбай, Ұлбосын Әбікенова, Мархаббат Иса сынды бірқатар ізденуші республикалық, облыстық және аудандық сайыстарда топ жарып, жүлделі орындардан бой көрсетті.
– Айта берсек, алған марапаттарымыз көп. Алайда мен шәкірттерім топ жарып, өмірден өз орындарын тауып жатса, үлкен жетістік сол деп есептеймін. Қазақта «Ұстазсыз шәкірт тұл» деген сөз бар. Мен өзім тәрбиелеген шәкіртерімнің бірі топ жарып, мамандығына деген адалдығын көрсетпесе құлазып қаламын. Аллаға шүкір, әзірге балаларым ондай жағдайға дейін жеткізген жоқ. Барлығы ас әзірлеудің майталман маманы болуға талпынып жатыр. Ал біз тек талабын шыңдаймыз. Бастысы, еткен еңбегіміз талапкерлерден қайтып жатса болғаны. Мен үшін басты жетістік – осы, – дейді білікті педагог.
Кенжетай Қайрақбаев