МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТ ЖАУАПКЕРШІЛІКТІ ТАЛАП ЕТЕДІ Қызметтік әдеп нормаларының сақталуын және мемлекеттік қызмет, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнама мен Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің әдеп кодексін бұзушылықтардың профилактикасын қамтамасыз ету қызметін жүзеге асыру мақсатында ҚР Президентінің 2017 жылғы 1 маусымдағы №487 Жарлығымен Әдеп жөніндегі уәкіл туралы ереже бекітілді. Осыған орай, Әдеп жөніндегі уәкілдің функциялары Қызылорда қаласы және барлық аудан әкімдіктерінде аппарат басшылары мен аудан әкімінің орынбасарларына жүктелген болатын.Жалағаш ауданы әкімдігі бойынша Әдеп жөніндегі уәкіл функциясы аудан әкімінің орынбасары Тажмаханов Жағыпар Айтбайұлына жүктелді. Әдеп жөніндегі уәкіл әр айдың екінші сейсенбісінде азаматтарға жеке қабылдау жүргізіп, қажет болған жағдайда консультациялық қызмет көрсетеді. Сонымен қатар Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы заңнамасын және Әдеп кодексін сақтау мәселелерін түсіндіру бағытында Әдеп жөніндегі уәкілдің арнайы іс-шаралар жоспары бекітіліп, бекітілген жоспарға сәйкес үстіміздегі жылдың 28 ақпан күні аудандық білім бөлімінде білім саласы қызметкерлерімен кездесу өткізілді.Жиынды аудан әкімі аппаратының Әдеп жөніндегі уәкілі Жағыпар Айтбайұлы ашып, мемлекеттік қызметші кәсіби біліктілікпен қатар, адамгершілік қасиеттерге де ие болуы тиіс екенін жеткізді.– Бүгінде мемлекеттік қызметшінің әдебі мен мінез-құлық мәселелеріне үлкен мән беріліп келе жатыр. Мемлекеттік қызметші имиджінің тұтастығы жоғары кәсібилік пен жеке құзыреттердің, моральдық-адамгершілік қасиеттердің және әдептілік мінез-құлықтың көрінуіне негізделген.Бұдан басқа мемлекеттік қызметші мемлекеттің мүддесіне және азаматтардың құқығына залал келтіретін іс-қимылдарға қарсы тұруға, заңмен белгіленген шектеулерді сақтауға міндетті. Қазір ауданда 152 мемлекеттік қызметші бар. Олардың имиджін көтеруге тиісті жұмыстар жасалуда. Бастысы бұл қызметтегілер халыққа үлгі боларлықтай әдепті болуы тиіс. Аудан бюджетінің тең жартысы білім саласына жұмсалады. Сондықтан, мектеп директорларынан бастап, мұғалімдерге дейін білімді ұрпақ тәрбиелеу бағытында жұмысты одан әрі ширату керек. Қазір, ауданда білім саласындағы көрсеткіш жаман емес. Десе де, мұны әлі де жетілдіре түсуге тиіспіз, – деді Ж.Тажмаханов.Мұнан соң, ол мемлекеттік қызметшілер жұмысты жүйелендіру керектігін де еске салды. Сөздің шыны керек, белгіленген жұмыстан тыс уақытта да қызмет орнында отырып, жұмыс жасайтындар көп. Енді бұл мәселе де бақылауда болмақ. Әрбір тұлға жұмыс уақытын тиімді пайдаланып, басқа уақытта отбасына көңіл бөлуі керек. Сондай-ақ, салада кадр тұрақтылығын қамтамасыз ету керектігі де сөз болды. Жиында сөз алған мемлекеттік-құқықтық жұмыстар бөлімінің басшысы Ғалым Жаңашев аудан бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бағытында атқарылған шаралар туралы хабарлама жасады. Оның сөзінше, аудан көлемінде 2017 жылы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша барлығы 109 шара өткен. Нәтиже де жаман емес. – “Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы”, “Мемлекеттік сатып алу туралы” Заңдарының талаптарының орындалуына және құқық бұзушылықтың алдын алу қызметкерлердің құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында құзырлы органдарды қатыстырып семинар дөңгелек үстелдер тұрақты өтіп келеді. Азаматтардың арыз-өтініштері бойынша жолданатын жауап-хаттардың, анықтамалардың және өзге де ақпаратты тарату материалдардың артқы беттеріне мемлекеттік қызмет және мемлекеттік қызмет көрсету заңнамасының талаптарының бұзылуы, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық фактілері туралы хабарлау үшін сенім телефоны көрсетілген хабарламалар жазып, жолданып отырады. Аудан әкімі аппаратында бекітілген қабылдау кестесіне сәйкес жеке және заңды тұлғалардың өкілдерімен қабылдау тұрақты түрде жүргізілуде. Қабылдау барысында азаматтарға толық ақпарат және заңға сәйкес түсініктеме беріледі, – деді Ғ.Жаңашев.Жиынды Ж.Тажмаханов қорытындылап, білім саласы қызметкерлерінің жұмысына сәттілік тіледі. Н.АЛПЫСБАЙҰЛЫ,М.ТАБЫСБЕКҰЛЫ (сурет). Қоғам 03 наурыз 2018 ж. 1 339 0