Ырыс алды – ынтымақ
Кеше Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Бірлесе білген ел бәрін жеңеді» атты мақала жариялап, Қазақстан халқын демеп, оны береке-бірлік пен сабырға шақырды. Көңілге медеу болатыны Елбасы еліміздегі экономикалық жағдайдың тұрақты екенін, азаматтарымыздың алаңдауына негіз жоқ екенін, өткен жылдардағы оң саяси шешімдердің арқасында, қазіргі сынаққа толы кезеңді басқа елдермен салыстырғанда оңай еңсеріп жатқанымызды да еске салды.
Елбасы өз мақаласында тұтқиылдан келген жаман індет – коронавирус дерті барша адамзатқа қауіп-қатер төндіріп отырғаның жеткізіп, еліміз қауіпті дерттің алдын алуға әлем елдерінің ең алғашқыларының бірі болып кіріскенің айтты. Тиісті сақтандыру шаралары жасалды. Мемлекеттік органдар арнаулы дайындықтан өткізілді. Өзге елдерде вирус қалай пайда болып, пандемия қалай өрбіп, өршігені бақыланды. Соның нәтижесінде індеттің етек алып кетуіне мүмкіндігінше жол берілмей, ахуал күн сайын тұрақты назарда ұсталып отыр.
Елбасы қазіргі жағдайды өткен 1990 жылдардағы ауыр дағдарыс кезеңдерімен салыстыруға келмейтінін де назарға салды. Аға буын өкілдері біледі 90 жылдары ақша түгілі дүкен сөрелерінде азық-түлік таппайтын, үй жылытуға қажетті отын жоқ болып, көп адам жұмыстан қысқарып, алдағы күнге деген сенімнің морт сынған кездері болғаны жасырын емес. Қазір мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың, «Nur Otan» партиясы төрағасының, мемлекеттік бағдарламалардың нәтижесінде тарыққан азаматтарымызға әлеуметтік көмек тағайындалды, дәрі-дәрмектер бар, дүкен сөрелері босап қалған жоқ, керек азық-түлікті сатып ала алады. Сондай-ақ «Ел іші – алтын бесік» демекші халқымыздың бойына біткен ізгі қасиеттері қиын сәтте де тәрк еткен емес. Еліміздегі меценаттар, кәсіпкерлер және жағдайы жеткен азаматтарымыздың басым көбі қиналған отбасыларға ас-ауқатпен болсын, қаржылай болсын көмек беруде. Оны бәріміз БАҚ пен әлеуметтік желілер арқылы көріп жүрміз. Елбасымыз осы орайда бұл індетті «халқымыздың төзімділігі, ерік-жігері және өзіне деген зор сенімі арқасында міндетті түрде жеңіп шығамыз. Ол үшін бізге қажетті нәрсе – қаржы-қаражат, материалдық ресурс, техника, азық-түлік – бәрі бар. Алаңдайтын, абыржитын еш негіз жоқ», - деп мақаласында атап өтті.
Осы орайда еліміздегі аға буын өкілдеріне «Ырыс алды – ынтымақ» екенін еске салып, халықты ізгі амалдар жасауға, салауатты өмір салтын ұстануға үндеу қажеттіктерін айтты. Ал қазіргі жас буын мен өскелең ұрпаққа «Үлкенгі – ізетті, кішіге – қамқор» болу арқылы еліміздің егемендігінің іргесі одан сайын бекіп, ынтымағы артуы үшін жас ұрпақтың да білек сыбана кірісіп, ел ертеңі үшін қызмет етер сәттері туғанын жеткізді.
Қанат ДЕМЕСИНОВ,
«Сәрке батыр» ЖШС төрағасы.