"Індетті жеңу үшін үйде болайық"
Облыс әкімінің орынбасары Серік Ахмет облыс аумағында коронавирус инфекциясына байланысты қалыптасқан жалпы ахуал туралы брифинг өткізді. Мемлекет басшысының тапсырмаларын жүзеге асыру бойынша облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың төрағалығымен өткен төтенше жағдайлар жөніндегі облыстық комиссияның кезекті отырысында айтылғандай, еліміздегі төтенше жағдай мерзімі сәуір айының аяғына дейін ұзартылуына орай аймақта да карантиндік режим күшейтілуде.
Облыс әкімінің орынбасары карантиндік режиммен қатар, төтенше жағдай кезеңінен кейінгі өмір сүру деңгейін қайта қалпына келтіру бағытында атқарылып жатқан шараларға тоқталды.
– Бірінші кезекте күнделікті тұрмысқа қажетті азық-түлік, дәрі-дәрмек және тағы басқа жарақтармен толығымен қамтамасыз етіледі. Мұнай-кен, тұз өндіру, балық, мал және егін шаруашылығы саласындағы мекеме-кәсіпорындар өз жұмысын тұрақты жүргізуде. Денсаулық сақтау саласын үздіксіз медициналық құрал-жабдықпен қамтамасыз ету, оның ішінде, науқастар деректерін анықтау тесттері жеткілікті және жасанды дем беру құрылғыларымен қамтамасыз етілген. Оқшаулау орындары толық әзірленген, – деді ол.
Бүгінге дейін адам көп жиналатын жалпы ауданы 5 миллион шаршы метрге жуық аумаққа (базарлар, вокзал, автовокзал, т.б) дезинфекция жұмыстары жүргізілді. Тұрғындарға ресми деректер ұсыну мақсатында таңертеңгі сағат 08.30-да және 16.00-де күніне 2 рет арнайы брифинг берілуде. Сонымен қатар, облыстық штаб жанынан 400-100 нөмірлі Call орталығы 24 сағат жұмыс жасайды. Бұл орталыққа тұрғындар тарапынан күніне 500-ге жуық сұрақ түседі. Жалпы осы уақытқа дейін 6914 сұрақ түсіп, тиісті шаралар қабылданды. Олардың 4528-і әлеуметтік салаға, 693-і бақылау бекеттеріне, 1473-і кәсіпкерлік саласына қатысты. Бұған қосымша облыстық kyzylorda-news.kz сайтынан арнайы «Covid-19» медиа блогы іске қосылды. Мұнда барлық ресми ақпараттар жинақталған.
Қазір пандемиямен күреске 3000-ға жуық дәрігер, 200 полиция қызметкері және 170-тен астам әскери жұмылдырылған.
Серік Әбжәліұлы біздің аймақта вирус жұқтырған азаматша аман-есен дүниеге сәби әкелгенін айтып, ана мен сәби өмірі үшін күрескен медицина қызметкерлеріне алғысын жеткізді.
– Ана мен баланың өмірін аман сақтап қалуға акушер-гинеколог Ақбота Қоңқабаева, акушер Айгерім Еңсепбаева, неонатолог Меруерт Аққайырова, медбике Айгүл Тұрғанбаева және кіші буын қызметкері Назымхан Бекназарова аянбай еңбек етті. Кейбір тұрғындар карантин талабын бұзса, олар адам өмірін сақтап қалу жолында үйіне қайта алмай жүр. Біз қазіргі заман батырларын бағалауымыз қажет, – деді ол.
Облыс әкімінің орынбасары індеттің алдын алудағы кәсіпкерлер еңбегіне жоғары баға берді. «Далатекс» компаниясының директоры Дінмұхаммед Абызов, жеке кәсіпкер Аида Керімқұлова бастаған ұжымдар маска тігуге, Дина Махатова бастаған «Ас-Ка» компаниясы медицина қызметкерлерін арнайы бір реттік қорғаныш киіммен қамтамасыз етуге, «НеоХимТех» директоры Нұрбол Аппазов, №50 дәріхана басшысы Ләйла Жәлиева антисептик жасауға үлес қосты. Сондай-ақ, жеке кәсіпкер Қайрат Боранбаев вируспен күресіп жатқан 90 дәрігерді «Қызылорда» қонақүйіне орналастырды. Ал, «Kazpetrol Group» компаниясының басшысы Бахыт Тоғызбаев 120 медицина қызметкеріне 100 мың теңгеден барлығы 12 миллион теңге сыйақы берді.
– Өздеріңіз байқағандай әлемді шарпыған індет ешкімді, аямайтынын көрсетті. Мемлекет тарапынан тиісті шаралар үздіксіз жүргізілуде. Дегенмен, бұл вирусты ауыздықтау үшін жұмыла күресуіміз қажет. Бұл жолда сіздерден тек ғана үйде болуды, сақтық шараларын қатаң сақтауды сұраймыз. Себебі сіздер үшін үйіне жете алмай, бауыр еті баласы мен жақын туыстарын көре алмай жүрген кәсіп иелерінің еңбегін еш етпейік. Сыр елі талай қиындықтан өткен, бұл сыннан да өтеді, – деді С.Ахмет.
«СБ» ақпарат.