КӘСІП ИЕЛЕРІНЕ ҚОЛДАУ КӨРСЕТІЛЕДІ
Коронавирус әлемге тек індет таратып қана қоймай, сонымен бірге экономикалық дағдарыс алып келді. Әлем елдерін шарпыған экономикалық дағдарыс елімізді де айналып өтпейді. Сондықтан осындай қауіптің алдын алу үшін Үкімет барынша тиісті шаралар қарастырып жатыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жуырда халыққа арнаған мәлімдемесінде де бұл мәселеге баса мән беріп, экономикалық жағдайды басты назарда ұстайтынын айтты. «Бюджет шығыстарын тиімді салаға бұруға тырысамыз. Отандық кәсіпкерлерге қолдау көрсетуге жаңа жұмыс орындарын ашуға арналған бағдарламаларға кем дегенде 300 миллиард теңге бөлінеді» деді Мемлекет басшысы.
Президент айтқандай, кәсіпкерлер – экономиканың негізгі тірегі. Еліміздегі шағын және орта бизнес өкілдерінің жұмысы тоқтаса, дәл қазіргі қиын кезеңде мемлекет үшін де, ел тұрғындары үшін де оңай болмасы анық. Сондықтан бұл орайда Президент оңтайлы шешім қабылдап, батыл қадамға барып отыр. Кәсіпкерлерге қолдау көрсету мақсатында бюджеттен 70 млрд теңге бөлінетін болды. Соның дәлелі, ел аумағында жарияланған төтенше жағдайға қарамастан ауданымызда шағын және орта бизнестің жұмысы әлсіреген жоқ, кәсіпкерлер мемлекет қолдауын әлі де сезініп отыр. Мәселен, азық-түлік дүкендері өз жұмысын жалғастырып, халыққа қызмет көрсетіп келеді. Сауда орындарындағы тауар бағасы да қатаң бақылауға алынды. Сол секілді ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіретін шаруалардың да науқандық жұмысы басталды. Бүгінде шаруашылық жұмыстары 100 пайыз техника күшімен атқарылады. Сондықтан көктемгі егіске шыққан шаруашылықтар үшін жанармай үлкен мәселе болатын. Осы қиын кезеңде Президент Үкіметке жанармай бағасын 15 пайызға арзандатуды тапсырды. «Көктемгі егіс науқаны үшін қарапайым заттар экономикасы бағдарламасы арқылы қосымша 100 млрд теңге бөлуді тапсырамын. Ең алдымен шағын және орта шаруа қожалықтарына қолдау көрсеткен жөн. Сонымен қатар Үкіметке жанармай нарықтық бағасын 15 пайызға арзандатып, 165 теңгеге дейін төмендету міндеті жүктелді. Осыны қамтамасыз ету үшін 390 мың тонна жанармай жеңілдікпен сатылатын болады».
Бұны Президент халыққа жасаған мәлімдемесінде айтты. Сонымен бірге Мемлекет басшысы әкімдіктерге жергілікті кәсіпорындардың өнімін кем дегенде 6 ай бойы кепілді сатып алу тәртібін жолға қоюды тапсырды. Бұл да аудандағы ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіретін шаруашылықтар үшін тиімді болмақ.
Қорыта айтқанда, елімізде жарияланған төтенше жағдай экономикалық дағдарыс туғызбайды. Осы қиындықтардың алдын алу үшін Үкімет жан-жақты шараларды қарастырып, шағын және орта бизнес иелеріне мейілінше қолдау көрсетіп отыр. Енді тек кәсіпкерлер мемлекет тарапынан жасалып отырған мүмкіндікті тиімді пайдаланып, мемлекет қолдауын тек өз мүддесі үшін ғана емес, ортақ мақсатқа бұрып, сындарлы сәтте мемлекеттің және халықтың қиындықтан шығуына өз үлестерін қосса игі.
Қ.АХЕТОВ