» » САРБАЗДАН СӘЛЕМ

САРБАЗДАН СӘЛЕМ

"Қалайсыздар, ана-әке! Бауырларым! Ауыл-аймақ тегіс аман ба? Жағдайларыңыз жақсы ма, мен кеткелі үйдің, сырттың шаруаларына қиналып қалған жоқсыздар ма? Міне, әскерге келгелі бізге де сіздерге хат жазуға мүмкіндік туды. Осы күнді де асыға күттік. Менің жағдайым жақсы. Келгенімізге көп уақыт болмаса да, үйренісіп кеттік. Алғашында қиындықтар болды. Үйді, сіздерді сағындым. Қысқасы, әскер адамды өзгертеді екен. Орынсыз сөйлей бермейсің. Әр адымыңды аңдап, ойланып басасың. Бір адам тәртіп бұзса, кесірі барлық сарбазға тиеді. Бір қадам қате бассаң, тек сен үшін барлық сарбаз тапсырманы басынан бастап қайта орындауға тиіс. Жалғыз өз басыңды ойламай, командамен жұмыс жасауға дағдыланасың. Бір жағынан ол да дұрыс шығар, ортақ тәртіпке бағынуды, айналаңдағы жолдастарыңа да қарайлауды үйренесің, өзімшілдік дегенді ұмытасың. Мұнымен қоса өз-өзімізге қызмет етуді үйрендік, үйдегідей босаңсу жоқ. Бірнеше күннен соң ант қабылдау рәсімі өтеді. Қазір бізде қызу дайындық өтуде. Көп босай бермейміз. Алла қаласа, ант қабылдау рәсімінде көрісерміз. Осымен аяқтайын. Сіздерді сағындым.
Сүйікті ұлдарыңыз.
10.11.2016 жыл."
Өзінің көлемі мен адам шығыны жағынан тарихта ең үлкен әрі қанды шайқас екінші дүниежүзілік соғыс екені белгілі. Әлем халықтарының 80 пайызы қатысып, 60-тан астам мемлекеттен сарбаздар алынды. Қан майданда қаншама адамның өмірі қиылды. Соғыс жылдарында армия қатарына бір жарым миллионға жуық қазақстандық алынды. Соғыс жылдарында ілеуде бір кей отбасыларға майданнан хат келетін. Қысқа ғана мән-жай баяндалған, сағынғанын жазған және жауды міндетті түрде жеңеміз деген сөздер болатын. Ал от пен оқтың арасында ажал құшқан жауынгерлердің атынан отбасына қаралы қағаз келетін. Осылайша азаматын, ұлдарын сұрапыл соғыс жалмаған қаралы шаңырақ түгілі бүкіл ауыл болып күңіреніп қалатын. Бүгінде жетпіс бес жыл бұрынғы жазылған хаттар сарғайған параққа айналды, архивтерден орын алды. Осындай хатты жазған жауынгерлердің ерлігінің арқасында Кеңес әскері жеңіс туын желбіреткен еді. Одан кейін тәуелсіздікке қол жеткізіп, мемлекетіміз Қазақстан Қарулы Күштерінің құрамын бекітті. Содан бері жас сарбаздар бейбіт күнде Отан алдындағы борышын өтеуде. Мақаламыздың тұздығында жазылған сарбаздың хаты осы бейбіт замандағы жауынгерлердің әскери өмірінен сыр шертеді.


Жыл сайын көктем мен күз мезгілінде жасы жеткендер Қазақстан Қарулы Күштері қатарында сап құрайды. Әскерге денсаулығы жарамды бозбалалар Отан алдындағы бо­рышын өтеуге бір жылға өзге аймаққа ат­танады. Жас сарбаздардың кейбірі бұл күні қуанады, кейбірі толқиды, енді кейбірін алаң­дау­шылық сезімі билейді. Қазақстанның әр өңіріндегі әскери тәртіп әртүрлі болғанымен, бәрінің мақсаты бір – Отан қорғайтын қайсар, шыныққан, жан-жақты, қару-жарақты, ұрыс тактикасын меңгерген жауынгер дайындап шығару. Дегенмен, дәл осы кезде әскерден жалтарып, азаматтық борышын өтеуден түрлі сылтаумен бас тартатындар бар. Олардың негізгі қорқынышы – әскери өмірдегі қысым. Яғни барып келгендерден естіген шалажансар әңгіме, одан қалаберді ақпарат көздеріндегі келеңсіздіктер. Ата-аналар да балам көз алдымда жүрсін, ештеңе етпейді деп, ұлдарының намысын қайрап, жігерін жанудың орнына тым босаңсытып жататыны тағы бар. Не десек те, "Әскерге бару – азаматтық борышың" деген сөзге тоқтап, бойдағы қорқыныш пен үрейді жеңіп, патриоттық сезімі жетелеп әскерге аттанатын сарбаздардың әскери өмірден түйері көп. Ең бастысы Қазақстан армиясы осындай жігерлі азаматтармен толығады. Сырт көзге де қару-жарағымызбен, жауынгерлеріміздің көп­тігімен айбынды ел екенімізді көрсетпейміз бе?


Ұлдарын жыраққа жібергісі келмесе де, ұлттық рухын, жігіттік жігерін жанығысы кел­меген ата-аналар әскерге шақырту келгеннен-ақ аттандырып жатады. Өйткені ол кісілер ер азаматтың ел үшін туатынын біледі. Ұлы әскерде Отан алдындағы борышын өтеп жүрген кез келген ата-анадан сұрасаңыз, баламмен күнде сөйлесіп отырмын деп жауап берер еді. Себебі қазір әскери өмірде тәртіп қатаң болғанымен, сарбаздарға демалыс күндері жақындарымен сөйлесуге рұқсат етіледі. Арнайы сағат та белгіленген. Ал жоғарыдағыдай сарбаздан елге сәлем хат тек бір рет қана жазылады. Әскерге барған алғашқы бір айдың ішінде. Басқа уақыт­тарда ұялы телефон арқылы жағдай бі­лісуге мүмкіндік бар.


Жалпы әскер қатарына алынған сарбаздар бірі теңізде, бірі шекарада, енді бірі жаяу әс­кер құрамында борышын өтейді. Өзінің әс­кери бөлімінің міндетіне қарай шынығады, шыңдалады. Шүкір, бейбіт заманда өмір сүрудеміз. Оның үстіне әскери борышты өтеу уақыты – бір-ақ жыл. Қиындыққа қарсы тұрып, бойындағы қорқынышын жеңіп үйренбеген, жігері құм боп жасыған азаматқа Отан қорға деп қалай айта аламыз? Сондықтан жігіттердің жалтаруына себепші болмай, азаматтық борышын абы­рой­мен өтеуіне тілекші болайық.

Нұр НАУАН
06 мамыр 2020 ж. 676 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 768

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930