"Жібергеніме өкінемін": Әскерге кетіп, психикалық ауытқумен оралған жігіттің анасы жанайқайын жеткізді
Алматыда баласының денсаулығына алаңдаған ана әділдік іздеп шырылдап жүр. Жаркент қаласындағы 74261 әскери бөлімінде Отан алдындағы борышын өтеп келген Нұрсұлтан Қалыбекті дәрігерлер психикалық ауытқу белгілері бар деп стационарға емделуге жіберген. Алайда анасы әскерге жарамды болып аттанған ұлының аяқ астынан жынды атануы «мүмкін емес» дейді, "КТК" арнасы.
19 жастағы Нұрсұлтан бала күнінен бері әскери қызметкер болуды армандапты. Арада бес ай өткен. Десантшылар сапында сап түзеген сарбаз мүлдем өзгерген. Ештеңеге зауқы жоқ. Бетін бүркеп селкілдеп отыр. Әскери емхананың дәрігерлері оны жынды болудың аз алдында тұрғанын айтып, психиатриялық стационарға емделуге жіберіпті. Бұл жағдай ананың төбесіне жай түскендей әсер етті.
"Бұрыңғыдай емес балам. Ол өтірікті жаны сүймейтін. Шындықты бетке айтатын бала еді. Не үшін кепкасын басып отыр. Өйткені ар жағында шындық жоқ. Оны көргісі келмейді. Қысым көрсеткен. Қысым көрсетпесе, бала мұндай бола ма?", - дейді Н.Қалыбектің анасы Гүлнәр Сарытбекова.
Жаркент қаласындағы 74261 әскери бөлімінің командирі жас сарбазды әскери комиссариаттан өткізіп жібергеніне таң қалады. Өйткені жас сарбаз десантшы болуға жарамсыз болды дейді. Нұрсұлтан әскерге келгелі қайта-қайта ауырып, санитарлық бөлім мен госпитальдан шықпапты-мыс.
Жас сарбаз енді Нұр-Сұлтан қаласындағы бас әскери клиникалық госпитальда ем-дом қабылдайды. Психиатрлар оған диагноз қою үшін кемі бір апта уақыт керек дейді. Одан кейін әскери-дәрігерлік комиссия нақты шешім қабылдамақ. Ал әділдік іздеген сарбаздың анасы кінәлілерді тауып, соңына дейін күресемін деп отыр.