«Соңғы қоңырау» қашан соғылады?
Қазақстандық түлектер үшін кезекті оқу жылы әдеттегідей 25 мамырда аяқталады. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпараттық алаңында облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Бағдат Бердәулетов мәлімдеді.
Облыс бойынша 11 сыныпты бітіретін 6060 бала үшін 3-4 маусым күндері «Аттестат тапсыру» және «Соңғы қоңырау» шаралары біріктіріліп, салтанатты жиындар өткізіледі.
– «Соңғы қоңырау» кештері, мемлекеттік емтихандар өткізілмейді. Аттестатқа қорытынды баға жылдық бағалар негізінде қойылады. «Алтын белгіге» үміткерлер саны – 573 (2019 жылы – 320), – деді Б.Бердәулетов.
Шаралар мектептің сыртқы ауласында ұйымдастырылады. Санитарлық сақтық шаралары қатаң сақталуы тиіс. Шараға түлектер мектеп формасымен қатысады. Үй, мейрамханаларда мектеп бітіру кештерін өткізуге, көлікпен кортежге шығуға қатаң тыйым салынады.
ҰБТ өткізу форматы өзгеріссіз. Былтырғыдай 5 пән бойынша 120 сұрақтан тұратын тест тапсырып, ең жоғары 140 балл жинауға мүмкіндігі болады.
ҰБТ 20 маусым-5 шілде аралығында өткізіледі. Облыста 9 тестілеу пункті жұмыс жасайды. Білім бөлімдерінің мәліметтеріне сәйкес барлық пунктер талапқа сәйкес жабдықталған.