» » ҚОЛӨНЕР – ҚИЯЛ МЕН ТӨЗІМНІҢ ЖЕМІСІ

ҚОЛӨНЕР – ҚИЯЛ МЕН ТӨЗІМНІҢ ЖЕМІСІ

Қолөнер – қазақ халқы өмірімен, тұрмыс-тіршілігімен біте қайнасып келе жатқан аса құнды өнер түрі. Сан алуан, түрлі-түсті бұйымдардың әсемдігі, шеберлікпен жасалуы, тұрмысты арқау еткен шебердің өрнектері көрген көзге қуаныш сыйлап, көңіл жадыратады.

Қолөнер шеберлері табиғат сұлулығын туындыларына арқау еткен. Ерекше назар аударып қараған жан адамзат дүниесінің табиғатпен біте қайнасқан қарым-қатынасы мен табиғи тазалықты көреді. Қазақ қолөнерінің түрлері, түсі мен сапасы және әрбір өрнегі көшпелі өмірмен тығыз байланысты. «Шеберлінің қолы алтын» деп ұрпағының өнегелі де өнерлі болып өсуін мақсат еткен ата-бабамыз өз бойындағы барлық асыл қасиеттердің желісін үзбей бүгінгі күнге дейін жалғастырып келеді. Соның арқасында халықтың өнері, мәдениеті қазіргі буынның санасында жаңғырып, заманға сай дамуда. Бұрынғы қолөнердің негізі табиғи шикізаттарды пайдалана отырып, халықтың қолданысына ыңғайлы әрі сәнді бұйымдар жасау болған. Жалпы, қолөнер халық арман-тілегінің, мақсат-мүддесінің нышаны іспетті. Сондықтан да, бұл өнердің маңыздылығы ерекше. Жазу-сызу болмаған кезеңдерде адамдар айтар ойын тасқа қашап, ойып қалдырған. «Ағашқа ойып салу», «сүйек ою өнері» дегендер осы уақыттарда қалыптасқан болса керек. Сол кездегі ою-өрнек, бедерлер келе-келе киізге, кілемге салынатын болды. Бұған қарап, қолөнердің дамуы өмір қажеттілігінен туындағанын байқаймыз.
Біздің ауданда да ұлттық өнерді дәріптеп, қолөнердің қыр-сырын меңгерген шебер қолды келіншек бар. Мейрамкүл Романқұлова осыдан бірнеше жыл бұрын  «Айзере» ЖК цехын ашып, бүгінгі күні кәсібін дөңгелетіп отыр. Арнайы аппаратпен малдың қылы мен жарамсыз саналған мақтаны қайта сүзгіден өткізіп, өңдейді. Одан шыққан өнімнен ұлттық дүниелер жасайды. Яғни, өңделген қылды иіріп жіп қылады, киіз, текемет бастырады, құрақ көрпеше, қыз жасауын жасайды. Қазақы киіз үйдің жабдықтары мен тұрмыстық бұйымдарды жасап шығарады. Бастырған киіздің бетіне матадан қолдап ою салады. Тыңнан түрен салып, ұлттық бұйымдар өндіруді қолға алған кент тұрғыны ең алғаш «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы» аясында 1 млн теңге жеңілдетілген несие алып, оның 600 мың теңгесіне мақта өңдейтін аппарат сатып алған. Бұл құрылғы сағатына 20 келі мақтаны тартады. Бір қызығы біз көрген қазақы құрақ көрпешелердің барлығын кәсіпкердің баласы Жылбек Қуаныш құраған. Ер бала болса да, шыдамдылығы жетіп, тігін машинамен әр қиындысын қиыстырып, тігіп шыққан. Жақында тағы да грант иегері атанып, тоқым, жабу секілді бұйымдарды жасауды қолға алыпты. Кәсіпкердің қолөнер бұйымдары қайталанбас әсем оюлармен кестеленген. Әрбір бұйымдағы ықшам да мәнді үйлесім, түстердің жоғары талғаммен таңдалуы, өрнектердің әсемдігі мен композициялық шешімі, қолдың дәлдігі мен қиылдың ұшқырлығын ұштастырып аса шеберлікпен жасалуы көрген көзді таңдандырмай қоймайды. Кәсіпкердің кәсібіне деген сүйіспеншілігі, қазақ ұлттық өнеріне деген құрметі ісінен де, сөзінен  де байқалып тұрды.
– Бұл қолөнер сонау заманнан бізге жетті. Арада қанша дәуір өтсе де өз құндылығын жоғалтпады. Өйткені, қазақ халқының басқа халықтардан ерекшеленіп тұратын мәдениеті, өнері, болмысы бар. Біздің ата-бабадан жеткен бұл өнеріміз желісін үзген жоқ. Кез келген уақытта сұранысқа ие. Құрақ көрпешелер, қыздың жасауы, киіз үйдің жабдықтары мен текемет, киіз бәрі тұрмыстық бұйымдар болғандықтан, қажетсіз қалмайды. Мен бұл өнерді кәсіп қылып дөңгелетіп отырмын, бір жағынан ұлттық құндылықтарды, жоғарыда атаған дүниелерді келешек ұрпаққа жетсе екен деймін. Балам да төзімділікті қажет ететін жұмыс болса да ешқашан ерінген емес. Бәрін меңгеріп алды. Қазір тоқым, жабу жасап жатыр. Болашақта мүмкіндік болып жатса кәсібіміздің көкжиегін кеңейтеміз, – дейді Мейрамкүл Романқұлова.
Расында, қолөнердің сыры көп. Сырлы өнердің сырын біліп, қиял мен төзімді ұштастыра білетін шебер қолды кәсіпкердің қол еңбектері көпке үлгі қыларлықтай дүние. Әсемдігі мен түрлі оюлары алыстан көз тартып, жарқырап, жасанып тұратын құрақ көрпешелер мен текеметтің өзі керемет. Осыдан-ақ, байырғы қазақ халқының қарапайым тұрмыстық бұйымдарының өзі үлкен еңбекпен жасалғанын көреміз.

Нұржамила АЛМАСҚЫЗЫ
07 мамыр 2020 ж. 1 022 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 723

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031