» » ҚИЯЛ МЕН ТӨЗІМНІҢ ЖЕМІСІ

ҚИЯЛ МЕН ТӨЗІМНІҢ ЖЕМІСІ

Қолөнер – қазақ халқы өмі­рімен, тұрмыс-тіршілігімен біте қайнасып келе жатқан аса құнды өнер түрі. Сан алуан, түрлі-түсті бұйымдардың әсемдігі, шеберлікпен жасалуы, тұрмысты арқау еткен шебердің өрнектері көрген көзге қуаныш сыйлап, көңіл жадыратады.
Қолөнер шеберлері табиғат сұ­лу­­лығын туындыларына арқау еткен. Ерекше назар аударып қараған жан адамзат дүниесінің табиғатпен біте қайнасқан қарым-қатынасы мен табиғи тазалықты көреді. Қазақ қол­өне­рінің түрлері, түсі мен сапасы және әрбір өрнегі көшпелі өмірмен тығыз байланысты. «Шебердің қолы алтын» деп ұрпағының өнегелі де өнерлі болып өсуін мақсат еткен ата-бабамыз өз бойындағы барлық асыл қасиеттердің желісін үзбей бүгінгі күнге дейін жалғастырып ке­леді. Соның арқасында халықтың өнері, мәдениеті қазіргі буынның санасында жаңғырып, заманға сай дамуда. Бұрынғы қолөнердің негізі табиғи шикізаттарды пайдалана оты­рып, халықтың қолданысына ың­ғайлы әрі сәнді бұйымдар жасау болған. Жалпы, қолөнер халық ар­ман-тілегінің, мақсат-мүддесінің ны­­шаны іспетті. Сондықтан да, бұл өнердің маңыздылығы ерекше. Жазу-сызу болмаған кезеңдерде адам­дар айтар ойын тасқа қашап, ойып қалдырған. «Ағашқа ойып салу», «сүйек ою өнері» дегендер осы уақыттарда қалыптасқан болса керек. Сол кездегі ою-өрнек, бедерлер келе-келе киізге, кілемге салынады. Бұған қарап, қолөнердің дамуы өмір қажеттілігінен туын­да­ғанын байқаймыз.
Біздің ауданда да ұлттық өнерді дәріптеп, қолөнердің қыр-сырын меңгерген шебер қолды жан бар. Мейрамкүл Романқұлова осыдан­ бірнеше жыл бұрын «Айзере» ЖК цехын ашып, бүгінгі күні кәсібін дөңгелетіп отыр. Арнайы аппаратпен малдың қылы мен жарамсыз са­налған мақтаны қайта сүзгіден өт­кізіп, өңдейді. Одан шыққан өнім­нен ұлттық дүниелер жасайды. Яғни, өңделген қылды иіріп жіп қы­лады, киіз, текемет бастырады, құрақ көрпеше, қыз жасауын жасайды. Қазақы киіз үйдің жабдықтары мен тұрмыстық бұйымдарды жасап шығарады. Бастырған киіздің бетіне матадан қолдап ою салады. Тыңнан түрен салып, ұлттық бұйымдар өн­­діруді қолға алған кент тұрғыны ең алғаш «Нәтижелі жұмыспен қам­ту және жаппай кәсіпкерлікті да­мытудың 2017-2021 жылдарға ар­налған бағдарламасы» аясында 1 млн теңге жеңілдетілген несие­ алып, оның 600 мың теңгесіне мақ­та өңдейтін аппарат сатып ал­ған. Бұл құрылғы сағатына 20 келі мақтаны тартады. Бір қызығы біз көрген қазақы құрақ көрпешелердің барлығын кәсіпкердің баласы Жылбек­ Қуаныш құраған. Ер бала болса да, шыдамдылығы жетіп, тігін машинамен әр қиындысын қиыстырып, тігіп шыққан. Жақында тағы да грант иегері атанып, тоқым, жабу секілді бұйымдарды жасауды қолға алыпты. Кәсіпкердің қолөнер бұйымдары қайталанбас әсем оюлармен кестеленген. Әрбір бұйымдағы ықшам да мәнді үйлесім, түстердің жоғары талғаммен таңдалуы, өрнектердің әсемдігі мен композициялық шешімі, қолдың дәлдігі мен қиялдың ұшқырлығын ұштастырып аса шеберлікпен жасалуы көрген көзді таңдандырмай қоймайды. Кәсіпкердің кәсібіне деген сүйіспеншілігі, қазақ ұлттық өнеріне деген құрметі ісінен де, сөзінен де байқалып тұрды.
– Бұл өнер сонау замандардан бізге жетті. Арада қанша дәуір өтсе де өз құндылығын жоғалтпады. Өйткені, қазақ халқының басқа халықтардан ерекшеленіп тұратын мәдениеті, өнері, болмысы бар. Біздің ата-бабадан жеткен бұл өнеріміз желісін үзген жоқ. Кез келген уақытта сұранысқа ие. Құрақ көрпешелер, қыздың жасауы, киіз үйдің жабдықтары мен текемет, киіз бәрі тұрмыстық бұйымдар болғандықтан, қажетсіз қалмайды. Мен бұл өнерді кәсіп қы­лып дөңгелетіп отырмын, бір жағынан ұлттық құндылықтарды, жо­ғарыда атаған дүниелерді келешек ұр­паққа жетсе екен деймін. Балам да тө­зім­ділікті қажет ететін жұмыс болса да ешқашан ерінген емес. Бәрін меңгеріп алды. Қазір тоқым, жабу жасап жатыр. Болашақта мүмкіндік болып жатса кәсібіміздің көкжиегін кеңейтеміз, – дейді Мейрамкүл Романқұлова.
Расында, қолөнердің сыры көп. Сырлы өнердің сырын біліп, қиял мен төзімді ұштастыра алатын шебер қолды кәсіпкердің өнімі көпке үлгі қыларлықтай дүние. Әсемдігі мен түрлі оюлары алыстан көз тартып, жарқырап, жасанып тұратын құрақ көрпешелер мен текеметтің өзі керемет. Осыдан-ақ, байырғы қазақ хал­қының қарапайым тұрмыстық ­бұй­ым­­­­дарының өзі үлкен еңбекпен жа­салғанын көреміз.

Нұржамила АЛМАСҚЫЗЫ,
М.АХМЕТОВ (сурет).

21 наурыз 2019 ж. 1 053 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 760

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930