» » » КИІЗ ЕСКІЛІКТІҢ КӨЗІ МЕ?

КИІЗ ЕСКІЛІКТІҢ КӨЗІ МЕ?

Шебердің қолынан шыққан бұйымдар мен туындылар күнделікті тіршілікпен қатар сол байырғы заманғы қолөнер мәдениетінің баға жетпес үлгісі. Себебі, сол уақытта тұрмысқа қажетті бұйымдар мен заттарды аса іскерлікпен жасаған. «Шеберлінің қолы алтын» деп ұрпағының өнегелі де өнерлі болып өсуін мақсат еткен ата-бабамыз өз бойындағы барлық асыл қасиеттердің желісін үзбей бүгінгі күнге дейін жалғастырып келеді. Бұрынғы қазақ қоғамында күнделікті тұрмыстық өмірде қолданылған кей дүниелеріміз қазір қолданыстан шықты. Солардың бірі – киіз. Біз бүгінгі әңгімемізде киіздің түрлерін, оны қалай басу керектігін тілге тиек етпекпіз.

Ата-бабамыз төрт түлік малының аман-есен, күйлі болуы үшін жазда жайлауға, қыста қыстауға көшіп отырған. Көшпелі халық киіз үй жабдықтарының төзімді әрі көшіп-қонуға ыңғайлы болуына мән берген. Қазақ киіз үйінің сыртына тұтылатын, керегенің сыртынан жабылатын, ыстық-суықтан, жауын-шашыннан қорғап тұратын киізді жабу киізі деп атаған. Оны қалыңдау, ширақ етіп дайындаған. Өйткені жаңа айтқанымыздай үй ішіне бораннан, жауын-шашыннан суық кірмеуі керек. Мұндай киіз бір реңді, өрнексіз басылады. Ал түр салынған киіз текемет деп аталады. Яғни киіз бен текеметтің айырмасы киіздің оюлы немесе ою-өрнексіз басылуына байланысты. Текеметке ою-өрнекті ойыстыру және шүйкелеу әдісімен салады. Ойыстырып салынған түрдің ерекшелігі киіз бетіне басылатын өрнекті бөлек қиып алып, текеметке орналастырып ыстық су шашып басады. Ал шүйкелеп түр салғанда киіз бетіне ою-өрнек ретінде салынатын боялған немесе түрлі түсті жүнді бөлектеп шүйкелеп отырып басады. Арнайы басылған киізге басқа түсті киізден, матадан қиып дайындалған ою-өрнекті сырып тігу арқылы жасалған сәнді бұйым сырмақ деп аталады.
Киіздер мен текеметтер қай заманда да тұтынушылардың қажеттіліктерін өтеп келген. Алайда заман өзгереді, соған сай адамдардың талғамы да басқа арнаға ауысады. Бұрынғыда кез келгеннің үйінен табылатын киіз бен текемет кейіннен тұрмыста қолдануға тиімсіздігі байқалған. Жұртшылықтың талғамының өзгеруіне қарай төсеніштердің ыңғайлы, жеңіл әрі көркем, көлемі шағын түрлері жасала бастады. Алғашқы сырмақ осылай қалыптасқан.
Киіздің бір түрі – түскиіз. Ол үй қабырғасын сәндеуге арналып жасалады. Түскиіздің шеті түрлі-түсті жіппен өрнектеліп кестеленген бір түсті матамен көмкеріледі. Ортасына үйлесімді мата салып киізбен астарлайды. Кейде ақ киіздің бетіне түгелдей қызыл, сары, көк түсті ою жапсырады. Түскиіздің кестесі көбінесе “мүйіз”, “гүл”, “жапырақ”, “шырмауық”, “түйетабан”, “алқа” сынды өрнектермен үйлесімді етіп тігіледі. Киіз бетіне салынатын түрдің әдемілігі шебердің қиялына байланысты. Түрлі ою-өрнектерді үйлестіре білу, түсін дұрыс таңдай білудің өзі өнер.
Қазақ халқы қарапайым қойдың жүнінен текемет, түскиіз, сырмақ, секілді дүниелерді жасап, қажетіне жарата білген. Күзем алу маусымында ұлан-асыр думан жасап, киіз басып, сырмақ сырған дәстүр бүгінгі күні ұмытыла бастады. Негізі қазақ халқы жүнге үлкен мән беріп, киіз баспас бұрын жүнді әбден тазалайтын болған. Қырықпас бұрын қойды өзенге түсіріп, біраз тоғытып алатын болған. Әбден тазарған соң барып малды қырқып, жүнін әжелеріміз сабаумен сабап, жұмсартып, тазалап, түтіп киіз басуға дайындаған. Түтілген жүнді ұршыққа иіріп, жіп те жасаған. Ол жіппен кез келген киімді тоқып шығуға болады. Бүгінгі күні тоқылған бұйымдар қайтадан сәнге еніп, көптің сұранысына ие болды. Бірақ малдың қырқылған жүнін аса қажет етіп жатқанымыз шамалы. Ауылдық жерлерде малмен айналысатын адамдар да жүнді азғантай тиын-тебенге өткізіп жібере салады. Маусым сайын қырқылған малдың жүні кейде далада қалып жататын кездер кездеседі. Өйткені жоғарыда айтқанымыздай ең әуелгісінен бастап еңбектеніп киіз басатын адамдар сирек. Оның өзінде де тек кәсіп, сән, көрмелерге қою үшін басылады.

Қалай десек те киіз басу қазақтың төл өнері. Оны қолданыстан шығып қалды деуге болмас. Өйткені, заман талабына сай қолданыс аясы ғана өзгерді. Халық үй ішіне киізден төсеніш төсемесе де, ұлттық қолөнер бұйымына деген құрметін жоғалтқан жоқ. Арнайы киіз, текемет басып, ата-баба дәстүрінің желісін үзбей келе жатқан шебер қолды кісілер бар. Тіпті  ұлттық өнерді жаңғыртып, оны шалғайда жатқан шетелге насихаттап жүрген қолөнер шеберлері жоқ емес екен.

Әзірлеген Нұр НАУАН
09 мамыр 2020 ж. 629 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 767

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930