» » Қазақтың құты

Қазақтың құты

Шығу тарихы біздің заманымызға дейінгі ғасырларда пайда болған киіз үйді біздің халық қасиетті, киелі қара шаңырағымыз деп дәріптейді. Өйткені киіз үй қазақтың тұрағы, құтты мекен-жайы, еншісі, баспанасы, мүлкі, мақтанышы деп бағаланды. Әрине, киіз үйді әркім біледі, бағалайды. Шынында да, арғы-бергі тарихымыз бен мәдениетімізді зерделей қарасақ, көшпелі халықтың тұрмысында киіз үйіміздің атқарған қызметі мен рөлі өте зор екеніне көз жеткіземіз.

Қазақы үйлер бірнеше түрлерге бөлінеді. Мысалы, қара үй 3 қанат, қоңыр үй 4 қанат, боз үй 5 қанат, ақ үй 6 қанат, ақ ала орда 8 қанат, ақ орда 12 қанат, ақ шаңқан 18 қанат, алтын үзік 24 қанат, алтын орда 30 қанат деп аталатын түрлері бар. Сол сияқты көшіп-қонуға, уақытша паналауға немесе шаруашылық жұмыс ретінде бейімделген үй түрлері болады. Олар қос, абылайша, күрке, кепе, итарқа, жаппа, жолым үй, ас үй, қалқа деп аталады. Жаңа үй болған жас шаңырақты «отау» дейді.
Киіз үйдің іші төртке бөлінеді: Төр. Үй ішіндегі ең құрметті орын, мұнда жүк жиналады, қонақтар отырады. Бұл – киіз үйдің жоғарғы әрі сыйлы орны. Жас келіндер төрге шықпайды. Сол жақ (кіргенде оң жақ) – үй иесінің отыратын және жататын орны. Босаға жақта азық-түлік, ыдыс-аяқтар тұрады. Оны шимен жауып қояды. Оң жақта (кіргенде сол жақ) – балалар орналасады. Босаға жаққа қарай ер-тұрмандар, киімдер ілінеді. От орны қасиетті орын болып саналады. Мұнда от жағылады, қазан асылады. Киіз үй негізгі 3 бөліктен құралады: Үйдің сүйектері (ағаштан тұратын бөліктері). Киіздері (ши де осыған кіреді) Бау-шулары (баулары мен басқұр, арқандары) Киіз үйдің қазақ өмірі мен әлеуметтік жағдайына үйлесімдігі сондай, оны үлкейтіп, кішірейтіп, тіпті бір-біріне қосып, екі-үш бөлмелі етіп тігуге де болады. Туырлықтан жазда ыстық, қыста суық, жауында су өтпейді.
Міне, осындай үйде ел даңқын асырып, намысты қолдан бермеген данышпандарымыз бен батырларымыз туып-өскендігін мақтанышпен айтуға болады. Тағы бір айта кетерлігі, киіз үй берік ағаштан (қайыңнан, талдан) жасалады. Оларға құрт түспейді, басқа ағаштар сияқты тез шірімейді. Талдың керегеге қажетті жуан, жіңішкесін таңдап алуға да болады. Үйдің сүйегін үйшілер жасайды, оны «үй басу» дейді. Қажетті ағаштар 6 ай, кейде бір жылдай көлеңкеде кептіріледі. Мезгілі жеткен кезде үйшілер бұл ағаштарды қажетінше жонып, морға, қозға (ыстық қоламтаға) салып балқытып, тезге салып түзетіп алады. Олар үй сүйегіне лайықталған ағаштарды жонып, түзетіп шауып, қырнап болғаннан кейін, оны тағы да морға салып, кереге, уыққа, күлдіреуішке лайықтап ырғаққа (қалыпқа) салып, белгілі бір үлгі, жобаға келтіреді де, оны құрастыра бастайды. Кереге киіз үйдің негізін құрайды. «Керегең кең болсын» деген тілек осыдан шыққан. Өйткені үйдің берік болуы, кеңдігі осы керегеге байланысты. Кереге құрайтын ағаштарды желі, оның ұзынын ерісі, қысқаларын сағанақ, балашық деп атайды. Желілердің басы мен аяғына әдемілік үшін ойып, сызықтар (ыру) жүргізеді. Желілерді тесіп, түйенің мойын терісі немесе өгіздің бас терісінің сірісі (қайыстары) арқылы көктейді. Керегенің басы мен аяқ жағы сәл шалқайтыла, ал ортасы дөңестеу жасалады. Дайын керегені қанат деп атайды, яғни 18 қанат үйде 18 кереге болады. Кереге көзінің үлкен-кішісіне қарап тор көз, жел көз деп бөледі. Тор көзді керегі әдемі әрі берік болады.
Киіз үйде есік екеу болады. Ішкі есік – сықырлауық ағаштан жасалады, екіншісі – киіз есік киізден жасалады, ол сықырлауықтың сыртынан жабылады. Киіз есік ашық күндері маңдайшаға дейін шиыршықталып жиналып қойылады, жай күндері күн түспес үшін, оның бір жағы бақан арқылы ашық тұрады. Ағаш есік маңдайша, екі босаға, табалдырық және екі жарма есіктен құралып, керегеге бекітіледі. Керегелер бір-біріне таңғыш құр арқылы жалғасады. Уық – кереге мен шаңырақ ортасын қосатын негізгі бөліктің бірі. Уық алақан, иіні, қары және қаламы деген атаулардан тұрады. Ол иінінен ішке иіле жасалады, яғни үйдің күмбезді үлгісі осы уықтан басталады. Қанат санына қарай уықтың саны да, ұзындығы да өсе береді. Әр үйде көлеміне қарай 60-160-тай уық болады.
Ал шаңырақ – киіз үйдің қасиеті, киелі мүлкі. Қазақтың көптеген жақсы сөздері осыған байланысты айтылады. Шаңырақ «үй, отбасы» деген мағынаны да білдіреді. «Шаңырағың биік болсын» деген тілек бар. Киіз үй шаңырағы тоғын, күлдіреуіш, кепілдік деген бөліктерден тұрады. Үй сүйегі әзір болған соң, оның киіздері жасалады. Киіздері кереге бойына туырлық, шаңыраққа дейін үзік, шаңырақты жабатыны түндік және киіз есік деп аталады. Олар қойдың ақ күзем жүнінен басылады.
Үйге қолданылатын арқан түрлері де көп. Шаңырақта желбау деп аталатын ою-өрнекті, 4 шашақты бау болады. Киіз үйдің бір бөлшегі – кәдімгі ши. Оны жүнмен орап, кілем, текемет түсіндей оюлармен безендіріп тоқиды. Оны «шым ши» дейді, ораусыз шиды «ақ ши» дейді. Ши кереге мен туырлықтың екі ортасына келеді. Оның әсемдікке әрі жылылыққа әсері мол. Сондай-ақ ши тұрғанда сырттан құрт-құмырсқа, кесіртке, жылан, тағы басқа жәндіктер кіре алмайды.
Ғұламалар айтып кеткендей, осы киіз үйден қазақ халқының аспан әлеміне, есептеу жүйесіне, экономикалық біліктігі, мәдениет пен өнердегі талғамы – жалпы өмір тәжірибесіндегі іске бейімділігі аңғарылады. Тағы бір ерекше айта кетерлік жайт – біздің киіз үйіміз тек баспана ғана емес, ол сәулет, құрылыс, сурет, қолөнер сияқты бірнеше өнердің басын құрайтын ғажайып туынды десек те болады.

Дайындаған Н.ЖАНҰЛЫ


16 маусым 2020 ж. 686 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 768

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930