» » ШАҒЫЛ МЫСЫҒЫ

ШАҒЫЛ МЫСЫҒЫ

Шағыл мысығы – мысық тұқымдастығына жататын ең кішкентай түр. Шағыл мысығы негізінен Арабия, Синай түбегінде, Сахараның солтүстігі мен Пәкістанның құмды жерлерінде кездеседі. Ал Қазақстанда Маңғыстау түбегінің бұйратты құмдары мен шағылдарында және Қызылқұмды мекендейді. Кейде Сырдария өзенінің жағалауынан да кездесіп қалады.

Шағыл мысығының дене тұрқы 40-52 см, салмағы 1,3-3,4 келі тартады. Арқасы мен бүйірі құм түстес сарғыш, денесінде айқын емес қара жолақтары болады. Құйрығының ұшы қара қоңыр. Құлағы үшбұрышты, самай сақалы жақсы көрініп тұрады. Табандарындағы тарақ тәрізді қалың қылшықтары олардың құмда еркін жүруіне мүмкіндік береді. Қоныс тепкен жерлерінде ін қазады, кейде түлкі, қарсақтың ескі індерін де пайдалана береді. Ұсақ кеміргіштермен (қосаяқтар, құмтышқандар), кейде бауырмен жорғалаушылармен, ұсақ құстармен және жәндіктермен қоректенеді. Қорегін аулауға түнде шығады. Шағыл мысықтары ақпан-наурыз айларында шағылысып, аналығы сәуір-мамырда 2-5, кейде 3 марғау туады. Құмды, шөлді аймақтарда тіршілік ететін болғандықтан аз зерттелген. Шағыл мысығының саны қай жерде де аз. Қазақстанда 1952-1955 жылдары оның 6 дарабасы ұсталғаны туралы деректен басқа мәлімет жоқ.
XX ғасырдың 30-шы жылдарында бұл мысық Қызылқұмның солтүстігінде көп болды, ол жерлерден Қызылорда облысының былғары дайындау мекемесіне жылма-жыл 100-ге дейін терісі тапсырылған. 1952-1955 жылдары солтүстік типті құмды шөлден (Жаңадария өзенінен оңтүстікке қарай) бір және оңтүстік типті құмдардан 6 шағыл мысығы есепке алынған. Қазір Қазақстанның құмды шөлдерінде шағыл мысығы өте сирек.
Бұл жануардың санының азайып кетуіне кәсіби аңшылардан бөлек, қатал әрі қары қалың қыстар, қоректің жетіспеуі, тайғақтан кеміргіштерді аулау қиынға соққанда бұл мысықтар жаппай өлім-жітімге ұшырайды. Осындай жаппай қырылу Қызылқұмда 1953-1954 және 1968-1969 жылдары байқалған.
Қазірде республикада Үстірт және Ақтау-Бозашы қорықшаларында қорғауға алынып, Қазақстанның «Қызыл кітабына» енгізілген.

Дайындаған Қ.АХЕТОВ


16 маусым 2020 ж. 1 270 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 767

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930