ӘРБІР ІСКЕ ЖАУАПКЕРШІЛІКПЕН ҚАРАУҒА ТИІСПІЗ
Жер бетін үрейге бөлеген коронавирус жаһан жұртшылығының дегбірін қашырды. Аты жаман дерттің күн сайын өршіп келе жатқаны да жасырын емес. Өкінішке орай дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы пандемия деп жариялаған бұл ауру біздің елімізді де айналып өтпеді.
Жалағаш ауданында да Президент пен облыс әкімінің тапсырмаларына сәйкес шұғыл шаралар қолға алынды. Спорттық іс-шаралар, сондай-ақ көпшілік отбасылық салтанаттар мен салт-дәстүрлік шараларға тиым салынды. Бұдан бөлек халық көп жиналатын жиындарға шектеу қойылды. Ірі сауда орындарында санитарлық-эпидемиялогиялық қадағалау күшейтіліп, жұмыс уақыты шектелді. Тағы бір айта кетерлігі, азық-түлік бағасын негізсіз өсіруге жол бермеу мақсатында да жүйелі жұмыс жүруде. Кафе мен мейрамханаларға келушілер санын шектеп, адамдар көп болатын нысандарға санитарлық-дезинфекциялау жұмыстары жүргізіліп келеді. Аудандағы белсенді жастар аялдамалар мен сауда орындарына, сонымен қатар арнайы хабарландыру ілінетін орындарға коронавирустың алдын алуға бағытталған жадынамаларды ілді.
Мамандар дертпен қанша күрессе де індеттің таралу аймағы азаяр емес. Төтенше жағдай режимі кезінде Жалағашта бірде бір адамнан коронавирусты індет белгілері анықталмаған еді. Ал қазірше, аты жаман дерт өршіп барады. Мамандар келтірген деректерді естісең шошисың, тіпті қорқасың. Сонда деймін, мына жұрт “Төтенше жағдай режимі аяқталғанмен карантин жалғасады. Қауіптің беті әлі қайтқан жоқ. Өзіңді сақта, жақыныңа жанашыр бол!” деген сөздерге неге құлақ аспайды? Дәрігерлер безек қағып, халық саулығы үшін күресуде. Ал көпшілік салғырттық танытып, той-томалаққа, ас-құдайыға барғыш болып кетті. “Отыз адамнан аспаса болды” деп жиын жасайтындар бар. Мұндай шараларға бүгін тоқтау салмаса, ертең бәрі кеш болуы мүмкін.
Медицина саласының қызметкерлері ел халқының амандығы үшін қолдан келген амалдың барлығын жасауда. Республикамыздың әрбір азаматы өзінің, ұрпағының болашағына жауапкершілікпен қарауы тиіс. Өзін, отбасын, жақындарын пандемиядан сақтағысы келсе, дәрігерлер айтқан нұсқаулыққа көңіл бөлгені абзал.
Кенжеғара СҮЛЕЙМЕНОВ,
аудандық қоғамдық кеңес төрағасы