Індеттен сақтанудың жолы қандай?
Бүкіл әлемді әбігерге салған коронавирус індеті Қазақстанды да айналып өтпеді. Қызылорда облысында 1456 адамға вирус жұққаны анықталды. Оның ішінде Жалағаш ауданында 70 адамға жетті. Әрине, бұл – мақтанатын жағдай емес. Бұл – сақтық шараларын қатаңдату керек деген сөз. Қазір тұрғындар арасында коронавирусқа байланысты сұрақ көп. Тіпті тұмаумен шатастырып жүргендер де бар. Біз ғалымдардың зерттеуіне сүйеніп, жауап іздеген едік.
– Коронавирус деген не?
– Коронавирус адамдардың да, жануарлардың арасында да кездеседі. 2019 жылы желтоқсан айында Қытайдың Ухань қаласында COVID-2019 вирусы анықталды.
– Әлемде бұрын-соңды коронавирусқа ұқсас ауру болды ма?
– 1965 жылы алғаш рет адамның коронавирусты жұқтырғаны белгілі болды. 2003 жылы SARS-CoV вирусымен туындаған респираторлық синдромы анықталады. Коронавирустың бұл түрі Қытай, Сингапур, Канада елдерінде кең тарап, 7761 адамға жұғады. Оның 623-ы өлді. 2012 жылы Таяу Шығыста MERS-CoV вирусы тіркеліп, әлемнің 33 еліне тарады.
– Коронавирус қалай жұғады?
– Коронавирус адамнан адамға ауа арқылы жөтелгенде, түшкіргенде және сөйлегенде жұғады. Сондай-ақ науқас пайдаланған тұрмыстық заттармен және алиментарлық жолмен (тамақ, су арқылы) берілуі мүмкін. Ауа, тамақ өнімдері және тұрмыстық заттардан да жұғады.
– Коронавирустық инфекцияны тасымалдаушы кім?
– Ауруға шалдыққан адам немесе жануар.
– Бұл инфекция қайдан шықты және қалай тарады?
– Қытай ғалымдарының мәліметінше, коронавирус (COVID-2019) табиғи резервары – жабайы жануарлар (жарқанаттар). Адамдарға Оңтүстік Қытайдағы көтерме сауда базарларынан жұқты. Бұл сауда орталықтарында жарқанаттар мен жануарлардың етінен әзірленген тамақ өнімдері сатылады. Ғалымдар арасында коронавирустың бұл түрін тасымалдаушылар жарғанат дегенді қолдайтындар бар. Мұндай жарғанатты адамдар ас ретінде тұтынуы мүмкін. Вирус осы жолмен адамға жұғып, сосын мутацияға ұшырап, адамнан адамға жұғуда.
– Коронавирустық инфекцияның негізгі симптомдары қандай?
– Қызу, жөтел, ентігу.
– Вирус сыртқы ортада да өмір сүре ме?
– Коронавирус сыртқы ортада тұрақсыз. Дезинфекциялық, құрамында спирті бар заттарға шыдамайды. 57 градустан жоғары температурада да өледі.
– Инфекцияның инкубациялық кезеңі?
– Инкубациялық кезең (жұқтырған сәттен бастап ауру белгілері пайда болғанға дейін) екі күннен 14 күнге дейінгі аралықты қамтиды. Көбінесе 2-7 күн.
– Бұл инфекция емделе ме?
– Әзірге арнайы емі жоқ. Науқастар патогенетикалық және симптоматикалық ем алуда.
– Инфекцияға қарсы вакцина бар ма?
– Қазіргі уақытта бұл инфекцияға қарсы вакцина жоқ. Ғалымдар зерттеуде. Жақын арада табылады деген үміт бар.
– Коронавирустан қалай қорғануға болады? Алдын алу шаралары қандай?
– Алдын алу шаралары:
Біріншіден, респираторлық аурудың белгілері байқалған жағдайда медициналық маска киіп жүру, оны 2-3 сағат сайын ауыстыру.
Екіншіден, мүмкіндігінше адам көп жиналатын жерлерге бармау.
Үшіншіден, респираторлық аурудың белгілері бар адамдарға жақындамау.
Төртіншіден, кез келген қоғамдық орыннан келгеннен кейін және тамақ алдында қолды кем дегенде 20 секунд сабынмен жуу немесе құрамында спирті бар салфеткалармен сүрту.
Бесіншіден, адамның көзіне, мұрнына, бетіне жақындамау жөтелгенде және түшкіргенде ауызды майлықпен жабу.
– Коронавирустық инфекцияның симптомдары байқалған жағдайда қайда бару қажет?
– Жедел респираторлық инфекцияның немесе коронавирустың белгілері байқалған кезде медициналық мекемеге бару қажет. Науқастың жағдайы нашарласа бірден медициналық жедел жәрдем шақыру керек. Жедел жәрдем бригадасы келгенше алдын алу шараларын сақтаңыз. Яғни өзге адамдарға жақындамаңыз, жөтел әдебін сақтаңыз, маска киіңіз және өз бетіңізше емделмеңіз.
Нұрсұлтан Қазбеков