» » Иммунитетті қалай көтеруге болады?

Иммунитетті қалай көтеруге болады?

Жаз айлары күйбең тірліктен әбден титықтап, шаршаған адам үшін демалатын мезгіл. өкінішке орай биылғы жаңа жыл басталғалы көңіліміз түсіңкі. Алаңдаулы күйдеміз. Бәріміздің бір ғана мақсатымыз – отбасымыздың, жақындарымыздың амандығы мен індеттің тезірек беті қайтқаны. Осы кезде дертке шалдыққанға да, вирус жұқтырмағанға да керегі иммунитетін көтеріп, денсаулығын жіті бақылауда ұстау.

Иммунитет көтеру үшін не істеу керек? Үй жағдайында қорғаныс қабілетін қалай қалыпқа келтіруге болады? Бұл – көптің көкейінде жүрген мәселе. Індеттің әсерінен жаппай дәм, иіс сезу қабылетінен айырылып, жайсыз күйге түскендердің көбі өздігінше емделді, кейбірі медицина мамандарының көмегіне жүгінді. Барлығын дәрігерлерге ысырып қойып немесе емханаға жүгіргенше, медицина мамандары ұсынған ем-дом түрлерін жасай бергенді жөн көргендер де бар. Үй жағдайында емделгісі келгендер дәріханалардың есігін тоздырып, иммунитет көтеретін «С» дәруменін іздеді. Дерттің салдарынан денсаулығы нашарлаған жандар үйде сұйықтықты көп ішіп, лимон қосылған шай ішуді әдетке айналдырды. Мұнымен қоса тұмау секілді жұқпалы ауруларға бой алдырмай, тез айығып кетуге, алдын алуға көмектесетін сарымсақ, пияз секілді бойында дәрумені көп тағамдарды жиі жеген пайдалы. Егер денсаулығыңыз алаңсыз нашарламаған болса, тек белгілері ғана білінсе, аймақтық дәрігерге қаралып, қажетті дәрі-дәрмек, ем түрлерін сұрауға болады. Содан кейін үй жағдайында емделе бересіз. Дегенмен де дәрілік заттарды немесе үйде жасалатын күрделі ем-дом түрлерін дәрігермен кеңеспей жасай беруге де болмайды. Ол ағзаңыздың басқа бөлігіне кері әсерін тигізуі әбден мүмкін. Дәрі-дәрмекті, дәрумендерді қолданғанда да абай болу керек. Дәрумендердің барлық түрін, қолыңызға түскенін бірдей араластырып іше беру керісінше иммунитетіңізді төмендетіп жіберуі мүмкін. Бұл турасында мамандар тек дәрігер тағайындаған ем-домды қабылдауға кеңес беріп отыр.
Денсаулық сақтау саласы мамандарының айтуынша, қорғаныс қабілетін көтерудің ең тиімді тәсілі – салауатты өмір салтын ұстану. Ол үшін дене шынықтырумен жүйелі шұғылдану керек. Үйде жаттығу түрлерін қайталау, оны тұрақты түрде қалыптастыру тыныс алу жолдары мен миға пайдалы. Жүгірмесеңіз де, жылдам жүрудің де денсаулыққа пайдасы зор. Ағзаға ептеп күш түсіру арқылы бойға қан жүгіріп, адам денесіне оттегі тез тарайды. Одан ағзадағы зат алмасу процесі жылдамдап, көңіл-күй көтеріледі. Көңіл-күй жақсарған сайын иммунитет те түзеледі. Құнарлы ас ішу арқылы да денсаулықты нығайтуға болады. Бұл адам ағзасының ұйқыдан оянып, шымырлана түсуіне, денсаулықтың едәуір жақсарып, сергіп жүруге бірден-бір әсер етеді. Ішер ас табиғи дәрумендерге бай болғаны жөн. Барынша жеміс-жидек, көкөніс және ет өнімдерін жиі тұтыну керек. Тәтті және майлы тағамдардан бас тартқан дұрыс. Сондай-ақ қара шайды қойып, лимон қосылған шай ішкен пайдалырақ.
Бұдан бөлек ақ халаттылар пандемия кезінде балаларға аурудың алдын алатын препараттар берудің қажеті жоқтығын айтады. Мәселен, балаларды түрлі вирустық аурулардан қорғап, иммунитетін көтеру үшін алдымен тамақтану жағын қолға алған дұрыс. Яғни дұрыс және уақытында тамақтану. Жаз мезгілінде жеміс-жидек пен көкөністерді көбірек беру керек. Сол секілді ет тағамдарын көбірек тұтынып, сұйықты мол ішкен қорғаныс қабілетін арттыру үшін пайдалы. Сонымен бірге балалар физикалық қозғалыс нормасын сақтауы тиіс, демек бала ойнап, жүгіріп-секіруі керек. Бұл – баланың дені сау әрі ширақ болып жетілуіне қажетті қалыпты нәрселер. Індетпен күрес шаралары кезінде байқағанымыздай дертке шалдығып жатқандардың көбі бұрыннан денсаулығының нашарлығына байланысты тіркеуде тұратындар екен. Қан қысымының жоғарылығы, қант диабеті мен жүрек аурулары мазалайтын жандардың иммунитеті әлсіз болғандықтан ағзалары вирусты бірден қабылдауда. Қайтыс болып жатқандардың да басым бөлігі иммунитеті төмен және орта жастан асқандар. Осыған қарағанда, балалардың қандай да бір науқасы болса, алдын алып, қажетті дәрілік заттарын беріп, үй жағдайында дұрыс пайдалы тағамдарды қабылдауына бақылау жасау керек. Егер адамның иммундық жүйесі қалыпты әрі жоғары болса, кез келген жұқпалы ауруды еңсеруге күші жетеді. Бастысы – дұрыс тамақтану мен салауатты өмір салтын ұстану.

Нұржамила АЛМАСҚЫЗЫ
28 шілде 2020 ж. 527 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 767

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930