» » КҮРЕ ЖОЛДА ЖҮЙТКІГЕН КӨЛІК КӨП

КҮРЕ ЖОЛДА ЖҮЙТКІГЕН КӨЛІК КӨП

Жалағаш пен Қызылорданың арасы – шамамен 70-75 шақырымдық жол. Арада Сырдария ауданының орталығы Тереңөзек кенті бар. Қызылордада тұратындықтан жұмыс күндері осы жолмен таңертең және кешкісін қатынайтын әдетім. Өз көлігім болмаған соң таксидің қызметіне жүгінеміз. Ал олардың жүрісі желден жүйрік десем, қателеспейтін шығармын.

Осыдан біршама уақыт бұрын кешқұрым Жалағаштан шыққан такси Қалжан ахун ауылының тұсында жол апатына ұшырағанын жұрт ұмыта қойған жоқ. Нақтырақ айтатын болсақ, наурыз айында Қалжан ахун ауы­лы тұсында «Қызылорда-Жалағаш» тас­жо­лында «Ваз-21214» маркалы автокөліктің жүргізушісі қарсы бағытқа шығып кетіп, «Opel Vectra» көлігімен соқтығысқан. Оқиға орнында үш адам көз жұмып, тағы бес адам ауыр дене жарақатын алды. Біз сол кезде бұл оқиға басқа да жүргізушілерге сабақ болар деп ойладық. Аталған оқиғаға байланысты аудандық газетте “Апаттан келген ажал” тақырыбында мақала да жазылды.
Рас, кейде шұғыл шаруамыз болғанда қоғамдық көлікке отырмай, жолақысы қымбат болса да (төтенше жағдай уақытында бағасы тіптен шарықтап 2000 теңгеге дейін барды) аудан мен қаланың аралығына такси қызметін пайдаланымыз. Осындайда байқайтынымыз, жүргізушілер жолаушылардың талабымен са­наспайды. Мәселен, бұрылыс-бұралаңы көп күре жолдың бойында көлікті өте жоғары жыл­дамдықпен жүргізеді. Жолаушылардың ескертуін құлағына да ілмейді. Оған себеп, осы бағытта қатынайтын такси өте көп. Сондықтан кезек күтуге тура келеді. Тіпті кезекке таласып, қоғамдық ортада жаға жыртысып, бірі-біріне балағат сөздер айтып жатқандарды да талай көріп жүрміз. Сондықтан кейбір ақшаға құныққан такси жүргізушілері осы аралыққа бір күнде екі-үш мәрте қатынауға үлгеріп қалғысы келеді. Сол үшін олар тізгіндегі темір тұлпарды жүйткітіп, адамның қауіпсіздігін емес, діттеген жеріне жылдам жетуді көздейді.
Кейбір көлік жүргізушілерінің жауапсыздығынан қаншама адам жапа шегуде. “Egemen Qazaqstan” газетіне 2019 жылғы 28 қаңтарда жарияланған журналист Жақсыбай Самраттың “Жол апаты алдын алғанда ғана азаяды” атты мақаласында 2018 жылы жол-көлік апатынан елімізде 2 мыңнан астам адам көз жұмып, 20445 адам түрлі жарақат алған деген дерек келтірілген.
Өткен аптада әкімдікте аппарат мәжілісі болып, сонда хабарлама жасаған аудандық полиция бөлімі басшысының орынбасары Мәулен Өсер жыл басынан тамыз айына дейін 8 жол-көлік оқиғасы болғанын мәлімдеді. Жол апатының салдарынан 14 адам жапа шексе, 2 азамат қайтыс болған. Осы жол-көлік оқиғаларының 6-ы жүргізушілердің кінәсінен орын алған екен. Тіпті 7 адам көлікті мас күйінде жүргізген. Темір тұлпарды жүйткітіп құстай ұшқаны аздай, рөлге мас болып отыру тым артық енді.
Жол апатының ақыры қайғылы жағдайға ұласып, адам өлімімен аяқталған кездер де аз емес. Көлік апатына тас жолға кесе көлденең шығатын төрт түлік те себеп болып жатады. Жалағаш ауданының Аққұм, Еңбек, Таң, Бұқарбай сынды бірқатар ауылы “Батыс Қытай-Батыс Еуропа” тас жолының бойында орналасқан. Халықаралық бағыттағы үлкен жол болғаннан кейін күндіз-түні көлік ағыны азаймайды.
Сырдың тәртіп сақшылары төрт түліктің жол апатына себеп болуын азайту мақсатында үй жануарларына жарық шағылыстыратын алқа тағуды да ұсынды. Тіпті бұл ұсыныс осы жылдың 23 мамырында «Хабар 24» арнасының сайтында жарияланды.
Негізі үй жануарларына жарық шағы­лыстыратын алқа тағу идеясы жақсы. Көлік жүргізушілеріне ымырт үйіріле жол үстіне шыққан түлікті бірден байқау қиынға түсетіні анық. Сондықтан малдың бас жібін сәуле шағылыстыратын материалдан тіксе, қою қараңғыда дереу аңғарып, соқтығысудың алдын алар еді.
Әңгіменің ауанын Қызылорда мен Жалағаш аралығына қатынайтын таксиден бастаған едік. Жоғарыда негізге алынған аудан әкімдігінде өткен жиында Жалағашта 150-ге тарта таксист бар екені айтылды. Мұндай мәліметті аудандық кірістер басқармасының басшысы Руслан Байғазиев айтты. Басқарма басшысының сөзінше, солардың тек отызында ғана патент бар екен. Сонда басқалары такси қызметімен заңсыз айналысып жатқаны ма? Осы жерде аудан әкіміне ұсыныс айтқанды жөн санап отырмыз. Жалпы аудан көлемінде адам тасымалымен айналысатын жүргізушілерді күнделікті тексеріп отырса дұрыс болар еді. Біріншіден, көлік жүргізуге денсаулығы жарамды ма, мүмкін жүргізушінің көлік айдаса да адам тасымалымен айналысуға болмайтын науқасы бар шығар? Екіншіден, спирттік ішімдік ішпеген бе? Мұндай деректер де бар екенін жоғарыда атап өттік. Үшіншіден, көлігінде ақау жоқ па? Көлігі қаншалықты жарамды екенін тексерместен таксист болып жүретіндерді де көргенбіз. Төртіншіден, тек патенті бар, адам тасып жүргенін сезінетін жүргізушілерге ғана рұқсат берілсе деген ұсынысымыз бар. Қазір ауданда осы негіздегі қызметтерді көрсете алатын диспетчерлік орталық бар деп естідік. Сол орыннан болмаса басқа бір арнайы орталық ашылар, әйтеуір адам тасымалымен айналысатын барлық жүргізушіні міндеттеп тексеретін орын қажет екенін назарға салғанды жөн деп таптық. Әйтпесе, келер қатерді ойламай, күре жолда жүйткіген көлік көп.

Ә.ЖҰМАДІЛДӘҰЛЫ
18 тамыз 2020 ж. 222 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 768

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930