» » АНА МАХАББАТЫНЫҢ ҚҰДІРЕТІ

АНА МАХАББАТЫНЫҢ ҚҰДІРЕТІ

Бала күнімізде мал қораны тазалау біздің мойнымыздағы міндет еді. Басқаны білмеймін, мен күрекке ілінбей, ой-шұқырда қалып қойған құмалақ, қиды сыпырғышпен сыпыратынмын. Әкем көріп қойса, ұрсады. Ол кісінің айтуынша, қораны сыпырсаң малдан жұтап, тақырланып қалады екенсің. Яғни ырымға жаман. Әкем онша ырымшыл кісі емес еді. Тек мені артық күш жұмсап, шаң жұтпасын дейтін болуы керек, әйтеуір, қора сыпырғанымды жаратпайтын. Әкем маған кейіп жүріп сөзінің арасында: "Осы баланың осы не әдеті... Адамқұл атасы құсап..." деп қалады. Дәл сол сәтте әкемнің ол сөзіне онша мән бере қоймаймын. Кейінірек шешемнен: "Апа, әкем маған ұрысқанда Адамқұл атамызды неге айтады? Ол кісі де қора сыпыратын болған ба?", – деп сұрадым. Шешем әңгіменің мәнін қора сыпырудан да әріден, тым тереңнен бастады.
...Ата-бабамыз Қызылқұмды жайлап, Жаңадария бойын қыстапты. Үбіс бидің ауылы да құм ішін мекен еткен. Шәрипа әжеміз бір күні кешкі елең-алаң шақта 4-5 жасар баласы Адамқұлдан көз жазып қалады. Ойын баласы болған соң айналадан табылып қалар деген үмітпен ауыл болып жабыла іздейді, қоңсы қонған ауылдарға хабар жібереді, бірақ, бала табылмайды. Адамқұл сол жоғалғаннан іс-түссіз кетеді...
Күрсіне-күрсіне көкірегі суалып, жылай-жылай көзінің көлі тартылып Шәрипа әжеміз қартаяды. Бірақ қанша жылдар өтсе де ана жүрегі баласының тірі екенін сезеді, түйсігіндегі өлеусіреген үміт оты оқта-текте жылтылдап, бейсауат жүрген жолаушыдан сүйінші хабар күтіп, кебенек киіп кеткен баласынан күдерін үзбейді. Арада қырық жылдай уақыт өткенде жоғалған баланың хабары шығады. Бірақ көмескілеу. Қарақалпақ пен қазақ елін жалғап жатқан дарияны бойлай түскен Шымбай жолымен әрлі-берлі ағылған керуеннен баланың Ақмешітте екенін, әркімнің жалшылығында жүргенін естиді. Олардың айтуынша, еңгезердей жігіттің мінезі өте ауыр, томаға-тұйық, көп сөйлемейтін көрінеді. Тек ара-тұра көңілі түскенде, өзін 4-5 жасында құм ішінен керуен алып кетіп, Ақмешітке әкеліп жалшылыққа сатқанын, содан бергі өмірі байлардың есігінде өтіп жатқаны жайында қожайынның үйіне түскен саудагерлерге айтады екен. Бұл хабарды естігеннен Шәрипа әжемізден маза кетеді. Жүрегі атқақтап соғып, түнімен кірпіктері айқаспайды. Ақыры шалының айтқанына көнбей, балаларын тыңдамай, Қарақалпақтан өткен керуенге ілесіп, жолға шығады. Сапардың ұзақтығына, қиындығына, өзінің қарттығына қарамай араға алты қонып Ақмешітке жетеді. Үйіне түнеген кірешілердің айтуымен шаһар халқынан сұрастыра жүріп іздеген мекенжайын табады. Биік дуалы, ағаш қақпасы бар кесектен салған еңселі үйдің ауласын сыпырып жүрген еңгезердей жігітті көрген кезде әжеміздің көзінің жасы көкірегін жуып, емшегі иіп сала беріпті. Аңыраған ана мен баланың құшақтары ажыраған соң Шәрипа әжеміз жалма-жан әлгі жігіттің жейдесін көтеріп жіберіп, оң қолтығының астын қарапты да бас сала құшақтап тағы еңіреп қоя беріпті. "Е-е-ей, құдіретті Құда-а-а-й бар екенсің ғой! Аналық тілеуімді бергеніңе мың тәубе! Бәсе, мен сездім ғой... Мен бейбақты өлтірмей жүргенің, ұлыммен, Адамқұлыммен қайта қауыштырғың келген екен ғой. Оо, Тәңіре-е-е-м, енді жанымды тап қазір алсаң да разымын", – деп жылағанда көкірегіндегі шер боп қатқан қырық жылғы қасіретті бір сәттік қуаныштың көз жасы ерітіп жіберіпті.
Әжеміздің хабарды ести сала көрмей-білмей Ақмешітке алып-ұшып жетуінің себебі де – жоғалған баласының оң қолтығының астындағы осы бармақтай қалы екен. Қырық жылғы үзілмеген үміті, алдамайтын аналық түйсігі және баласының денесіндегі ерекше нышаны арқылы жоғалған ботасымен қайта табысқан аруана керуенмен кері қайтады...
Жат жерде жалшылықта жүріп әбден кісікиіктеніп кеткен сол Адамқұл атамыз елге келген соң да ағайын-туысымен етене араласпай, көпшіліктен саяқтау жүріп, бұйығы өмір сүріпті. Атамыздың бір қасиеті – өте таза, кірпияз болыпты. Үстіндегі киімін кірлетпек түгіл, шаң жуытпайды екен. Басқа шаруаға ебі жоқ болса да, бүкіл ауыл су ішіп отырған құм ішіндегі шеген құдықтың басын сыпыра береді екен. Әсіресе таңертең төрт түлік өріске шығарда және кешке өрістен қайтып, құдық басына құларда ешкім айтпай-ақ қолына қалағы мен сыпырғышын ұстап алып, құдық басында тұратын көрінеді. Мал су ішіп кеткен бойда ұзын науаның бойында, құдықтың айналасында шашылған қойдың құмалағын, сиырдың жапасын, жылқының тезегін тазалап, сыпырып, жылан жалағандай етіп қояды. Күндегі тірлігі сол, тіпті өле-өлгенше сол құдықтың тазалығын күзетумен өтіпті. Үбіс бабамыз бен Шәрипа әжеміз көздерінің тірісінде жоғалып табылған ұлдарын елдегі бір жамағайынның жуастау қызына қосып, үй қылыпты. Бүгінде сол Адамқұл атамыздан да үш-төрт буын ұрпақ тарады...
Әжеміз кейін ұлын іздеп барғандағы сапарын еске алғанда көзін сулап отырып: "Мен сездім ғой, Құдай маған сездірді ғой. Қақпадан кіріп, ұлымды көрген сәтте-ақ тұла-бойым шымырлап еріп, емшегімнен сүт сорғалап кетті.", – деп отырады екен, жарықтық!

Қуат АДИС
02 қыркүйек 2020 ж. 712 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 762

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930