СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚ ҚОҒАМ ДАМУЫН ТЕЖЕЙДІ
Экономикада тұралау болмау үшін бізге алдымен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес шараларын күшейту қажет. Неге десеңіз, кез келген дағдарысқа тап болған мемлекеттердің мұндай күйге түсу себебіне үңіліп қараңыз. Барлығында да алғашқы сеп болған факторлардың бірі осы сыбайлас жемқорлық екенін тез ұғынасыз. Бұл қоғам дерті бір жағынан идеологияға да кері әсерін тигізері хақ.
Қазақстан да бұл кеселге қарсы күрес шараларын күшейтіп жатқан елдердің бірі екенін сіз бен біз жақсы білеміз. Себебі дамушы елдердің сапынан орын алуды көздеген кез келген мемлекеттің басты мақсаты қоғамы дертімен күресу екені баршаға аян.
Бұл сыбайлас жемқорлық орын алған кез келген жерде алға басу, даму динамикасы сияқты оң өзгерістер мүлде болмайды. Сондықтан оған түбегейлі қарсы болуға жастарды да баулуымыз керек. Бұл ұстаным болашағын бүгінгі өскелең ұрпақпен байланыстуышы елдер үшін үлкен маңызға ие.
Сыр бойында, оның ішінде Жалағаш ауданында да қоғам дертіне қарсы шаралар жиі ұйымдастырылып тұрады. Тіпті әрбір бөлімде ұжыммен оның салдары мен залалын талқылау мақсатында жиындар ұйымдастырылады. Сыбайлас жемқорлықпен күресті әрбір адам өзінен бастаса, елде мүлде мәселе болмайтын еді. Алайда мұндай түсінік бәрінде бірдей қалыптаса бермейді. Сондықтан біріміз бірімізге оның салдары мен зияны тек жеке адамға емес, қоғам дамуын тежейтінін түсіндіргеніміз абзал.
Бахтияр ДАСТАН,
аудандық қазынашылық басқармасы
басшысының орынбасары