Қайраткерлік көрсеткен Қазына
Аудандық «Жаңадария» газетінің 1973 жылғы 15 наурыздағы нөмірінің төртінші беті ауданның еңбек озаттары жайлы «Достық әзілдерге» арналыпты. Кімдер дейсіздер ғой. Айтайын...
I
Әпрезов Несіпбай – Қазақстанның Ленин комсомолы атындағы совхоздың звено жетекшісі, Социалистік Еңбек Ері, Жүсіпова Қазына – Аққұм совхозының звено жетекшісі, Социалистік Еңбек Ері, Нұрділдаев Мақсұт – Жаңаталап совхозының Ленин орденді бас агрономы, Сариев Молдағали – Ленин комсомолы атындағы совхоздың директоры, Ізтаев Сұлтан – Мәдениет совхозының бөлімше меңгерушісі, Жапақов Батырбек – Мәдениет совхозының комбайнері, Омаров Әшім – Коммунизм совхозының №1 бөлімше агрономы, Ан Слава – «Сельхозтехника» бірлестігінің аудандық бөлімшесінің бас инженері. Ендігі әңгімеміз осы аты аталған азаматтардың ішінен ауыл шаруашылығында, әсіресе егін саласында өзіндік орны бар, еңбекпен салған ізі бар, кезінде елдің мақтанышына айналып, халықтың қалаулысы болған қайраткер қыз Қазына Жүсіповаға арналмақ.
Ендеше әңгіменің басын соған арнап жазылған достық әзілді оқудан бастап көрейік:
Аққұм совхозының звено жетекшісі Социалистік Еңбек Ері, СССР Жоғарғы Советінің депутаты Қазына Жүсіповаға
Қиындық болса қолға алдың,
Арманың жалғыз шың ғана.
Жарқыраған жұлдызың,
Жарасып тұр тұлғаңа.
Табысың жайлы толғандың,
Съездер сарайында да.
Атам қазақта “Егінші жауында тынады, балықшы дауылда тынады, малшы өлгенде тынады” деген аксиома сияқты қанатты сөз бар. Бұл жұмыстарды науқанды жұмыстар деп те айтуға болады. Өйткені ол жыл он екі ай бойы жүріп жатады. Олай дейтініміз әр науқанның өзіндік жолы, өзіндік ауыртпалығы, өзіндік ерекшелігі, өзіндік қырық қабат қиыншылығы бар екенін айтудың орайы келіп тұрғаны. Ауылда туып, ауылда өсіп, ауыл мектебін бітіріп, ауылда болып жатқан науқанды жұмыстарды көзімен көріп өскен Қазына еңбек жолын 1956 жылы егін саласында қарапайым жұмысшы болудан бастайды. Жастайынан саф алтындай кең дала төсінде өскендіктен бе бой жазып еркін жүргенді ұнатады. Сол бір балалық шақтың қимас әсем де, қызықты кезеңдерін жазира далада өткізген, көктемде жалаң аяқ көк шөпті басып жүгірген жерлерге енді келіп өзінің еңбек ете бастағанына өз-өзіне айран-асыр болып таңданарлықпен қарайды. Ойына алда биік асулардың барлығы, оған бұралаңы көп жолдардың қиыншылығын жеңу арқылы ғана жетуге болатындығы көз алдынан қылаң етіп, елес болып өткені. Осы тұста «Ойда шек болмайды, ойдың иірімдері ғана болады» деген әжесінің айтқан әңгімесі есіне түсті.
Кластастарына ермей, жоғары оқу орнына түсуге бармай, ауылда қалып күрішші болуды қалаған ол “Қалай болғанда да елес берген сол биікке, сол еңбек биігіне көтерілуім керек” деп ойына иірім жасады. “Қайран әжем, даналық сөз айтқан екен-ау”, – деді іштей.
II
Еңбекке араласқанына бір жылдан асқанда 1957 жылдың көктем айында совхоз директоры Нағымар Назмаханов шақырып алып:
– Қазына, сен өзіңе жүктелген міндетті жұмысты қалтқысыз орындап жүрсің. Енді бүгіннен бастап звено жетекшісі боласың. Бұл совхоз тарихында тұңғыш қыз звено жетекшісі болды деген сөз. Әр адамның өмірлік мұраты, мақсаты болады. Сен соның ең биігінен көрінетін бол, – деп сенім артып, тілек білдірді.
Звено жетекшісінің қарамағында 7 адам, 4 көлік бар. 105 гектар жерге күріш егеді. Кішігірім коллектив. Бұларға басшылық жасайтын Қазына. Басқару оңай шаруа емес. Сенімді ақтау үшін жұмысқа етене берілген Қазына мол өнім алу сыры ең алдымен еңбекте екенін звено мүшелеріне жеткізе де білді, жұмысты ыждағаттылықпен ұйымдастыра да білді. Сондай-ақ ыждағаттылықпен қоса, күріш өсірудің қиыншылығы сол, оны күн сайын емес, сағат сайын күтімді қажет ететінін бір сәтте естен шығармау керектігін де мүлт жібермеді.
Күріш егуде басқа да талаптарды қатаң сақтаған Қазына басқарған звено күрішшілері жыл сайын жоспарлы өнімді артығымен орындап, совхоздың озат звеносы деген атаққа ие болды.
Аудандық партия комитеті оның еңбектегі табыстары мен қоғам жұмысына белсене қатысып жүргенін ескере отырып, 1959 жылы коммунистік партия қатарына қабылдайды.
Партияға мүше болдың, қолыңа партия билеті беріледі. Кезінде ақындар партбилетке арнап өлең де жазды. Бір мысал:
Партиялық билетім – асыл арым,
Менің ғажап болашақ ғасырларым,
Менің жүрер жолымның таразысы,
Ойларымның өлмейтін асылдарын.
Партиялық билетім – ар-ожданым,
Аналарға өтейтін парыздарым.
Адамдарға өтейтін қызметтерім,
Замандарға өтейтін қарыздарым.
Өлеңнің авторы ақын Еркеш Ибраһим.
Коммунистік партияға мүше болу сол уақыттың, сол дәуірдің саяси өлшемімен сипаттағанда ондай адамды өзінің еңбек етіп жүрген ортасында айтып жүретіндей абыройы мен беделі бар тұлға деп есептейтін.
Бұл бағаны Қазына Жүсіпова жиырма екі жасында алыпты.
Осы жерде ақын Тұрсынзада Есімжановтың:
Еңбек қана еліңе сүйікті етер,
Еңбек етсең, кетпейсің күйіп бекер
Еңбек қана есеңді түгендейді,
Еңбек қана еңсеңді биіктетер, – деген өлең жолдары, “Мені еске алсаңдар” деп тұрғандай.
III
1961 жыл Қазына өмірінде ерекше жыл болды. Осы жылы ол Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің пленум мүшесі болып сайланды. Жиырма үштен енді асқанда мұндай сенімге, мұндай құрметті саяси ортаға лайықты деп табылу аса сирек кездесетін шешім еді. Қазына Жүсіпованың Орталық комитетке мүше болып сайлануы уақытында аудан үшін, тіптен облыс үшін айтып жүретін үлкен жаңалық болды. Жылына екі рет болатын пленум отырысына бес жыл бойы қатысқан Қазына үлкен саяси мектептен өткенін бүгінде біреу білсе, біреу білмейді. Білетіндердің өзі де ұмыта бастаған шығар-ау.
Алматы қаласына пленумға қатысуға барарында аудандық партия комитетінің жауапты қызметкерлері Қазынаны пойызға мінгізіп салатын, келерінде күтіп алатын. Оның астанаға барып келуінің өзі ауыл адамдарының қуанышты, мерекелі күні іспетті болатын. Жиналғандарға көрген-білгендерін, пленумда КПСС Орталық комитеті Саяси Бюросының мүшесі, Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің бірінші хатшысы Д.Қонаевтың жасаған баяндамасынан әңгіме айтып беретін.
Санап отырсам, содан бері елу тоғыз жылдан асып, алпысыншы жылға аяқ басыпты. Бұл аз уақыт емес. Жақсы адамның жақсы қылықтарын еске алып отыру да орынды сияқты.
IV
Аққұм ауылында 1968 жылы жақсы жаңалық болды. Күрішші Қазына Жүсіпова СССР Жоғарғы кеңесінің депутаты болып сайланды. Ауыл адамдары бір-бірінен сүйінші сұрап, бірін бірі құттықтап, арқа-жарқа болды. Мұндай жаңалық ауыл тарихында тұңғыш рет болғандықтан ба, әйтеуір жорамал айтушылар көп болды. Бәрі де жақсылыққа жорыды. Солардың бел ортасында жүрген Қазынаның күйеуі Нышанбай ауылдың барлық үлкендерін үйіне шақырып мал сойып, қазан асып батасын алды.
Көп ұзамай бұл жаңалықтан кейін жаңалықтың басқа түрі басталды. Ауыл ортасынан мәдениет үйінің ірге тасы қаланды. Жыл өткен сайын құрылыс жұмысы қарқын ала түсті. Соңғы үш-төрт жылдың ішінде совхоз орталығында екі қабатты мектеп салынып, ел игілігіне берілді. Өндірістік объектілер – машина-трактор станциясы, механикаландырылған астық қырманы осы мерзімнің үлесіне тиеді. Көшелер асфальттанып, арықтарға лоток салынып ауылдың көркі жаңа сипат алды. Осы аталған жұмыстардың жүзеге асырылуына СССР Жоғарғы Советінің депутаты ретінде Қазына Жүсіпованың тікелей ықпалы болғандығы анық. “Депутат болғаннан кейін елге көмегің тиюі тиіс” деген осы болса керек.
V
Бір сәт тарих жазбаларына орын берейік. Жылдың қорытындысы мен 1972 жылы облыс бойынша төрт күрішші Социалистік Еңбек Ері атағын алды. Сол жөніндегі шешімді қаз-қалпында жариялап отырмыз.
СССР Жоғарғы Советі Президиумының
Указы.
Астықты, егіншіліктің басқа да өнімдерін өндіру мен мемлекетке сатуды арттыруда ие болған зор табыстары және егіннің өнімін жинауда еңбектегі ерлік көрсеткені үшін мыналарға Социалистік Еңбек Ері атағы беріліп, «Ленин» ордені мен «Орақ пен балға» алтын медаль қоса тапсырылсын.
Алтайбаева Ұлбалаға – Қызылорда облысы Шиелі ауданындағы Коммунизм колхозының звено бастығы.
Әпрезов Несіпбайға – Қызылорда облысы Жалағаш ауданындағы Қазақстанның Ленин комсомолы атындағы совхоздың звено бастығы.
Жүсіпова Қазынаға – Қызылорда облысы Жалағаш ауданындағы «Аққұм» совхозының звено бастығы.
Қазанбаева Шырынкүлге – Қызылорда облысы Шиелі ауданындағы Коммунизм колхозының звено бастығы.
СССР Жоғарғы Советі Президиумның
председателі Н.Подгорный
СССР Жоғарғы Советі Президиумның
секретары М.Георгадзе
Москва. Кремль.
13 желтоқсан 1972 жыл.
Бұл Указ Облыстық «Ленин жолы» бүгінгі «Сыр бойы» газетінің 1972 жылғы 15 желтоқсан күнгі №244 (10.007) санында жарияланған болатын.
VI
Тағы да тарих құжаттарына жүгінсек... КПСС Орталық Комитетінің 1954 жылғы ақпан-наурыз Пленумының қаулысында былай деп жазылған еді:
«Еліміздің барлық аудандарында дәнді дақылдардың шығымдылығын арттырумен қатар астық шаруашылығын неғұрлым тез өркендетіп, көп мөлшерде товарлы астық алудың маңызды нақты көзі Қазақстан, Сібір, Орал, Поволнье аудандарындағы тың және тыңайған жерлерді игеру болып табылады».
Осы шешімге сәйкес облыста күріш егісінің көлемі 1972 жылы 74,5 мың гектарға жеткізілді. Ал аудандағы күріш егісінің көлемі осы мерзімде 6050 гектарға жеткізіліп, әр гектардан 45 центнерден өнім алынып, мемлекет қоймасына 600 000 центнер күріш тапсырылған болатын.
Ауданның бұл тапсырған күрішіне Қазына Жүсіпованың қосқан үлесі қомақты. Оны аудандық «Жаңадария» газетінің 1973 жылғы 13 қазанындағы санында оның жарияланған еңбек рапортынан көреміз. Оны сол күйінше жариялап отырмыз.
Серт орындалды.
Егіншілердің Бүкілодақтық жарысына қосыла отырып, биыл 20 гектар күріш егіп, оны бітік өсірдім. Мол өнім жолындағы күрес өз нәтижесін берді. Сөйтіп мен басқаратын звено бойынша егілген 105 гектар күріштің әр гектарынан 56 центнерден, ал өз қарамағымдағы 20 гектар жердің әрқайсысынан 108 центнерден өнім жиналды.
Бұл – менің бесжылдықтың шешуші жылының мол дастарханына тартуым.
Қазына Жүсіпова – «Аққұм»
совхозының күрішшісі,
Социалистік Еңбек Ері.
VII
1979 жылы тың игерудің 25 жылдығына арналған Республикалық актив жиналысында сөйлеген сөзінде Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Димаш Ахмедұлы Қонаев:
– Отанымызға Ыбырай Жақаевтың күріші, Роза Рымбаеваның әні, Жұбан Молдағалиевтың өлеңдері керек, – деген еді.
Сол сияқты ауданның күріштен даңқын шығаруда Социалистік Еңбек Ері Қазына Жүсіпованың қосқан үлесі, оның еңбекпен өскен өмір жолы бүгінгі жастарға үлгі етіп айту үшін, тәрбие жұмысына пайдалану үшін керек-ақ. Атам қазақ «Әр дәуірдің әртүрлі адамы бар, әр мезгілдің әр түрлі сарыны бар» деген ғой.
Шіркін, табанын жерге, тағдырын елге тіреген қай заманда да қазақтың осындай қыздарының болғаны мақтаныш емес-пе?!
Адам өмірге таң сияқты шуағын шашып келеді, күн көзіндей жарқырап өтеді, көкжиекке біртіндеп кетеді. Қайран, өмір дегеніңіз қызық қой. Сол өмірден өз орнын тапқан, облыста күріш егісінің дамуына үлкен үлес қосқан Социалистік Еңбек Ері Қазына Жүсіпова 2009 жылдың 29 қаңтарында дүниеден озған еді.
Содан бері де он бір жылдан асыпты. Мемлекет және қоғам қайраткері Сейілбек Шаухаманов «Сексен жас арман жас» деген еді. Бұл жасқа біреу келеді, біреу келмейді. Ол – тағдырдың ісі. Оған өкінуге болмайды.
Автор ойлана келе туған жерін аялап түлету үшін жастық жалынмен еңбек ету арқасында жиырма үш жасында Қазақстан Компартиясы Орталық комитетіне мүше болып сайланған, отыз жасында СССР Жоғарғы Советіне депутаттыққа өткен, отыз төрт жасында Социалистік Еңбек Ері атағын алған, заманының лауазымды атақтарының биік баспалдақтарына көтерілген Қазына Жүсіпова жайлы жазған ой-иірімін осымен аяқтайды.
Шыңғыс Айбосынов,
Қазақстан Журналистер одағы мен
Халықаралық Жазушылар одағының мүшесі,
Жалағаш ауданының құрметті азаматы.