» » » Ғибратты ғұмыры көпке үлгі

Ғибратты ғұмыры көпке үлгі

Тамыры терең, тарихы кенен құтты мекен – Жалағаш ауданының 80 жылдық мерейлі мерейтойы аясында “тағзым” аллеясында Социалистік Еңбек Ерлері Исатай Әбдікәрімов пен Алдаберген Бисеновтің кеуде мүсіндерінің ашылу рәсімі өтті.

Салтанатты шараға облыс әкімінің орынбасары Наурызбай Байқадамов бастаған бірқатар ел аға­лары, аудан басшылығы, ардагерлер қауымы, респу­бликаның түкпір-түкпірінде қызметте жүрген жерлестеріміз, қадірменді қонақтар және аудан тұрғындары қатысты.
Жалағаш жерінің жақсы мен жайсаңы жиылған шара шымылдығы жырау Бисенбек Төлеубаевтың арнауымен ашылды. Сонымен бірге облыс әкімінің орынбасары Наурызбай Байқадамов, дербес зей­неткер Қаһарман Табынбаев, Қорқыт ата атын­дағы Қызылорда мемлекеттік университетінің про­фессоры Қазыбай Құдайбергенұлы, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Садық Әлиев Социалистік Еңбек Ерлері Исатай Әбдікәрімов пен Алдаберген Бисеновтің өмір жолдарын, халыққа қалтқысыз қызметтерін тілге тиек етті.
Осы ретте құрметтеліп жатқан қос тұлғаның өмір жолына тоқталып өткенді жөн көрдік. Исатай Әбдікәрімов 1923 жылы 15 мамырда Жаңақорған ауданының Өзгент ауылында туған. 1952 жылы Қызылордадағы В.Н.Гоголь атындағы педагогикалық институтты, 1954 жылы КПСС Орталық комитетінің Жоғары партия мектебін, 1962 жылы Қызылорда гидротехникумын бітірген. 1935-1940 жылдары ауыл шаруашылық техникумында, ауыл шаруашылығы институтында оқыды. Ол өзінің еңбек жолын 1940 жылы Жаңақорған аудандық «Екпінді» газетінің әдеби қызметкері болып бастады. 1941-1945 жылдары Ұлы Отан соғысына қатысты. Гвардиялық полк командирі, атқыштар бригадасының командирі болды.1946-1948 жылдары Жаңақорған аудандық комсомол комитетінің екінші хатшысы, Қармақшы аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы болып қызмет істеді. 1949 жылдан бастап облыстық партия комитетінің аппаратында нұсқаушы, сектор меңгерушісі, облыстық комсомол комитетінің 1-хатшысы қызметтерін атқарды. 1953-1955 жылдары облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы бастығының орынбасары, облыстық Кеңесі атқару комитетінің хатшысы болды. 1955 жылдан Шиелі аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы, Қармақшы өндірістік басқармасы партия комитетінің хатшысы, Жалағаш аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметтерін атқарды. 1972-1978 жылдары Қызылорда облыстық пар­тия комитетінің бірінші хатшысы болды. 1978-1979 жылдары Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесі Президумының Төрағасы болды.
Жалағаштан шыққан Еңбек Ерінің бірі –Алдаберген Бисенов 1926 жылы Аққұм ауылында дүниеге келген. Екінші дүниежүзілік соғысқа қа­тыс­қан. Қызылорда ауыл шаруашылық техни­кумын, Алматыдағы кеңшар директорларын даярлайтын бір жылдық курсты, Қазақ ауыл шаруашылық институтын бітірген. 1944 жылы Ұлы Отан соғысына аттанып, оны Берлин түбінде жеңіспен аяқтады. 1950 жылға дейін шекаралық әскер бөлімінде қызмет атқарды. 1951-1952 жылдары Тереңөзек ауданындағы байланыс жүйесінде істеді. 1955-1960 жылдары Жалағаш ауданының «Мәдениет» атындағы МТС-та бөлімше механигі, «Еңбек» ұжымшарының бас инженері қызметтерінде болды. 1962-1972 жылдары Жаңаталап кеңшарында ди­ректоры, одан соң 1972-1988 жылдары «Қазақстанның 50 жылдығы» шаруашылығын бас­қарды. 1988 жылы құрметті еңбек демалысына шықты. Алдаберген Бисенов ауыл еңбеккерлерінің тұрмысын биік деңгейге көтеріп, егіншілік аху­алды жақсарту жолында нәтижелі еңбек етті. КСРО жетістіктері көрмесінің алтын және күміс медаль­дарын алды. Бұл кісінің есімі Қазақстанның «Құр­мет Алтын кітабына» жа­зыл­ды. І-ІІ дәрежелі «Отан со­ғысы», «Еңбек Қызыл Ту», «Ленин» орден­де­рі­мен марапатталған.
«Тағзым» аллеясындағы кеуде мүсіндерінің ашылу салтанатына жиылған жұртшылық тарихи ескерт­кіштер алдына гүл шоқтарын қойды.
Айта кету керек, кент орталығынан бой көтерген саябақ есімдері елге белгілі тарихи тұлғалар мен ел үшін құрбан болған жерлестерге арналады. Мұнда қызыл империяның қыспағына шыдамай қы­лыш көтерген Қарақұм қөтерілісі құрбандарына арналған ескерткіш, қоғам қайраткері, тарихи тұлға Темірбек Жүргеновке, ғасыр апаты болып тарихта таңбаланған Семей, Чернобыль зардабынан көз жұм­­ғандар мен Ауған соғысында мерт болған жау­ын­­герлерге, сонымен қатар бейбіт еңбек май­да­­­нының батыры, Социалистік Еңбек Ері Ұзақ Еспановқа арналған ескерткіштер орнатылған.

Нұржамила АЛМАСҚЫЗЫ

26 қазан 2019 ж. 709 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 692

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031