» » Наурыз – тұрмыс мерекесі

Наурыз – тұрмыс мерекесі

Наурыз мерекесін исламдандырудың қисыны жоқ. Бұл – тұрмыс мерекесі. Бағзы заманның адамдары, әсіресе мал бағып, соның ыңғайымен жайлаудан күзеуге, күзеуден қыстауға, қыстаудан көктеуге ауысып тіршілік ыңғайымен көшіп-қонып өмір cүрген біздің бабаларымыз қай бір жағдайы жасалған жайлы тұрыпты. Малдың жайымен қыста да киіз үйде өмір сүре берген. Малы да бүрсең қағып, қыстан қысылып шыққан. Тіпті жұтқа да жиі ұшыраған. Осындай халық көктем шығысымен арқа-басы кеңіп, табиғат жадыраған кезде көктемді қуаныш қылып тойламағанда, енді нені тойламақ? «Қылышын сүйреткен кәрі құда қыс кетті, енді алдымызда жадыраған жазымыз бар» деп, кеуделерін алабөтен қуаныш кернеген. Қыстай бүрсең қағып, алысқа ұзап шыға алмаған олар бір-біріне осы кезде қатынаған. Былтыр күзде ренжісіп, өкпелесіп қалғандар сонысына қыс бойы опынып, күн жылығанда жапатармағай көрісуге асыққан. Көрісудің осы күнгі біздің күн райы қатал батыс өңірлерде көбірек сақталып қалатын себебі де сонда.

Бүкіл өмірі сайын далада өткен бабаларымыз түгілі, оты-суы үйімізге түтікпен келіп тұрған қазіргі біздің өзі­міз, міне, наурыз туа қуанышымыз қой­нымызға сыймай барады. Алысқа ұза­май-ақ, биылғы қатты аязда құ­бырдағы суымыз қатып қалып, кейбір жерде ол жарылып апатқа ұласып, пешіне газ жағатындардың га­зына ауа қосылып үйді дұрыс жы­лытпай, көмір жағатындардың көмірі таусылып, ит әбігерге түскен жоқпыз ба?!
Қазіргі бізді қойшы, баяғы бабалар қуанса, бойымыз жылынады деп қа­на емес, қыстан аман шыққан арық-тұрақ малымыз көкке ілігіп, семіре бастайды, семіре бастаса, іш тастамай төлді де төгіп береді деп қуанған. Малымыз төлдей бастаса, уызға жаримыз деп көңілденетіні өз алдына бір хикая.
Сөйтіп, сарқылып біткен кебеже-қаптарының түбін қағып (қаққанда уысына бірдеңе іліксе), қалған-құтқан барын ауыл ортасына құрып қойған тай қазанға салса керек. Біз сияқты жоғын базарға жүгіріп барып ала салу қайда? Сонымен қазанның астына от жағып қайнатқанда қою (кейде сұйық) көже пайда болған. Қазанға әркім қолда бар әрқилы дәмін әкеп салған соң, көже де әр ауылда әртүрлі бола берген. Соны қазақ тілеу көже, наурыз көже деп, осыған жеткеніне де шүкір қылып, арқа-жарқа боп ішпей ме. Содан кейін бұндай қойыртпақ көже пі­сіруді қазақтар келесі наурызға дейін ұмыта тұрған. Қазанға жеті дәм салды ма, сегіз дәм салды ма, әлде тоғыз дәм салған шығар, о заманда кім санапты? Санамаған, табылғанға шүкіршілік еткен. Кейін наурыз көже жасауды әдетке, дәстүрге айналдыра келе «жеті дәм» сияқты пәлсапа соғатындар пай­да болған. Онысы жөн де шығар. Жүдеген халықты солай да жұбатып, алдағы күнге үміттендіріп әңгіме шы­ғару қажет қой. Осы күнгі «жеті қыр» сияқты әңгіме құрастыратын пәлсапашылдарға ұқсап.
Не болса да, бұл қуаныштың (мереке деп кейінгілер ғой шығарып жүрген) дінге үш қайнаса сорпасы қосылмайды. Той барысында Тә­ңір­лік сенімнің белгілері болса, ол сол кезеңнің қондырмасы ғана. Нау­рыз деген атау да соның бірі.
Ислам діні дегенде ойымызға алыстағы арап түбегі оралады. Ал араптар наурыз айы келгенде не деп қуанады, оларда біздің жердегідей қыс болмайды ғой. «Қылышын сүй­реткен...» деген тіркес қаперіне кі­ріп-шығып па екен? Араптар қайта «енді жер дүниенің апшысы қуырылады» деп, уайым қылмаса деңіз. Оларға алты ай аптаптан гөрі қыс мезгілі қолайлы емес пе?! Малдың ыңғайымен өмір сүрмейтін олар үшін сауда жасауға жылдың қай мезгілі болса да бәрібір еді. Қисын қайда?
Ал енді біреулер Наурыз көжені Нұқ пайғамбарға апарып тірейді екен. Олар «Нұқ пайғамбардың кемесі тау басына тоқтаған кезде кемеде азақ-түлік таусылып, әр түр­лі дәмнен бір-бір уыстан ғана қалыпты, соны бір қазанға салып, ас пісіріпті, наурызкөже сол екен» деген мағынада әңгіме таратып, жаңалық ашып жатыр. Менің өзіме ватсап арқылы осы тақырыпта, бір мәтінмен оншақты хабарлама келді-ау шамасы. Әрі оны таратушылар арасында көзі ашық, сөзі салмақты адамдардың жүргені өкінішті. Қи­сынға келсін-келмесін, жобалап соға беретін, болмаса біреу бір әңгіме шығарса, ойға салып сараламастан ере жөнелетін мінез, осы бізге қайдан жұққан?
Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы өзі­нің «Нұқ, Наурызнама» деген жаз­баларында наурыз мейрамы Нұқ пайғамдардың заманында да бар екен десе, бұл қуанышты тойды Нұққа байланыстырғаны емес, өте-мөте ежелгі екенін меңзегені. Әдет-ғұрыпты қалыптастыратын адамның тұрмысы, сондықтан бұндай шалағай аңыздарға илана бермеген жөн.
Ал бүгінгі біздің Наурыз келді деп бабалар дәстүрін түрлендіріп, жаңадан мән беріп, наурыз көжені жеті дәм, сегіз дәм демей-ақ дәмді етіп (асқаналардың ас мәзіріне енетіндей етіп) пісіріп тойлауымыз өте орынды. Күн мен түн теңелді, көктем келіп, жер қыза бастады. Қызған жерге шөп қаулап өседі. Мал тойынады. Жер өңдеп, егін егу басталады. Демек, «көктемнің бір күні жылға азық» болса, нағыз қастерлі мезгіл деп, жаңа тіршілік деп, жаңа жыл деп осы наурызды айт, қақаған қаңтарды айтпай.
Ендеше жаңадан басталған жаңа жыл берекелі болсын! Жаңа тіршілікке жаңа бір күшпен құлшына кіріселік!

Нұрлыбек САМАТҰЛЫ,
жазушы

20 наурыз 2021 ж. 9 276 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 766

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930