» » Тіліміз тұғырлы болсын десек...

Тіліміз тұғырлы болсын десек...

Бірде үнді ғалымы шәкірттерімен келе жатып, Ганг өзенінің бойында бір-бірімен айғайласып, ұрсысып жатқан ерлі-зайыптыларды көріпті. Ұстаз шәкірттерінен «Адамдар неге бір-біріне ашумен айғайлайды?» деп сұрапты. Шәкірттерінің бірі «Сірә, бойдағы бәсеңдікті жоғалтқандықтан шығар» дейді. Бірақ ұстазы «Онда неге ашуланған адамымыз дәл жанымызда тұрғанда дауыс көтеріп айғайлаймыз? Айтқымыз келгенді бәсең дауыспен-ақ айтпаймыз ба?» деп қайта сұрапты. Шәкірттері үндемеген соң өзі «Екі кісі бір-біріне ашуланғанда, жүректері, сезімдері бір-бірінен алыстайды. Біршама алыстап кеткендіктен, бір-біріне жеткізіп айту үшін айтқысы келгенін айғайлап айтуы керек болады. Қаншалықты ашуланса, арадағы алыстап кеткен арақашықтықты жабу үшін соншалықты айғайлауы тиіс болады. Ал екі кісі бір-бірін жақсы көрсе, қайтпек? Олар онда бір-біріне айғайламайды, бәсең дауыспен сөйлеседі. Өйткені арада арақашықтық жоқ немесе ол арақашықтық тым жақын. Ал екеуі бір-бірін одан да қаттырақ жақсы көрсе ше? Онда дауыстап сөйлемейді, тек сыбырласады. Өйткені жүректері бір-біріне өте жақындап кетеді. Біраз уақыттан кейін оларға сыбырласудың да қажеті болмай қалады, тек бір-бірінің жүзіне қарауы жеткілікті. Міне, бір-бірін шын жақсы көретіндердің өзара жақындығы осындай» деген екен.

Сондықтан көркем мінез бен сабыр кейде адамдарға жетіспей жататыны өкінішті. Көркем мінез де­геннен шығады-ау, 1 мамыр – бір­лік пен ынтымақ күнінен бір күн бұрын болуы керек, танысымның көлігімен жұмыстан шық­тық. Көп ұзамай Назарбаев зияткерлік мек­тебінің тұсынан екі жігіт қол көтерді. Мен артқы орындықта отырғанмын. Кім екенін аңғарып та үлгермеппін. Екі қара нәсілді жігіт менің жаныма жайғасты. Ішке кіргеннен көлік жүр­гізуші досымыз тарапынан түрлі сауал­дар жауа бастады. Ол орысша және ағылшынша білгенін айтып, біл­мегенін ыммен түсіндіріп келеді. Арасында мен де қосарласып мек­тепте үйренген бірді-екілі ағыл­шын­шамды айтып мәз болып келемін. Олар сабырмен тыңдап, күлімсіреп қана өздерінің Назарбаев мектебінде дәріс беретінін жәй ғана жеткізді. Қатты сөйлемейді.
Орта жастағы жігіт ағаларының бірі– Патрик Киало, ал екіншісі – Дейв Брент Харис екен. Олар ма­тематикадан ағылшынша дәріс бе­ретін болып шықты. Өте мейірімді жандар екені жүздерінен көрініп тұр. Қазақша тілі жатық болмағанмен, қал­жың да айтып қояды. Біздің ұлт­тың шайға біртабан жақын екенін ұқты ма, кения шайының отанында тұратынын да айтты. Ең қызығы, біз жатақханаларына жеткізіп са­лып, суретке түсіп, қоштасқанда, «сау болыңыз» дейді ғой. Біз мәз-мәй­рам болып бір-бірімізге қарадық. Сөйт­сек, тілімізді бұрап, бір орысша, бір ағылшынша сөйлеп келе жатқан біздер қара нәсілділердің кейбір қазақтарға қарағанда сөздік қо­рының молайып келе жатқанына қызықтық. Ең бастысы, талабы мен ынтасы зор екен. Олардың өте мейі­рімді, тәрбиелі, зиялы азамат екенін танып, бауырымыздай көріп, қимай қоштастық.
«Айтылмаса, сөздің атасы өле­ді» дейді қазақ. Біздің кейбір ба­уыр­ларымыз өз тіліміздің қадір-қасиетін білмей, тұнығынан тояттамай, екі сөздің басын қоса алмай жүргені ойлантады. Мем­лекеттік қызмет жа­сау үшін мемлекеттік тілді бі­лудің маңызды екені бесенеден бел­гілі. Адам­ның пат­риоттығы мен қайраткерлігінің кепілі бойдағы елім, жерім, жұ­тым, ана тілім деп безектеп тұрмаса, елге адал қыз­мет жасадым дегені қисынға келмейді. Қазақша ойлап, қазақы сөздік қордың қуатын бойыңа сіңірмесең, ұл­тыңның салт-дәстүрін бі­тім бол­­мысыңмен мойындап, оған та­бынбасаң, ұлттық мүддені қорғап жүр­мін деп көсемсігеніңмен ха­лықтың сенімін ақтай алмайсың. “Халық деген – Алланың бір аты” дейді. Шындыққа тура қарай алатын да сол көпшілік. Қазақылықтың қай­мағы бұзылмаған біздің Сыр өңі­рінде де оқта-текте осындай олқылық орын алатыны жасырын емес. Кейде қазақша қағазға түс­кен мәтінді ежелеп оқып беретін атқамінерлер де кездесіп жатады. Сондайда ішіңнен жер болып отырасың. Абайша айтқанда:
«Бетті бастым, қатты састым,
Тұра қаштым жалма-жан» деген өлең жолдары осы нысанаға дөп тиетін секілді. Әттең қазір Абай атамыз тірі болса бұл келеңсіздікке шаншудай қадалар бір өлең жазар еді-ау деп бармақ тістейміз де қайтеміз.
Жә, бұл тақырып өте өзекті. Оның нүктесі қойылған жоқ. Оған сәті түскенде терең талдау жасап, тағы да ораламыз. Тіл дегеннен шы­ғып кетіп жатыр ғой. Жүзі қара болғанмен, жүрегі ақ азаматтардың жердің шалғайлығына қарамай, біз­дің қазақ елінің қаракөздерінің білім көкжиегін кемелдендіруге үлес қосып жатқаны үшін біз шын жүректен риза болдық. «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» деген тәмсіл де осындай арайлы сәтте санаға сіңе кетті. Кетерде қолын созғанда біздер өз тілімізде «Сау болыңыз» деп қош айтыстық. Көкірегімізде мақтаныш сезімі маздағанын айтуға тіл жетпейді. Туған тілге деген құрметтің тәуелсіздік алғаннан бері шартарапты шарлап кеткеніне куә болдық. Тілі басқа болғанмен тілегі бір, жүзі басқа болғанмен жүрегі бір адамдардың тілдік қуатымыздың алдында бас игеніне риза болдық. Көркем мінезді жігіттердің біздің мәдениетіміз бен әдебімізді де терең түсініп, ұлттың қайнар бұлағынан сусындап, шәкірттердің жүрегіне жол тауып, ұрпақтарымыздың зер­десіне білім нәрін сеуіп жатқаны еліміздегі татулық пен бірліктің, берекелі тірліктің нышаны болар деп түсіндік. Әйтеуір бұл күн біз үшін ерекше есте қалатын қастерлі күн болды. Себебі жүректер үнсіз ұғысып, ақ тілектер тоғысып жатты.

Г. Қожахметова

24 сәуір 2021 ж. 418 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 767

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930