ЕЛДЕ БОЛСА, ЕРІНГЕ ТИЕДІ
Көктемгі тіршілік басталды. Егіс даласында еңбек дүбірі қызды. Әсіресе күрішті алқаптардағы диқандардың қимылы ширақ. Шаруашылықтардың алды дән де септі. Бірақ биыл аяқсу мәселесі қиындайтын сияқты. Былтыр да күрішке су жетпей, орақ кешуілдеген. Мұрап мамандар оны ысырапшылдықтан көріп отыр. Сондықтан биыл аудан бойынша күріш егістігінің көлемі едәуір қысқарды.
Ауыл халқының тұрмыс-тіршілігі тек егін мен мал шаруашылығына тәуелді. Шалғайдағы Аққыр ауылына аяқсу бармағалы бірнеше жыл болған. Бұрын бұл ауылдың тұрғындары ауласынан бөлек ауыл сыртына бақша салып, отбасына қыстай жететін өнімін жинап алатын. Тіпті кеусеннен артылып, ұрасына симаған қауын-қарбызы мен картобын базарға шығаратын. Ал қазір өзгеге сатпақ түгіл, өздері ішіп-жейтін бақша өнімдеріне зар болып, аудан орталығынан сатып алуға мәжбүр болып отыр. Бүгінде бұл ауылда 186 отбасы, 1083 халық тұрады. Әр қайсының ауласында әжептәуір бау-бақшасы бар. Күтімі келіссе, жемісті төгіп береді. Бірақ аяқсу тапшы. Көктемдегі топан сумен тамыры ылғалданып, көктеп гүл ашады, түйнек те түйеді. Алайда жаз ортасына таяғанда аптап ыстықтан жапырағы мезгілсіз сарғайып, жемісі қурап қалады. Обал. Ауласына бау-бақша егетін ауылдағы ағайындар бір жылдары аяқсудан күдер үзіп, есік алдынан құдық қаздырып, электрлі сусорғы арқылы суаруға да көшіпті. Алайда бағбандардың айтуларынша, онымен бау-бақша жайқалып кете қоймайды екен. Тек жеміс ағаштары, көкөністер мен бақша дақылдарының тамырына нәр барады демесеңіз, олардың түйнегін жетілдіріп, жеміске айналдыруға септігі жоқ көрінеді. Себебі өте тереңнен шығатын жерасты суы салқын, сонымен бірге онда бау-бақшаға қажетті минералдар жоқ. Тек әйтеуір «өлместің күні». Бау-бақша иелері мұндай қадамға өнім алып, жеміс жеу үшін емес, ағаштарды қуратпай сақтап қалу үшін барып отырған сияқты. Аққырлықтар биыл да аяқсуға көп үміт артып отырған жоқ. Бұл жөнінде ауыл әкімі Жаңабек Матаевтан сұрадық.
– Тұрғындар бірнеше жылдан бері ауыл сыртына бақша сала алмай отыр. Аққырдың айналасының жері тың, еккеніңнен еселеп өнім аласың. Бірақ амал не, аяқсу тапшы. Алдымызда, яғни біздің жоғары жағымызда күріш егетін елді мекендер көп. Өзіңіз білесіз, күріш дақылы жаз бойы суда тұрып піседі. Былтыр көрші ауылдардың өзі күріш алқаптарына су жеткізе алмай, шаруашылықтар мотормен суаруға мәжбүр болды. Осы су тапшылығына байланысты ауданымыздағы күріш егістігінің көлемін де қысқартып жатыр. Сыртқа бақша сала алмай отырған халықтың жағдайын жоғарыға жеткізіп отырмыз. Сондай-ақ бұл мәселені осы округтен сайланған халық қалаулылары да көтеріп келеді. Нәтижесіз емес. Қазір Аққырдағы аяқсу мәселесі аудан әкімінің де тікелей назарында отыр. Алдағы уақытта ауылға қуат күші жоғары электрлі сусорғы беріледі. Соны іске қосқанда ауыл халқына бұрынғыдай ауыл сыртына бақша егуге мүмкіндік туады деген сенімдеміз. Ал биыл ауыл ішінде аяқсу болады. Жалпы ауылда жылда аяқсудан онша тапшылық жоқ. Бірақ күзге дейін көктемдегі су деңгейі сақталмайды. Бақта өсетін жеміс ағаштарының әр бұтағы мен жапырақтары және жемісі әр сағат сайын күн сәулесін қаншалықты бойына сіңірсе, соншалықты ылғалды қажет етеді. Сондықтан ағаштардың тамыры қара күзге дейін су тартып тұруы тиіс, – дейді Жаңабек Ұлықбекұлы.
Рас, ауылда, әсіресе аудан орталығынан шалғайда жатқан Аққыр ауылында аяқсу қазір басты мәселе. Сөзіміздің басында айтқандай, кешеге дейін тұрғындар ауыл сыртына еккен бақшалықтарынан 300-500 қапқа дейін картоп, 3-4 көлік қауын-қарбыз және басқа да көкөністерін жинап алатын. Ол кезде аяқсуға қатысты ешқандай мәселе туындамайтын. Тек қимылдасаң, сол еңбегіңе қарай Құдай береді. Қазір де ауыл халқы еңбектен қол үзіп қалған жоқ. Қандай бейнет болса да төзіп, бақша егуге ынталы. Тек аяқсу мәселесі қолдарын байлап отыр. Ауласындағы азын-аулақ бау-бақша емес, үлкен көлемдегі егісті құдықпен суара алмай, амалдары таусылып отыр...
Елдің іші береке ғой. Ауылда бір адам қалғанша, ол жерден береке кетіп, ырыс қашпайды. Өйткені ырыс-құттың өзі адал еңбек еткен жандарды төңіректейді. Ауылдың топырағына дала еңбеккерлерінің маңдай тері сіңген. Әр тамшы тердің қайтарымы бар. Сондықтан ауыл адамдарының мұң-мұқтажына құлақ түріп қойғанымыз да жөн. Аққыр ауылы бұрынғы қаракөл-қой совхозы. Қазақстан аймағын етпен қамтамасыз еткен ірі шаруашылықтардың бірі болған. Одан бөлек қаракөл елтірісі мен қара қойдың биязы жүні сонау Ресей асып өңделіп, КСРО халқына киім-кешек түрінде тараған еді. Қазір де Аққыр ауылында мал шаруашылығы қайта өркендеп келе жатыр екен. Жайылымдық жері бар. Төрт-түліктің өсіп-өнуіне де климаты жайлы. Тек малдың басын көбейтуді ғана ойлап, тынымсыз еңбектену керек. Жеке адамдардың қолындағы малынан бөлек, мемлекеттен қаржылай көмек алып, мал шаруашылығын ашқандардың да қатары жыл сайын артып келеді екен. «Туған жер», «Атамекен», «Сайлау», «Ер-Сұл-Би-Бек», «Манас», «Нұрбек», «Әлихан-Айдан» секілді шаруашылықтар құм ішіндегі бос қалған жайылымдарды малға толтырып, ауылдың берекесін кіргізе бастады. Әрине ол шаруашылықтар жеке адамның кәсібі болғанымен, ауылда төрт түліктің тұяғы көбейгені жақсы. Өйткені біріншіден, олар өзгелердің сол ата кәсіпті қайта жаңғыртып, жандандыруына себепші болады. Мұндайда қазақ «Елде болса, ерінге тиеді» дейді. Қалай болғанда да ауылдардың бүгінгі ахуалы осыдан жиырма жыл бұрынғы жағдаймен салыстырғанда көш ілгері. Бұл қуанарлық жағдай. Тек мәселелері де назардан тыс қалмауы керек.
Қуат АХЕТОВ