» » СУДЫҢ ДА СҰРАУЫ БАР

СУДЫҢ ДА СҰРАУЫ БАР

«Сырдың суы сирағынан келмейді» деген ілгеріден қалған сөз бар. Бұл лепіріп сөйлеп, арындап отыратын бөспе адамдарға қарата айтылған болуы керек. От алып, қызып алған даңғой адамды тоқтату қиын. Оған ешкім тосқауыл бола алмайды. Сырдың суын да кешіп өтіп кете береді.

Алайда осы теңеуді жылдан-жылға тура мағынасында қолдануға келе жатқандаймыз. Дәл қазір адам түгіл атан бойламайтын дарияның суы сирақтан да төмен түсіп кеткен. Әрлі-берлі өткенде көріп жүрегің ауырады. Кеше ғана асып-тасып, бұйраланып, шымырлап ағып жатқан өзеннің бүгінгі хәлі өте мүшкіл. Аянышты.

Сыр-Ана. Иә, расында Сырдария – біздің анамыз. Осы өңірде тіршілік кешіп жатқан халықтың асыраушысы. Қаншама адам осы өзеннің суымен күнелтіп отыр. Сырдария – ауыл шаруашылығының қантамыры. Егер дария табаны құрғаса, егін де шықпайды, төрт түліктің де басы көбеймейді. Сондықтан да Сыр-Ананың қазіргі көрінісі кез келген адамды бей-жай қалдырмайды.

Адам баласы не нәрсенің де қадірін қолында бар кезде білмейді. Әйтпесе Әмудария мен Сырдария бір кезде Арал теңізін толтырып тұрды ғой. Қазір сол теңіздің құрғап қалған ұлтанынан тұз суырып тұр. Мамандардың айтуынша, бұл экологиялық апатты адамдар қолдан жасаған. Кеңес кезіндегі шамадан тыс жоспарланған егістік жерлерге күріш және басқа да дақылдардың орналасуынан, яғни аяқсудың ысырап болуынан жер бетінен бір теңіз жойылып кетудің сәл алдында тұр. Бір кездері шағаласы шулап, балығы тулап, айдынында үлкен кемелер жүзген көк теңіз бүгінде көлшікке айналды. Күні-түні тіршілігі бір тынбайтын айлақты қаланың да қазір тамыры өлеусіреп соғып тұр. Көз алдымызда құрғап бара жатқан теңіз тек біздің ғана емес, жер бетіндегі бүкіл адамзат баласының қасіретіне айналды.

Енді міне, Аралдың зарын жұтып жүргенде Сырдарияның арнасы да жылдан-жылға қусырыла тарылып келе жатқаны Сыр жұртшылығын алаңдатып отыр. Ерте көктемнен бері осы мәселе телеарналардан да, әлеуметтік желілерден де жиі көтеріліп келеді. Пікірлер де әр алуан. Бірақ барлығы да елге болсын деген жанашырлықпен жазып, айтып жатыр. Осы мәселені зерттеумен тікелей айналысып отырған саланың мамандары былтырғы Сырдария суының төмен түсіп кетіп, егістікте су тапшылығы туындауының себебін Сыр өзені бастау алатын Тянь-Шань тауларының сілемдерінде жауын-шашынның аз түскенімен байланыстырады. Яғни былтыр климаттық өзгерістерге байланысты Сыр елінің егін шаруашылығында күрделі мәселе туындады. Сонынмен бірге мамандар жолда бірнеше мемлекеттегі су қорын жинайтын қоймалардың да Сырдария суының сираққа дейін төмендеп кетуіне себеп болып отырғанын айтады. Расымен сол су қоймалары мыңдаған куб суды ұстап қалады. Қазір әркім өз қотырын өзі қаситын заман. Сағадағылардың «Төмендегі ел судан тарығып қалатын болды-ау» деген жанашыр ниеті жоқ.

Биыл да аяқсудың аз болатынын мұраптар жылдың басында-ақ айтып, ескертті. Былтыр күріш алқаптарының өзіне толық су жетпей, шаруашылықтар үшін біршама қиындық туды. Егістің пісуі кешеуілдеп, кейбір шаруашылықтар күрішке жылдағыдан орақты едәуір кеш түсірді. Осы жағдайды ескерген аймақ басшысы биылдан бастап күріш егетін жерлердің көлемін қысқарту туралы нұсқау берді. Біздің ауданымызда да Сыр салысын орналастыру көлемі өткен жылдармен салыстырғанда біршама төмендеді. Егісті әртараптандыру туралы аудан басшысы да, шаруалар да жылда айтып келеді. Тек енді соны жүзеге асыру керек. Өйткені ірі шаруашылық төрағаларының айтуынша, қазір елдің бәрі күріш егумен айналасып кеткен. Бұны алдында да жазғанбыз. Бірақ суға қатысты сөз болғанда бұл мәселені қайталамай, айналып өтіп кетуге болмайды. Сондықтан тағы да еске салайық, күріш дақылын қазірде егін шаруашылығының қыр-сырын білмейтін, тіпті күріш алқабына барып көрмеген адамдар еге бастапты. «Шымшық сойса да, қасапшы сойсын» деген мәтел еріксіз есіңе түседі осындайда. Малды малшы бағады. Онда да оның қолында құрық-сырығы түгел болуы керек. Сол секілді егінді де егінші егеді. Оның да соқа-сайманы сай болуы тиіс. Бір ескі трактормен қаншама гектар жерге күріш егіп, одан сонша тонна өнім алып, пайда көремін деу – көзсіздік. Егіспен айналысатын шаруашылықтың ең алдымен техникалық базасы мықты болуы керек. Қазіргі заманның талабы да сол. Әрбір шаруашылық иелерінен жерді тоздырмай құнарын сақтау, ол үшін оған жылда өз дәрежесінде жаңа технологиялық тәсілдермен күтім жасау сұралып отыр. Өтірік ақпар берудің уақыты келмеске кетті. Бос сөз емес, іс жүзіндегі нақтылық талап етіледі қазір. Егер егін егумен айналысып отырған шаруашылықта жер тегістейтін заманауи лазерлі техника жоқ болса, судың көп бөлігі күріш алқаптарының дұрыс тегістелмеген жерлеріне жұтылады. Содан келіп ысырапшылдық басталады.

Судың да сұрауы бар. Бұл да бұрынғылардан қалған сөз. Не нәрсенің де сұрауы болады. Сұрауы болмаған нәрсе түбінде жоғалады. Су – тіршілік көзі. Егер Сырдария табаны құрғаса, сол аймақ түгел шөлге айналмақ. Ал бұл – Сырдың жағасын жайлаған халық үшін өте қорқынышты болжам. Өйткені біздің елдің тіршілігіне нәр беріп, тұла-бойына қан жүгіртіп тұрған осы Сырдария өзені. Бұрындары көктемде тасып, жан-жағына жайылып жататын Сырдың суы қазір тобықтан да төмен. Жылдағыдай жағалауында жайқалған жасыл құрақтар да жоқ. Ыспақұмының ылғалы кеуіп, қуқыл тартып кеткен.

Қуат АХЕТОВ


18 мамыр 2021 ж. 778 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 767

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930